06.07.2021
  147


Автор: Нұрхалық Абдырақын

Сақшы халықтың ең жақын жанашыры болу керек!

Егемендік алғаннан бері «алдымен экономика» - деген Елбасымыз «аш жүріп театр көруге болмайтынды» барша халқына ескертіп, елдің әл-ауқатын көтерудің қамында ел аралап, су кешті, қанша алпауыт елдерден қаржы тартты, ел іші-сыртқы саясатын ретке келтірді, үшан теңіз тірліктер жасап, қазақ елін бүгінгі күнге жетуіне тікелей себепкер болды. Біз Елбасын барынша құрметтеуге хақылымыз.


 


Ұлт көшбасшысы жыл сайын халқына дәстүрлі жолдауын жариялап, елдің материалдық және рухани жағдайын жақсартудың  жолында ершімді еңбек етіп жатқаны барша әлемге аян.


 


Биылғы 5 қазандағы жолдау шынымен де бұрынғыдан өзгеше болды. Бұл жолғы жолдаудың үшінші бөлімінде: «Құқық қорғау органдарының  жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет деді.  Қоғам құқық қорғау органдарының, ең алдымен, полиция жұмысының түбегейлі жақсаруын күтіп отыр. Үкімет Президент әкімшілігімен бірлесіп, «ішкі істер органдарының жаңғырту  жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырды. Онда ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, өзіне тиесілі емес функциялардан арылту туралы айтылды. Елбасы өз жолдауында: халықтың санасында полицейлер жазалауыш емес, керісінше қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнату керек деді.  Жолдаудың VI бөлімінде әр бір қазақстандық еліміздегі өзгерістермен үдерістерге атсалысуы, жасалып жатқан реформалардың мәнін және олардың отанымыздың өркендеу жолындағы маңызын жете түсінуі тиіс, - деді». Біздер бүкіл қоғам болып атсалысуға міндеттіміз.


 


Сақшы халықтың ең жақын жанашыры болу керек! Әу бастағы заң қызметкері қалай пайда болды? Қытайдың атақты ойшылы Хан-Фейцзы (б.з.б 280-233) бірімен бірі жауласып, дауласып, қырқысып жатқан елінің кейпіне қарап, қоғамды заңмен басқаруды алғаш рет ортаға қойды, ол кез қытайда жауласқан бектіктер дәуірі болатын, қытайлар өз ішінде  біріне-бірі әлімжеттілік көрсетіп, қырқысып жатқан заман. Сондықтан да қоғам тәртібін реттеп, бұзақы бұзғыншылардан сақтану, алсіздерді әлділерден қорғау, қара халықтың мүддесін жоқтау мақсатында халықтың нағыз досы, жанашыры ретінде пайда болған. Міне Елбасы осы түйінге өз жолдауында тоқталды. Демек, халық та, Елбасы да біздегі сақшыларға көңілі толмайды. Толса, реформа жаса демес еді.


 


Қазақстан  Республикасы, қылмыс фактілерінің тіркелуі жағынан  адам санының аздығына қарамастан, суицид бойынша әлемде 5 - орын алады;                 Біз әлемдегі полициясы ең көп алдыңғы ондыққа кіреміз, соған қарамастан неге бізде қылмыс көп?  Ата-бабамыздың тарихында біз ұялатындай ештеңе жоқ бола тұра, неге осынша азып-тоздық? Себептері қайда?


 


Қоғам адамнан құралады, әр бір адам өзі ісіне жауапты болып, өзінің ішкі әлемімен үнемі сөйлесіп, (жақсы жақта сөйлесіп), ішкі мәдениетін күшейтіп, елдік сана, азаматтық қоғам деп күн кешсе, шіркін, әзірге бұл арман. Әрине, барлық қоғамға олай топырақ шашуға болмайды, жақсылар болған соң, еліміз жарқырап тұрғаны да солардың еңбегімен байланысты екені даусыз, біздің сөз етіп отырғанымыз, сол шеңбердің сыртындағы қисықтар хақында.


 


Адамның жан-дүниесін, арман-мұратын сыртынан қарап, ішіне үңіле білетін психология ғылымы,  сақшы, сот, прокурор, адвокат қатарлы заң қызметкерлеріне өте керек. Олар ар ілімімен суарылған, ұжданы мықты, ұят-намыс, обал-сауапты білетін, Алладан қорқатын, басшыға бағынатын, өз ісіне жетік, кемел адамдар болуға міндетті.  Сонымен бірге сақшылар еліміздегі әр  ұлттың салт-санасын білуі шарт. Этикет сақтау, сабырлы болу, арақ ішпеу, темекі шекпеу т.с.с, халықтың идеалына айналуы керек. Себебі олар елді тәртіпке шақыру үшін өздерінен бастау керек және елге үлгі болуы шарт.


 


Бізде адам өлтірген қылмыстылардың өз деңгейінде жазаланбауы, заңымыздың солқылдақтығы және заң атқарушының арсыздығынан тауық ұрлағанның немесе бір телефон шалып жалған ақпарат бергеннің кесілген жылы, кісі өлтіргеннен көп болуы еріксіз жаға ұстатады. ҚР қылмыстық кодексін қарасаңыз, қылмыс жасаған адамға шектен тыс мүмкіндіктер мен жеңілдіктер берілген. Сонымен  бірге, оған үкімет тегін заңдық қорғаушы береді. Ал жәбірленушіге  тегін заңдық қорғаушы бермейді, (өз ақшасына жалдайды). Жәбірленуші жақ өлім жөнелту сияқты басқа да шаруалармен есі ауып жатқанда, ҚР қылмыстық іс-жүргізу кодексінің 68, 69, 70, 71, 72, 73, 74 баптары бойынша айыпталушы мен оның қорғаушысы қай кезде, қанша рет, қанша уақыт кездесуіне және күдіктінің үй ішімен кездесуіне, телефон соғуына жол ашық, сонымен бірге күдікті жауап  беруден бас тарту, жауабын өзгерту құқығы бар.  Заң олардың өтірікке мықтап дайындалуына,  қылмыстан жалтаруына орай беріп қойған. Ал жәбірленуші жауап бермесе жауапкершілікке тартылады деп көрсеткен. Сонда заңымыз қалай жазылғанына таңданбай тұра алмайсың. Адам өлтірді ме, мойындады ма, енді не керек созбақтап, қатал түрде жылын кесу шарт.  Бізде сақшы 200 бет қағаз жазып, 20 рет сот өткізіп, әбден мазаңды алады.


 


Ал соттар тек қылмысты жеңілдететін фактілерді іздеп отырады, ал ауырлататын жағдайды мүлде тыңдамайды, факт жеткіліксіз деумен шектеледі, бұның себебін айтпасақ та түсінікті. Қылмыстының мойнына аз болмаған соманы төлейді деп іліп қояды, ал оның туысы, күдікті ретінде қолға түскенде-ақ, оның басындағы мал-мүлікті дереу өз басына, не басқаға аударып ала қояды, солай түрмеде отырған жауыз адам еңбекпен қамтылады, оның жалақысынан бес жүз теңге, мың теңге жәбірленушіге жіберіп қояды, ал оның басындағы қарыз бірнеше миллион. Сот орындаушы түкте істей алмайды. Үкім аяқсыз қалады.  Бұл жәбірленуші жақтың ашу-ызасын тудырып,  халықтың Отанға деген махаббатын жоғалтады. Сонымен қатар  болашақ қылмыстыларды заңнан қорықпастан қылмыс жасауға итермелейді. Жауыздыққа  жол беріп,  жауыздықты жақтағаны үшін бүкіл халық құқық қорғаушы органдар мен соттарға сенуден қалды.


 


Ал  мына қытай елі ауыр қылмыстыларды, қылмыс жасаған жердегі аудан орталығына апарып, сол жердегі орталық алаңына бүкіл халықты, мектеп оқушысы, университет студенттерін жинап, оның қылмысын бүге-шігесіне дейін оқып беріп,  сосын елсіз жерге апарып атады,  осылай «бірге жаза, мыңға тәрбие беру» ұстанымын ұстанады, барлық ел заңды құрметтейді және қорқады. Біз болсақ қоғамға түк пайдасы жоқ қылмыстыны өлімге қимай,  барлық қоғам, құқық қорғаушы органдар, бәрі жанын салып оның қылмысын жеңілдетеміз. Қаншама қоғамға пайдалы адамдарды қылмыстылардың қолымен өлтіріп отырмыз!


 


Елбасы өз жолдауында: «Полиция кадрларын академия арқылы даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту керек, - деді». Сақшылар халықпен жұмыс жасайтын негізгі көпір болғандықтан, оларға барлық нәрседен сауатты болуы тиіс. Заманға сай ең маңыздысынан бастап білу шарт, сақшыларға дін, саясат, әлем жағдайынан курстар ұйымдастырып, лекциялар оқылып тұрса, демек, өз ісінен шашау шығармайтын, майдан қылшық суыратын шебер болуы – ең басты сақшының эмблемесіне айналуы керек. Мысалға, алаяқтың құрығына ілініп, баспанасынан айырылып бара жатқан бір үйлі жанның жағдайын, сотта, полицияда біліп отыр, бірақ алаяқ бұл жағдайға алдын ала дайындалған, заңдық өткелдерден еш сүрінбейтіндей жолдар тауып алған, адвокаты мықты,  бұндайда құқық қорғау кадрлары не істейді? Әрине, жол тауып, халықтың жағында болуы керек. Керек болса, заңға өзгерістер енгізуді талап етуі тиіс.


 


Кісі өлтірген жауыз кунәсін толық мойындайды, бірақ қылмысын жеңілдетудің жолдарын барынша қарастырады, ол үшін бәрін қолдан жасайды,  оның жанашыры ақшаны еш аямайды, өтірік мінездемелер, жалған куәгерлер, бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кісесін білдірмей алатын жылпос та, заңға жүйрік қорғаушы таңдайды, бірақ соттың іші біліп отыр, халық тіптен біледі, куәгер болсам өзіме ертең бір бәлесі тиеме деп қорқады, ең азы полицияның алдына өзі аяғымен неше мәрте бару керек, сақшылар алғашқы майданнан соң, кәбинетінде отырып, тек қағаз жинайды, жазады, куәгердің алдына баратын сақшы бізде жоқ. Жәбірленушінің туысы қолында еш заңдық құқығы жоқ адам, ол куәгердің алдына барса, көзімен көрген адамның өзі ертеңін ойлап, айтудан қорқады, «көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөз»-деген қағиданы мықтап ұстанып, ат тондарын ала қашады, айтқан күнде әбден мазасын қашыратын сақшылар мен соттар оның күнделікті жұмысын тоқтатып, алдына қайта-қайта шақырады, сот барысында қатысуға міндетті болады(ашыққа шығып қалады), сосын да оның қашпасына әбдісі жоқ. Шетелдерде полиция өзі куәгерді іздейді, ешкімнен көлігіме жанар май құй, тамағыма ақша бер деп сұрамайды, қанша рет керек болса да өзі барады, жіп үшін беріп отырған адамның құпиялығын сақтайды, ертеңгі күдігінен сейілтеді, қылмыс толық ашылғанша, осылай куәгермен жасырын және жақсы жұмыс істейді, керек болса оған сыйақы береді. Негізі бір жамандық жасалып жатқанда оны көре тура тоқтатпау және оған куәгер болмау – өте үлкен күнә, оның мойнына сол күнә толығымен жазылады, ешкім айтпаса, ол аумаққа сол жамандықтың зияны тиеді. Жәбірленуші байқұс не істейді, өзі қан жұтып жүрсе, ешкімнен жылы сөз естімесе, қайдан ол сотта жеткілікті дәлел таба алады. 


 


Ендігі бір себеп, бүгінгі таңдағы адамдар жанынан безіп ақша, ақша және ақша деп ақшалыларға табына бастауы. Адам бойында ақшаға сатылмайтын ештеңе қалған жоқ деп қарауда, адамдар ақшаның құлы болды, ақша – адамды өзі үшін шексіз азапқа салды, ақшалыларды халық батыр деуге әбден болады деп зарлағандар шықты. Міне, бұл барлық қоғамды шарпып тұрған – от, бұл от құқық қорғаушыларды айналып өткен жоқ.


 


Қазақ қазаққа жігер бергеннің орнына,  керісінше, қазақ қазаққа қоқанданып басқаларға шоқына қалатыны қалай? Өз қас – дүшпандармызға дос бола қалатынымыз қалай? Кісіге ақыл айтқанда алдымызға жан салмай, кісі ақылын тыңдамайтынымыз қалай? Өз елінде өгей баланың күйін кешкен қазаққа жаны ауырған жанашыр, көреген Елбасы  осы жолдауында сақшы қызметіне текке тоқталған жоқ.


 


Ел арасына құқық қорғаушылардан сақта деген тәмсіл бар. Сақшылар ауруханада ауыр жағдайда жатқан адамды не оның туыстарын мазалап , қағаз толтырып қинамай, жан тапсырған адамды мәйітханаға ала жөнелмей, керісінше, жаны жаралыға жанашыр болып, көңілін ауыртпай, жылы сөйлеп, әр адамның жүрегіне жақын болып, іс істесе, кім сақшыны жек көрер еді, мейлі ол қандай ұлт болсада, кім болсада әділдіктен таймай, ақты-ақ, қараны-қара дей алса, ақшаға сатылмаса, негізі сақшы  қара халықты менсінбейтін, баса билеуші емес, керісінше нағыз халық жанашырына айналуы керек. Қоғам соны талап етеді, Елбасы соны талап етті, сосын да биылғы жолдау халықтың көкейіндегісін дөп басқан тамаша жолдау болды. Елбасы жолдауын қолдау – біздің міндет.


 


.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу