Өлеңдер ✍️

  07.07.2021
  132


Автор: Күләш Ахметова

Орал кеші

Сылдыр-сылдыр сырғалары
Жас ағаштар ырғалады.
Мөлдіреген көздеріңнен
Жүрегімде жыр қалады.
Көрсем деп ем көптен, осы
Қандай сұлу Орал кеші.
Еркелеші, кетпе деші,
«Қайтып тағы орал» деші.
Сырын нәзік шертер емен,
Сұранады көркем өлең.
Ақ сезіммен қараймын мен
Ақжайыққа еркелеген.
Желбірейді орамалым,
Қалар едім, жоқ амалым...
Жолым түссе, сағынышпен
Оралға әлі ораламын.
Гүл мұңаяр, жел басылып,
Өтер уақыт алға асығып,
Қайындарың күтсін мені
Күні-түні жолға шығып.
Өздерінше арманда әркім,
Ойланамын бір уақ.
Маған ғашық болғандардың
Әйелдері сұлу-ақ.
О, сұлулар, өздеріңе
Қарыздармын мен аман.
Тұнжыраған көздеріңе
Бір рахат қараған.
Өздеріңді асқақ ұстай
ЬІрғалған ақ гүлсіңдер.
Көрінбейтін бастауыштай
Өлеңімде жүрсіңдер.
Сезім бар ма мәңгілік дер,
Санамаңдар уақытты.
Мені сүйген сол жігіттер
Болса екен сәл бақытты.
Қызғанбаңдар мүлде менен
Басқа — менің ғашығым.
Оларға мен үндемегем,
Қарамағам жасырын.
Махаббаттың болмақ емес
Басы, ортасы, аяғы да.
Бәлкім, түк те болған емес,
Бәлкім, болған баяғыда-а!
Несіне өмір сүреміз —
Ұлы сезімді көтере алмасақ биікке,
Ілесе алмасақ — уақыт атты киікке.
Жабырқағанда жарқын сәулесін таппасақ
Қажеті қанша сүйіп те.
Несіне өмір сүреміз —
Адамдық емес, айланың сөзін алға сап,
Бір-бірімізді алдасақ.
Қиындық түссе, тығылсақ куыс-қуысқа,
Жанатын кезде — жанбасақ?
Несіне өмір сүреміз —
Оянбай ерте оянған әнші бұлбұлмен.
Сүймесек танды — алақанында күн күлген.
Сыйлай алмасақ, бірге жүргенде достарды,
Алдағы күнді кім білген...
Несіне өмір сүреміз —
Қоғамның қамын ойламай,
Ойламай жүрсек, толғандырады той қалай,
Заманның әрбір лебіне тағдыр адамды
Самарқау етіп қоймағай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу