05.07.2021
  136


Автор: Олжабай Сабырбек

СОЛ БІР ҚЫСҚЫ КЕШ

Бау ішіндегі бұл екеуін бақылап отырғанына бүгін бесінші күн. «Шіркіндер не айта береді екен?» деп ойлады Әлия.
       Есіне Серік түсті. Сырлары сарқылмайтын, армандары таусылмайтын тәтті түндерді ойлағанда жүрегі шымырлап кетті. Олар да осылай бау ішінде қол ұстасып ұзақ-ұзақ серуендеуші еді. Алдағы күндер сыйлайтын бақытты олар ақ таңнан сарыла бірге тосты.
       Алайда бақыт құсы ойда-жоқта алақандарынан пыр етіп ұшып кетті. Әлия автокөлік апатына ұшырады. Ауруханада ұзақ емделді. Үйіне мүгедектерге арналған қоларбамен оралды. «Жұлыны жараланған» депті дәрігерлер. Екі аяқта да жан жоқ. «Уақыт өте бәрі қалпына келеді, дене шынықтырумен үзбей айналыссын» деп хирургтер алдаусыратқанымен, ертеңгі күнінің не боларын білмейді бойжеткен. Басында бәрінен де баз кешкен. Бірте-бірте мүгедектерге арналған жылжымалы орындыққа - қоларбаға да көндікті. Кітап оқиды. Өлеңдер жазады. Есік қоңырауы соғылса, келіп қалған Серік пе деп елеңдейді. Ол да алғашқында күн құрғатпай келіп тұрушы еді, бірте-бірте «сабағым, ана жұмысым, мына жұмысым» деп келуді сирексітті.
       Олардың үйі орталық саябақтың дәл іргесінде. Терезелері сол саябаққа қараған. Әлияның терезе алдына келіп сыртқы дүниемен байланыс жасағысы келгенде көретіні - саябақ ішіндегі орындықта отыратын осы жұп. Күн сайын келеді.
       Биыл қаланың қысы ерекше болды. Екі ай бойы түтеген ақ боран соғып тұр. Саябақ ішіндегі ағаштар мына суықты көтере алмағандай жалаңаш бұтақтарын салбыратып, дір-дір етеді. Кейде екілене соққан үскірік боран жалаңаш бұтақтарды аяусыз ұрғылайды. Мұндайда Әлияға дәрменсіз бұтақтар жылап жатқандай болады.
       Саябақ іші үрінді қар. Әрі-бері өткендер ирелеңдеген жалғызаяқ жол салып тастайды. Әрі-бері өткен шұбырынды жұрт жалғызаяқ жолмен бүрсеңдеп кетіп бара жатады. Сықыр-сықыр, кірт-кірт. «Өмір жалғаса береді, тірі адамның тіршілігі таусылмайды» деп ойлайды бозқырау шалған терезенің күн нұры тиіп сәл ғана ерітіп, ойық жасаған саңылауынан сыртқа телмірген Әлия.
       Айнала аппақ дүние. Ағаштардың өне бойына ақ қырау қонақтап алған. Иықтан басқан зілмауыр сырма көңілді жастардың алаңсыз күлкілері ғана серпілтетіндей. Ал, кеш түсе байыған күннің бозамық тартқан ақ жолақ сызаты ғана қалады. Бозқыраулы әйнек алдындағы бойжеткеннің талмауыр көзіне үміт отын жағатын саябақ ішіндегі самсаған электр жарықтары ғана.
       «Боранды күні бала мен ит құтырады». Осы сөздің рас екеніне Әлияның көзі енді жеткендей. Бір тарғыл төбет соңына бес-алты ит ілестіреді де жүреді. Қар үстінде бірін бірі тістелеп, алысып-жұлысып күні бойы асыр салады. Ана бір ілмиген қара қаншық та үйірден қалмайды. Көбінесе серіктестерінен кебірек зәбір көрсе де үйірден бөлініп кеткен емес. Қасат қардың үстінде қара қаншық та аунап жатады. Содан соң олар осы шұбырған күйі әлдеқайда жоғалып кетеді. Сірә, ашыққан қарындарына жұбаныш болар талжағу бірдеңе іздеп кететін болар.
       «Менен гөрі бұлар да бақытты. Барамын деген жерлеріне барады. Күні бойы қасат қар үстінде өз үйірімен асыр салады. Ал, мен...» деп мұңаяды Әлия. Мұндайда жанарына ащы жас тамшылары ұялады. Әжесіне білдірмейін деп жанарындағы тамшы жасты сығып тастап, бетін көлегелейді.
       Түнімен саябақтағы жалаңаш бұтақтарды аяусыз сабалаған долы жел таңертең бір-ақ демін тартты. Күртік қарды жел суырып, жалғызаяқ жолдың үстін аршып кетіпті. Бірақ, бет қаратпайтын ақтүнек боран жол жиектеріндегі бағаналардың «аяқтарына» абажадай байпақ кигізіпті. Бағана бастарындағы шамдар түнімен шайқатылып, енді ғана тыным алыпты. Сұмдық суық саябақта әзірше қыбырлаған пенде жоқ. Күнде таңертең жалғызаяқ жолмен жүгіретін екі-үш шал бүгін көрінбейді. Тегі, белдерін уқалатып пеш түбінен ұзай алмай қалған шығар-ау. Мынадай шыңылтыр аязды күні таңертеңнен көшеге шығып, жүгіретіндей далаға тастай алмай жүрген жандары жоқ болар-ау. Түнімен тентек желдің тегеуіріне төтеп берген саябақ меңіреу күй кешіп жатыр. Адамдар басқа жолмен кеткен бе, әзірге саябақ ішіндегі сүрлеумен келе жатқан ешкім көрінбейді.
       Кенет... Әлияның құлағына қасат қарды сықыр-сықыр еткізіп басып келе жатқан әлдекімдердің дауысы естігендей болды. Ол қоларбасын қозғап терезе жақтауына жақындады. Солар! Қол ұстасқан бойы өздері күн сайын отыратын орындыққа келіп жайғасты. Бойжеткен жігіттің алдына отырды. Бірін-бірі жылдап көрмеген жандардай ұзақ аймаласты. Қыз жігіт мойнына білегін артты. Шалқая түсіп күліп, әлденелерді айтып жатыр. Айнала таңертеңгі аяз құрсауында. Сонда да бойжеткен мен бозбала суықты елейтін емес. Қар жамылған саябақтың адам аяғы бүгінге тимеген бір қалтарысында оңаша отырса да әлдекім бұлардың екеуара әңгімесіне құлақ түретіндей ғашықтар сыбырласып сөйлеседі. Көбіне әңгіме айтатын ерке қыз. Ол жігітінің құлағына бірдеңелерді ұзақырақ сыбырлайды да, екеуі бір-бірлерінің қолдарын ұстасқан күйі шалқаяқтап шаттыққа шомылады.
       Жігіт орындыққа отырды. Қыздың қолынан ұстап, тізесіне отырғызғысы келіп еді, бойжеткен тартыншақтады. Ол айналасына ұрлана қарап алып барып, жігітінің алдына жайғасты. Әңгімелері және жалғасты. Айдындағы аққудай жарасқан жұп біріне бірі еркеледі, шаштарын сипасты, мұрындарын мұрындарына түйістіріп сүйкелесті. Жанарлары түйісіп, біріне-бірі елжірей ұзақ-ұзақ қарасты. Сосын жігіт сәл ғана еңкейіп, сүйгенінің шиедей ерніне жармасты. Айқасқан құшақтар көпке дейін ажыраған жоқ.
       – Терезеден сыртқа сонша телміретіндей далада не қызық болып жатыр? – деді әжесі.
       – ТҮК те жоқ, әже. Қарды қызықтап отырмын.
       – Тәйірі, қар да қызық болып па екен?! Одан да тамағыңды ішсеңші, қызым-ау.
       – Әжетайым сол! Қазір.
       Бірақ Әлия терезе алдынан кете алған жоқ. Тамаққа бұрылса тыстағы екеу өзіне өкпелеп, тұрып кететіндей көрінді.
       «Басқа біреулердің махаббаты маған не үшін керек? Өз махаббатымды ұрлатып, тұлыпқа иіген сиырдай сонша сүзілгенім не?» деп шамырқанды бойжеткен.
       Тұла бойы тітіркеніп кеткендей болды. Жылы үйде отырып, өзінен-өзі қалшылдап тоңды. Әлияның тұнжыр көздерінен жас тамшылады.
       Онда да осындай қыс айы еді. Бірақ, биылғыдай үскірігі, құлақ шымшып ойнайтын аязы жоқ-ты. Дегенмен, қыстың аты қыс. Олар тымық түнде қол ұстасып саябақ ішінде армансыз аралады. Екеуінің бал-шырын сәттерін үзіп алмайын дегендей айналада тәкаппар тыныштық орнаған.
       Сол түні жапалақтап қар жауды. Әлия ұлпа қарға қолын тосып, алақанына қондырды. Табиғат неткен ғажап! Түрлі өрнектегі қар бойжеткен алақанында еріп, тамшы суға айналады. Серік те қарға алақанын тосты.
       – Қолыңа қар қондырма, – деді Әлия еркелеп.
       – Неге?
       – Өйткені, сан алуан өрнекті қар алақанда еріп кетеді екен. Ол өз өрнегімен өз тағдырластарымен табыссын. Су болып белгісіз нүктеге сіңіп кеткенше, төңірекке әсемдік сыйлап, сан миллиондаған өрнекті сұлулықтың арасында болғаны жақсы емес пе? – деп Әлия жігіт иығына басын сүйеді.
       – Қар бәрібір көктемде еріп кетеді емес пе?
       – Иә, мезгіл жеткенде барлығы да жоғалады.
       Әлия «бұл сөзді неге айттым екен?» деп ойланып қалды. «Уақыт – зымыран бір орында тұрушы ма еді. Ертең біз де қартаямыз. Бүгінгі мына тылсым да тұңғиық тамаша түн де қайтып келмейді. Бәрі де өткінші-ау» деген қай-қайдағы бір ой келді бойжеткенге. Сол-ақ екен тұңжырап сала берді.
       – Әлия! Әлия деймін. Неге көңілсіз келесің?
       – Жәй, әншейін.
       – Адам жайдан жай тұнжырай ма екен? Әлде жаңағы сөзіме өкпелеп қалдың ба?
       – Жоқ, Серік, өкпелегенім жоқ.
       – Ендеше, неге біртүрлі бұртиып келесің?
       – Ойыма бірнәрселер түсіп...
       – Ол не?
       – Мына қардың көктемде еріп, жоғалатынын ойлап келемін.
       – Ту-у, сол-ақ па, жаным! Адам соған да бола тұнжырай ма екен? Бұл – табиғаттың заңы ғой.
       Серік Әлияның иығынан құшақтап, өзіне қаратты. Жанарлары түйісіп қалды. Әлия күліп жіберді.
       Екеуі кафеден шығып келе жатқанда Әлия тағы да қар жөнінде ойланды.
       – Әппақ қардың ғұмыры неге сонша қысқа болады екен? Адамдардың да өмірі мен қуанышы өте шолақ қой. Өтеді де кетеді. Неткен аянышты, – деді Әлия Серікке қарап.
       – Сен неге бүгін осындай қайдағы бір қапас ойлардың құрсауында қамалып қалдың? Серпілсеңші бір.
       – Кешір, Серік! Ойыма қаңғыған ой қайдан келгенін білмеймін. Жарайды, басқа тақырыпқа көшелік.
       – Міне, бұл табылған ақыл.
       Олар үйге жеткенде таңғы аяз аздап қысып тұрды. Айнала аппақ еді. Аспанда ай болмаса да төңірек сүт сәулеге малынып тұр. Шам жарығымен шағылысқан ақша қар жарқыл шашатындай. Жасыл шыршалар тәкаппар кеудесін тік ұстап, «мезгіл ырқына бағынбаймын» деп тұрғандай.
       – Серік, мына шыршаны қарашы, – деді Әлия.
       Жігіт қалыңдығының не айтпақ болғанын бірден ұқты.
       – Біздің махаббатымыз осы шыршадай мәңгілік болады, – деді Серік. Бойжеткен жігіт құшағына құлап, оттай ыстық ернін еріксіз тоса берді.
       Есікті әжесі ашты. Қашан да тілеуін тілеп, жолын тосып отыратын алтын әжесі ғой ол.
       – Таңертең сабағыңа тұрмайсың ғой енді, – деді бар айтқаны. «Қайда жүрсің? Неге кешігесің» деген жоқ.
       Әлия әжесінің бетінен сүйді де өзінің бөлмесіне кіріп кетті. Терезе пердесін сәл сыпырып сығалап еді, Серік әлі кете алмай тұр екен.
       – Сөйткен Серік те суынды-ау, – деп қапалана ойлады Әлия.
       Әжесінен ішкі сырын жасырмақ болып, қоларбасын қозғалтты. Алдындағы кітап парақтары суланып қалыпты.
       Қөз байлана бастады. Қарлы құйын шатырды сабалап, шыршаларды сілкіледі. Көтеріліп келе жатқан кешкі сыңсыған суық жел бой тітіркендіріп, көңіл құлазытады. Кешкі саябақтың сандаған шамдары самаладай жарқырағанымен, сәулесі сезімді серпілтпей-ақ қойды. Әрі-бері жүргіншілер аяғы да саябырсыды. Бірақ қыз бен жігіт әлі тапжылмай отыр.
       – Қызым-ау, шай ішсеңші, – деді әжесі.
       Әлия бірер пиала шай ішті де қайтадан терезе алдына келді.
       Саңылаудан сығалап еді, таныс та бейтаныс қыз бен жігіт бір-біріне қар шашып ойнап жүр екен.
       Әлия енді қыс маусымын керемет жақсы көріп кетті. «Көктем шықпай-ақ қойса екен» деп тіледі іштей. «Кіршіксіз қуанышын сыйласа мына әппақ әлемнің де базарлы бағы көп екен-ау» деген ой санасын селт еткізгенде есікке қарай қалай қозғалғанын өзі де сезген жоқ.
       – Әже, мені далаға шығаршы. Қысқы кешті көргім келеді, – деп ағыл-тегіл жылады...

 





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу