Өлеңдер ✍️

  04.07.2021
  208


Автор: Жұбан Молдағалиев

Қара балаға

Қара бала, қақың бар,
Қандай кінә тақсаң да,
Самғай алмай ақындар,
Жүрміз кейде ақсаңдап.
Қартаюдың кері ме,
Қанша қарыз бар әлі.
Періштелер, перілер
Жырдан өшіп барады.
Хатыңда бар заңды сын,
Ашық айтып жатырсың.
Менен гөрі қандысың,
Менен гөрі батылсың.
Жоқ, сөкпеймін мұныңды,
Өзімді тек жерлеймін,
Шаттығың мен мұңыңды,
Рас қой, біле бермеймін.
Шамдану да болады
Бірің үшін бәріңе.
Таңдану да болады
Бәрің үшін кәріде.
Өргендер де сендерсің
Туған елдің төрінде.
Өлгендер де сендерсің
Ауғанстан өрінде.
Қасірет боп қалады ол,
Бетімізге басылып.
Ақсары бол, қара бол,
Өлмеңдерші, асылы.
Ақсары бол, қара бол,
Бір ағайын ұлсыңдар,
Ақсары бол, қара бол,
Қолтықтасып тұрсыңдар.
Сендерлік қой бүгінде,
Сендерлік қой ертең де.
Жүріңдерші күлімдеп,
Көзайым боп кердеңдеп.
Қара бала, кешерсің
Білмегенін атаңның.
Достық сені десе елші,
Саған менің батам мың.
Біз бастаған жолменен
Жет заманға ең ғажап.
Бақыттырақ бол менен,
Бол менен де сен қазақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу