05.07.2021
  259


Автор: Олжабай Сабырбек

ӨТКЕН ҒАСЫРДАН КЕЛГЕН АДАМ (Бүгінгі сатира)

Біз қанағат дегенді ұмыттық.. Қайран қазыналы қарттарымыздың «қанағат қарын тойдырар» деген мынауский мақалын мұрағатқа өткізіп жібердік-ау, сірә. Әйтпесе, айнала толы толағай табыс емес пе? Экономикалық-әлеуметтік салада қаншама өрлеулер болып жатыр. Сонда да «бізде түк жоқ» деп ауызды құрғақ шөппен сүртуден шошынбаймыз. Осы күнi жұрттың барлығы бюрократ болып кеткен. Түкті де көрмейді. Соқыр. «Көрмес түйені де көрмес» деген сөз соларға қарата айтылғанына өз басым шүбә келтірмеймін. Әйтпесе, қадам басқан сайын алдыңнан шығатын базарларға барып неге көрмейді. Қытайдың дейсіз бе, қырғыздың дейсіз бе, бір киер киімдері тау болып үйіліп жатыр емес пе? Бірақ олардың арасында қазақтың қазығы да жоқ. Біз өзі өзгеге дегенде өзегімізді суырып беретін кеңпейіл халықпыз ғой. Пожалыста, көршілердің талғамына татитын киімдерін сатып ал да киіп жүр. Кім сенің қолыңнан қағыпты?
Паласбек пақыр өлдім-талдым дегенде үш-төрт ай кешіктіріліп берілген айлық еңбекақысын алды. Қызылшұнақтарды белінен қайыстырып бүктеп, шалбарының қалтасына сүңгітті.
— «Айлығы жоқ, шайлығы жоқ жұмысыңның аузына бірдеңе қылайын. Одан да базарға барып арба айда» дей беруші еді. Жыныма тие бергеніңді көрейін. Бүгін ұры тазыдай жылмаңдап жаныма өзің келіп жатарсың. Қалтамдағы бір уыс теңге сені терлетпей тұра алмас, — деп өзінше қулық ойлап қойды.
Содан салып ұрып үйіне келсе, Сағымгүлі шаңын шығарып аула сыпырып жүр. Сірә, мұның табысты келетінін бал ашып білген болар. Білген болар да миығынан күлген болар. «Байым жұмыстан болдырып келгенде үй таза тұрсын» деген пәлсапаны басына ілген болар. Әйтеуір Паласбек мұны жақсылыққа жорыды.
— Бәйбіше, байың келді. Тамағың дайын ба? — деп әншейінде істемегенін жасап, келіншегінің бүйрегінен түртіп өтті.
— Көтек, бұған бүгін бірнәрсенің салқыны тиген бе? О, несі-ей, тапа-тал түсте мені түрткілеп? Әлде бүгін еркектігі есіне түсті ме екен? Сорлы! Жетісіпсің! — деп ерінін бұлтитты.
— Сен бүйтіп бұлтима. Үйге кіріп қалтамды қарасаң ерніңді ғана емес, еркіңді де берерсің. Жүр үйге, --деп келіншегінің қолтығынан демеді.
Бір бума теңгені көргенде Сағымкүлдің сығырайған көздері шырадай жанды. Лезде есінен танды.
— Бұны енді не істейміз? — деді сосын алқынып тұрып.
— Не істегені қалай? Базарлаймыз. Саған, балаларға киім аламыз, — деді Паласбек паңданып.
Әрине, теңге тауып келгеннің мерейі үстем. Бұл күні Сағымкүл байына шайды баптап берді.
Сәтін салғанда ертесіне жексенбі еді. Екі ғашық қол ұстасып базарға келді. Олар онсыз да фирмалық дүкендерге бас сұқпайтын. Бар дүниесін базардан алушы еді.
«Қарап тұрсаң, базарға әркім барар» деп данышпан Абай текке айтпаған екен-ау. Ығы-жығы адам. Қысылып-қымтырылып жүріп ерлі-зайыпты екеуі жылтырағанның біразын алып, сөмкелеріне сүңгітті.
Япыр-ай, бұрын түк білмей топас болып келген екенбіз-ау. Қазіргі жұрт қай-қайдағыны жердің шетінен болса да тауып келеді. Мына жерде келілеп сататын киімдер толып тұр. Ана жерде бұрын ұсталған ойыншықтар қап-қабымен жатыр.
—Жұмыста киіп тастармын, — деп Паласбек келілеп сатылатын киімдерден де бірсыпырасын сатып алды.
— Иә, жұмысқа жарай береді ғой, — деп Сағымкүл оған жылы аяқ киім де әперді.
Өңі қаша бастаса да жыртық-жамауы жоқ жап-жаңа бәтеңке. Қазақ мұндай шетелдік бәтеңкені қашан киіп еді? Кеңес үкіметі кезінде ғой, шетелдік киімдерді бастықтар ғана иығына іле алушы еді. Қазір ғой теңестік. Қаржы тап та ала бер.
Балаларға да біраз дүниелер алып, екеуі базардан шаттанып қайтты. Дұрыс таңдау жасай алғандарына мақтанып қайтты.
... Арада көп ұзамай Паласбектің ыңқыл-сыңқылы көбейді.Ыстығы көтеріліп, денесін белгісіз жара қаптады. Паласбек салып ұрып тері-венерологиялық диспансерінің дәрігеріне келді.
— Мынау не?
— Жара!
— Жара екенін өзім де білемін. Бұл маған қайдан шығып жүр? Жаман қыздарға үйірсектігім жоқ. Жеңгеңнен өзгені жаныма жуытқан емеспін. Сонда бұл бүкіл денемді емін-еркін жаулап, қаптаған не қылған қаңғыған жара? — деп Паласбек дәрігерді жаналқымнан алды.
Науқастың сауалы таусылған соң тізгінді дәрігер қолына алды.
—Ананы жедің бе?
—Жоқ..
—Мынаны жедің бе?
—Жоқ.
—Түннен қалған тамақты жылытып жеген бе едің?
—Жемеген тәріздімін.
—«Бөтен төсекке жатпадым» дейсің. Былай кір-лас жерге жатып қалған кезің болды ма?
—Мен өзі тазалықты сүйетін адаммын.
—Тазалықты сүйетін адамға мұншалықты жара шықпайды. Бұ қазақ дегенің ненің жақсы, ненің жаман екенін ұқпайды, — деп дәрігер ауруды әрі айналдырды, бері айналдырды.
Содан соң оған «саңырауқұлақ» деген диагноз қойды. Маманның мәлімдеуінше, мұндай жара бұрын осындай аяқкиім киген адамнан ауысады екен. Оның аяқкиіміне тіпті бір рет аяқ сұққан жан «саңырауқұлақпен» сырқаттанатын көрінеді.
—Қазір шетелдің шірік киім-кешегімен еріп келген кесел көп. Олардың арасында дерматофития, күбірткі, теміреткі, микроскопия, трихофития сияқты аурулар да кездеседі. Сондықтан, шетел киімдерінен сақ болғайсыз, —деді дәрігер тағы да дәрісін жалғастырып.
— Дәрігердікі дұрыс делік. Алайда өзімізде өндіретін өнімді қайдан аламыз? Тіптен, бау-бақшалы мемлекет бола тұра жеміс-жидекті шетелден әкелеміз. Олардың да денсаулыққа зияны көп деседі. Бұл дүние не болып кеткен өзі? — деп Паласбек күйіп-пісті.
Бірақ, базар Паласбек «саңырауқұлақ жарасын» жұқтырды деп саудасын тоқтатпайды. Қайта қыздыра түсер.
—Енді базар бармаспын, —деп Паласбек өзіне-өзі ант ішті.
Әй, біздің қазақ қатындарша айтсақ: «толғақ тез ұмытылатын ауру ғой» деп жүре береді. Толғақ та біраз қинаған соң лезде ұмытылып, әйел байғұс келесі баласына жерік болмаушы ма еді? Қазақтың өзі ешнәрсе өндіре алмаса жарасы жазылған соң базарға бармағанда қайда барады?
Паласбек содан кейін бәйбішесіне пүліштен дамбал тіккізіп киіп алды. Аяғына ешкінің терісінен бәшпай тіккізді. Құтыштың қаңғырып жүрген қасқырды атып алғаны қандай жақсы болған. Терісін илеп, ішік жасатты. Бұтында мақта шалбар.
— «Сұлуынан жылуы» деген. «Саңырауқұлақ» деген сұмырайдан құтылып қалдым, — деп масайрайды бәтшағар.
Оның басынан не өткенін білмейтіндер «өткен ғасырдан келген адам» деп сыртынан сыртынан күліп жүрген көрінеді.
Өз басына түспеген соң адам не демейді. Ал, Паласбек базар десе ұйқысынан шошып оянатын болған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу