Өлеңдер ✍️

  06.07.2021
  219


Автор: Күләш Ахметова

Келісімдер

Қызығына Күн ие
Таза еді неткен таңдағы ән?
Күрделі, дархан дүние,
Нәзіктігіңе таңданам.
Бозторғай сазы — толы арман,
Болар ма онсыз таңда мән?
Сұлу боп сонша жаралған
Тіршілікке таңданам.
Кеудесі — көркем көк орман,
Бақытым, бағым — паң далам.
Осынша жомарт бола алған
Табиғатқа да таңданам.
Табиғат жомарт әрі ізгі,
Азыңа қалай алданам?
Өлеңнің жолы тәрізді
Келісімдерге таңданам.
Келісім табам әр күннен,
Көңілім түрлі күйге алаң,
Тек кейде адамдардың мен
Келіспейтініне қиналам.
* * *
Таппай қойды тағатым тыншу әлі
Тұтанбады-ау шабыттық бір шырағы.
Ұзамашы, құйылшы, кеудеме кеп,
Айналайын көктемнің күн шуағы.
Сағынтты ғой құстар да у-шу әнін,
Жара алмады жас шыбық бүршік әлі.
Жас тамсыншы қар жапқан қайыңдардан
Жақындашы, көктемнің нұр шуағы!
Шағаласын ұшырып шабыттың ақ
Сағынышымды жатырсың жарып құлап.
Ақ толқын боп жанымды шайып өтші
Таза аспаннан төгілген жарық шуақ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу