Өлеңдер ✍️

  04.07.2021
  169


Автор: Жұбан Молдағалиев

Оралса өткен жылдарым

Оралса десем өткен күн,
Жасару үшін емес тек,
Тұрса да сиқыр көктемі
Махаббат, гүл боп елестеп.
Оралса сол бір жылдарым,
Болар ем қандай, қайтер ем?
Таныр ма еді жан жарым?
Сүңгітер еді қай терім?
Қайтер ем сонда, қайтер ем?
Бүгер ме ем көңіл кермегін?
Мертігіп жатса бәйтерек,
Балтаға лағнат дер ме едім?
Жылайтын жерде күлер ме ем?
Бұрқанар жерде бұғар ма ем?
Қараны ақ деп білер ме ем?
Озбырды пір деп ұғар ма ем?
Қыз жырдың бетін қызартып,
Қияр ма ем кейбір айғайға?
Өлгенім бұдан жүз артық
Дей алар ма едім қай қайда.
Қиындау қазір пәлен деу,
Артам деу жүгін атанның.
Аласапыраны көп әлемде
Тағдырлас болдым Отанмен.
Қаз тұрмай жатып ат міндік,
Сайыстық, жеңдік, жығылдық.
Жауынгер болмау – сатқындық
Дегенді берік ұғындық.
Қорыққан жоқпыз шеруден,
Қорыққан жоқпыз өлуден.
Қорықтық көлеңкемізден,
Жазықсыз жауға телуден.
Сонда да өткен жылымның
Танбаймын жалғыз күнінен.
Солғын да болса, жырымның
Танбаймын бір тал гүлінен.
Тірі бар онда, өлі бар.
Олардан безсем қандаймын?
Таңдатса, бірақ, бөліп ар,
Бүгінді, даусыз, таңдаймын.
Зауласын Уақыт лайым,
Қос ғұмыр шегіп өтті кім?
Шындықтан үлкен Құдайдың
Танытса болды жоқтығын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу