Өлеңдер ✍️

  04.07.2021
  88


Автор: Иса Байзақов

Киров каналы

Құлазып құм жамылған, кәрі Бетпақ,
Тауы мұрт, селеу сақал барлығы аппақ,
Жайлау ең тасбақа мен құртқа ғана,
Сарғайған сарыдала ең қойған қақтап.
Көктемде қызғалдағың аз қызарып,
Жел шығып жоқ болатын кетсе дарып.
Қияқ пен сасық тарақ өсімдігің,
Қалушы еді бүршіктерін шала жарып.
Шаңдатып Шыңғыс келіп су таппаған,
Темірге тепсінсе де тіл қатпаған:
Аттанған алыптарын алып қалып,
Қу дала ең күңіреніп күн қақтаған.

II
Күш сынап, көмек күткен шеріңді ұғып,
Шомылтты алтын Сырдың суы шығып.
Кировтың данышпандық командасы,
Жотаңды жөңкерілтіп, кетті тіліп.
Шөліңе қанат қағып құс бармаған,
Тасқындап канал барып жетті саған,
Құлашын аумағына түгел жайып,
Гүлдейді қызыл маржан бидай тыңнан.
Ақ мақта, ақ мәрмәрдай далаңды алып
Бақшалы тас сарайлар жаңа салып,
Мектепті, музыкалы білім күшін
Көр енді кәрі Бетпақ мейірің қанып.
Керуен кезіп жетпеген, нар өтпеген,
Шабыттанып ұшса да құс жетпеген,
Шөліркетіп шөлейтің талай жүз жыл,
Жүруге пайдаға асар жер етпеген.
Белуардан қақ тіліп құлаш ұрып,
Әне барды рельс кесте тігіп,
Советтің желмаясы желден жүйрік,
Асуыңнан аттайды поезд жүріп.

10 апрель, 1941 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу