04.07.2021
  272


Автор: Жұбан Молдағалиев

Жыр туралы жыр

(поэма)
1
Жайласып жатыр ақырын,
Зал толы – жырдың достары.
Тыңдамақ абзал ақынын
Ардақты отандастары.
Ақын ше? Ақын келмеді,
Бос күтті төрде бір орын...
Күмбірлеп залды кернеді,
Сөз алып сонда жыры оның.
– Іздесе мені кімде-кім,
Шырағдан етсін жырымды.
Жырымның жайса өрмегін,
Табар да, ұғар сырымды.
Іздесін, жықпай жыр туын,
Өлеңім өтер жол қақын, –
Күтерін біліп жұртының,
Осылай депті жоқ ақын.
Сол жұртты ертіп жыр дағы
Қанатын қақты дүр сілкіп.
...Сонау бір соғыс жылдары,
Жас ана жасын түр сүртіп.
Әзіл, жыр, ақыл, дана сөз
Алдында жатыр соңғы хат.
Түн қатып ару қара көз
Үңілді соған сан қабат...
Ақын ше? Ақын не күйде,
Зарықса жары хат алмай?
Жалтақтай берді жыр неге,
Айтуға ашық бата алмай?
Бұрқанды, кенет шарқ ұрды,
Жүргендей жыр да жалғыз қап..
Долданды, дауыл шақырды,
Дауыл боп кетті зал мұздап.
Жұрт көзі жырдың ізінде,
Жүрек те соған жүрді еріп.
Қаһарлы жылдың күзіне
Жолдары тұрды тіреліп.
2
– Қай уақыт? Түн бе, таң ба бұл
Жатырмыз неге қиқусыз?
Кеткем-ау қалғып тағы бір...
Шаршаған екем ұйқысыз.
Ұйқысыз шайтан емеспіз, –
Демек ол күліп ояна.
Жанары, бірақ, елессіз.
Ояну, күлу – ой ғана.
Ол да үзілді заматта,
Орнады қайта түн-түнек.
Бұрауы біткен сағаттай,
Самарқау соғып тұр жүрек.
Сол ғана ояу, сол тірі –
Санайды азап күндерін.
Өзгесін фашист өлтірді, –
Дәрменсіз дене, тіл, ерін.
Ғафу ет! Өлім емес бұл –
Мазасыз түстің тек бірі.
Алдымда талай белес тұр –
Махаббат тірі, кек тірі! –
Дегендей, түріп түнекті,
Оянды ойы тағы да.
Жұлқынып жүрек дір етті,
Күрес пен жырды сағына.
«Кіргенше жаңа айқасқа
Бір өлең жазып қалайын.
Ұйқыны, Мұса, қой, таста,
Тұрайын. Қайда, қаламым?»
Тұра алмады ол, бірақ,
Тұрайын деген – көңіл тек.
Сүйегі сынып, салдырап,
Секілді елес өмір тек.
«Не болды? Өң бе, түсім бе?
Неге жоқ жарық саңылау?
Нендей жүк менің үстімде?
Айтсаңдаршы, ей, жаным-ау?»
Есітпес мүлде еш үнді
Өліктей маңы саңырау.
Бейуақыт Мұса түсінді,
Есіне кірді саңылау...
...Сұрапыл шайқас екі ұдай –
Кеткен жоқ бір жақ еңсеріп.
Біресе олай, бір бұлай
Таразы тұрды теңселіп.
Батпақтар сорып белшені,
Қан басты етік жұлығын.
Туған жер аңсап өлшеді
Адымын әрбір ұлының.
Соңғы рет көрді ұлы елі
Сол күні ақын солдатын.
Соғысып Мұса жүр еді,
Өмірдің қорғап жаннатын.
Гүрс етіп сонда шашылды от,
Күрсіне қалды Жер-ана,
Көз алды ұлан-асыр боп,
Құлады биік мұнара.
Дөңгелеп бүкіл дүние,
Қан – көбелек ойнады.
«Бүл не? – деп, – өлім биі ме?» –
Үзілді ақын ойлары.
Қош айтып қимас азат күн,
О дүние солай басталды.
Басталды тұтқын азап күн,
Өмір мен өлім дастаны.
3
Сұп-суық, қысқа күзгі күн,
Тұтқынға салған кісендей.
Тыныштық салтын бұзды түн,
Түн өтпейді кісі өлмей.
Мұса да өлім аузында
Өткізді көп түн, көп күнін.
Өтпеген кезі аз мұнда
Астында азап, тепкінің.
Тұр міне, кекке булығып,
Жауынан алмай жанарын.
Алдында отыр құбылып,
Жылан кез сары жандарм.
Фашистік «жұмақ» есігін
Бірде ашып, бір ол жабады.
Ұсынып кейде «кешірім»,
Бұршақ боп кейде жауады.
– Тірілттік, жаздық жаранды,
Тірілтті неміс даруы.
Құтқармақ қатын-балаңды
Жеңімпаз фюрер қаруы.
Құтқарыс, сен де тұр қатар,
Жігітке жол көп тілегі оң.
Жарақ ап жатыр тұтқындар, –
Мұсылман, татар – легион.
Шығады татар газеті,
Жаза бер соған жырыңды.
Сол ғана бізге қажеті,
Комиссар ақын бұрынғы!..
Мырс етіп Мұса күледі,
Қалжыңдап жауы тұрғандай.
Қабағын фашист түйеді,
Дегендей: күлкі бүл қандай?
Жүгіріп жылан көздері,
Тіміскіп тұтқын тұлғасын,
Лезде түсі өзгерді:
Өзінен Мұса тұр басым.
Қанша арып, қанша жүдесін
Михнат, ыза, күйіктен,
Тік ұстап дембел денесін,
Қарайды жауға биіктен.
Жайнаған өткір көзінде
Қарашық емес, от сынды.
От емес, осы кезінде
Өңмеңнен өтер оқ сынды.
Қан қатқан жыртық шинелін
Бос салып екі иыққа,
Жасырмай мазақ, шенеуін,
Ойнайды мысқыл миықта.
– Қару берсең – сазайын,
Қалмаспын енді қапыда.
Қалам берсең – жазайын
Басыңа эпитафия.
«Жұмақты» жапты жандарм,
Ойнайды тағы жұдырық.
– Өлмегің келсе, жалбарын!
Жаныңды алам суырып!
– Жаным жоқ менің бұл жерде,
Халқымда қалды ол менің.
Өлмейді халық өмірде,
Ендеше мен де өлмеймін!
– Өлесің! – дейді тағы жау.
Күледі Мұса мазақтап.
Сонан соң тілсіз, саңырау,
Жатса да жендет азаптап.
4
Мың тоғыз жүз қырық үш –
Кезекті жаңа жыл аты.
Қылышын кезеп тұрды қыс,
Қыс қысып тұтқын Жыр жатты.
Жатты Жыр жаңа жылда бұл
Жарыққа шығу арман боп.
Жыр құмар жұрттан және бір
Құттықтау, сәлем алған жоқ.
Сарғайып жатыр бүктеліп,
Жазылып біткен парақтай.
«Жоғалтам!» дейді бұлт төніп,
Естіртпей, елге таратпай.
Өтпек пе солай Жыр байғұс
Үш мүшел жаңа толғанда?
Сайрауға туған бұлбұл құс
Өтпей ме сайрап торда да?..
Жылжиды уақыт жаяулап,
Жылдардың жүгін артқандай.
Күн шықты, батты алаулап,
Көкжиек жанып жатқандай.
Фашистік тұтқын лагерь
Әзірге өрттен тұр аулақ.
Буынын жинап Жыр қазір
Іздейді тың түр, тың ырғақ.
Тапты ырғағын Жыр – Мұса
(Жүрісі өнді күндердің).
Жалғыз да емес, жығылса,
Сүйейді, бар ма кім дерің?
Мүмкін ол «жолдас Н.» шығар
Ұсынған жүрек одағын.
Немесе туған ел шығар...
Айтпайды Мұса о жағын.
Айтары тұтқын жандарға
Әлқисса, татар жырлары;
Серт еткен жігіт қанжарға,
Батырлық, жастық сырлары.
«Болғанша сұлтан өзге елде...»
Дейді Жыр кейде бейкүнә.
От жанар кейбір көздерде,
Күрсінер ауыр кей куә...
Мұсаның онда «ісі жоқ» –
Жырда ғой ойы жыршының.
Жырға елітпес кісі жоқ,
Деп қайтсын «неге күрсіндің?»
Қуғанда жендет жұмысқа
Тұтқындар тобын тірі өлік,
Көз тартар дәйім шығыста
Ну орман бұлтқа тіреліп.
– Бұл орман қанша шақырым?
Жете ме түнгі ән? – дер ақын.
– Жетер, – дер біреу ақырын.
– Япыр-ай, қандай жап-жақын!
Күзеттен сонда ұрланып,
Қадалар сан көз орманға.
Күрсінер тағы бір ғарып,
Біреулер шомар арманға...
Қараңғы түнде, баракта,
Шертеді Мұса ертегі:
«...Сонымен сонау Арабтар
Көп жауласқан ел, тегі...
Әли деген батыры
Жарадар, жауда қалыпты.
Тұтқын ғып оны ақыры,
Жау патшасы алыпты.
«Бол депті маған бас уәзір
Қазына, билік қолыңда.
Не тілесең, сол, әзір –
Жан шықпайды жолыңа.
Жар ғып сұлу қызымды ал,
Санайды десең мені жат...»
Қызы да тілі шырын бал,
Секілді екен перизат.
«Тақсыр, – депті ер жігіт, –
Тойған жерде ит жүрер.
Демеңіз маған – елді ұмыт,
Тіріде менен үз күдер...»
Шартылдап патша жасындай,
«Сенгенің сонда кім?» – депті.
Жігіт те ойын жасырмай:
«Ер жолдасы – түн» депті.
Айтқандай Әли бір түнде
Бұғауын бұзып кетіпті...
– Дауа жоқ екен шіркінге!
– Жетіп пе елге?
– Жетіпті.
Осы да жарар бүгінге, –
Деп Мұса үнсіз жатады.
Қараңғы барақ түні де,
Мазасыз ойға батады.
Біресе жанар, бірде өшіп,
Шылымның оты жылтылдап.
Біреулер жатар дөңбекшіп,
Құрысқан буын сыртылдап.
Мұса ше? Мұса – Жыр тұтқын
Күтеді келер ертеңді.
Күтеді күнін шындықтың
Жасайтын жаңа ертегі...
5
Жолаушы уақыт жатты өтіп,
Керуен тізіп күндерден.
Көктем де келді жарқ етіп,
Сыланып шықты гүл жерден.
Шүпірлеп үрім-бұтағы,
Шөбере сүйіп орман – шал,
Сағыммен ойнап тұр тағы,
Ымдайды «шық» деп тордан сәл.
Кім білсін, сол ма таратқан,
Түскендей көктен жапырақ,
Таңертең кейде барақтан
Табылар қағаз бір парақ.
Жалғасар майдан хабары
Жеңнен жең, тілден тілдерге,
Құмартар жандар жаралы
Жапырақ жауар түндерге.
Түн қатып толғап Мұса да,
Іздейді тың түр, жаңа ырғақ.
Туады содан жыр сара,
Жауады тағы жапырақ.
Жапырақ емес, бір дүркін
Нажағай атып тұрды күн.
Ер жолдасы – түн, шіркін, –
Жоқ болып кетті топ тұтқын.
Дүрлікті фашист жендеттер,
Дірілдеп тұрды барак та.
Итпен де олар іздетті,
Із-түзсіз қалды, бірақта.
Мұса ше? Мұса – тұтқында,
Турасын айтса, күресте.
– Атаңның басын тұттыңдар! –
Деп жатты күліп бір кеште.
Рақмет, отты жүректер,
Жақсы өмір үшін жаралған!
Рақмет саған, жыр – кептер,
Саған да, түн мен қара орман!
Кеткен жоқ зая ертегім,
Жаршысы сынды шындықтың.
Менің де таяу ертеңім –
Болмайды жауға Жыр тұтқын!
«Күтемін, күтем.ардақтап
Августың бір түн кезін мен.
Жауға кек, елге махаббат
Босанар бірге өзіммен!»1
Аймалар құшып ел ана
Мұсасын, «бунтарь баласын».
Құшағын ашып жер-ана,
Гүлімен жазар жарасын...
Күтеді Мұса сол күнді,
Әлдилеп сенім, үмітін.
Күтеді нұры мол күнді,
«Жолдасы түн» ғой жігіттің.
Ұсынар қолын талайға,
Өтелер жолдас, дос қақы,
Жетпеді әттең, ол ойға –
Бұғауын салды гестапо...
6
Моабит. Сасық бір қуыс,
Табыттай тастан қаланған.
Тұтқынның күні бір уыс,
Қабырға, еден – қара қан.
Сықсиған соқыр терезе,
Кереге көзді темір тор.
(Осындай мұнда ереже,
Тіріге мұнда өмір сор).
Сарғайған сатпақ әйнек те
Түсіндей суық өліктің.
Көрмейді оны ай көкте,
Көрген жоқ оған келіп күн.
Мұнда да өтті Мұсаның
Тұтасып түнмен көп күні.
Ұмытты кейде жыл санын,
Өшкен жоқ, бірақ, кекті үні.
Жүрекпен көріп дүниені,
Жырымен жаны тілдесті.
Жақсы ойлар ғана демеді,
Бөлісіп талай тұл кешті.
Мінеки, жалғыз, тұр Мұса,
Әйнекке тігіп көздерін.
Жазылды соңғы жыр-қисса,
Сонда айтты ақтық сөздерін.
Біледі, бүгін өледі,
Тайсалмай даяр тұр оған.
Өлмесе болды өлеңі,
Қойнына достың тығылған.
Қандай дос? Келді ол қайдан,
Тұрғанда торып гестапо?
Табылды! Аз ба адал жан?
Қақы жоқ айтар – есте аты...
Жуса да тәнін қызыл қан,
Жатар ма ақын құр қарап:
«Бермей-ақ қойсын үзім нан,
Берсейші қағаз бір парақ!..»
Ұсынды сонда біреулер –
Бейтаныс, бірақ, тағдырлас..
Кім білсін, олар бірге өлер,
Жұтпады кімді тар қапас?
Тергеу мен азап арасы –
Түндерді ақын ұрлады.
Жас парлап жылап жарасы,
Қағазды қанша сырлады!
Зар боп сол қағаз жөргекке
Жатқандай іште бөбегі,
Толғатып, талған жүрекке
Бөбекше жырын бөледі!
«Қалса да денем жат елде,
Оралар елге жүрегім.
Екі өлу жоқ Жәлелге,
Көрмесе, деген, жыр өлім».
Тапсырды кеше бір қолға
Сол жырдың тағы бір бетін.
Содан да таныр ел – ана
Ұлының соңғы суретін.
Үңіліп торға бір өзі
Қарап тур Мұса әлі де.
Онда емес, бірақ, ой көзі,
Онда емес, одан әріде.
Тұрса да қазір ол мұнда,
Алыста, алыс ойлары:
Жайылып жатыр алдында
Туған жер, Еділ бойлары.
Қарысып қатты ағынға,
Толқында талай ырғалған,
Көріп тұр жастық шағын да
Жиырмасыншы жылдардан.
Тулады, әне, ақ Еділ,
Ту басты толқып ауылын.
Дауылдат, Еділ, қақ, Еділ,
Советті қорғау дабылын!
Жас Мұса – Ленин солдаты,
Бірде атта, бірде окопта.
Он беске, әттен, толмапты,
Бәлки, ай, бәлки, екі апта.
Жер сызып ұзын винтовка,
Ұялтты-ау, қызыл солдатты!
Жасаңдық, бірақ мін боп па –
Көз жіті, ми бар, қол қатты!
«Ех, туған ел, жақсы өмір,
Алыссың, әрі жақынсың.
Алыссың – қолым жетпей тұр.
Жақынсың – есте жатырсың!..»
Тұтқын тұр тордың алдында,
Түрмеден өтті самғап ой...
Ол қазір татар аулында,
Колхозда думан сабан той.
– Қайдасың, баста, гармоншы.
Жігіттер, алға шығыңдар!
Барлығы биші, бәрі әнші,
Қайтеді, сірә, бұ қыздар!
«Ерте де кел, кеште кел,
Тереземді шерте кел,
Шерткеніңнен білермін, –
Жүгіре шығып жүрермін».2
Ортаға шықты шағир да,
Дөңгелеп билеп жөнелді.
Сол ырғақ, сол бір қайырма,
Төгіп-ақ салды өленді.
«Төбе, төбе, төбе ме?
Вот, бізде төбе-төбе еді!
Сізде қыздар өбе ме?
Вот бізде қыздар өбеді».3
Самғайды «Орман қызы» да
Үстінде жасыл тоғайдың.
Тыңдайды Еділ қызыға,
Толқиды баяу ақ айдын.
Толқиды, тағы толқиды.
Жастықтың тербеп желкенін,
Жүректер жырлап әр қилы
«Ғалиябану, еркемін...»
«Еркем» деп ерні дір етті,
Сезген жоқ тұтқын өзі де.
Бек сағынтқан суретті
Көрсетті қиял көзіне.
...Шабыттан өлең шақырып,
Бірде отырып, бір тұрып.
Жүреді ақын шарқ ұрып,
Бөлмеге түтін толтырып.
Мезгілі болды дем алар,
Сөз түспей қойды ойына.
Ақ білек сонда оралар,
Ақырын келіп мойынға.
«Еркем» де «еркем», «бауырым» –
Ыстық сөз не бір табылар
«Өзіңсің – илхам, бақ жырым» –
Іркілген өлең, ағылар.
Бір қарғып төрге есіктен,
«Папалап» кірер шат дауыс,
Кең дүниені кешіп кең,
Басталар қызық аттаныс.
Бөбектің алғаш сұрағы:
Москва, ұлы астана.
Сонан соң құлаш ұрады,
Аспанның бүкіл астына.
«Ех, қанатты балапан!
Қайдан да білсін жас жаның.
Айтпаппын саған, балақан,
Аспаны бар деп аспанның.
Аспанның сондай астында
Мінеки мен де жатырмын.
Мен оған – өлік, тас тұлға,
Тұтқынмын, жаумын, жат ұлмын!
Маған ол түрме, тұңғиық,
Төңкерген қара қазандай.
Тұрғанын қайтем тым биік,
Отырсам қанат жаза алмай...»
Осы ойға Мұса жеткенде,
Жалт қаратты бір дыбыс.
Жандарм келіп кеткен ғой –
Абыржу, құптау, жүгіріс.
Оймен де олар оңаша
Көрген жоқ күндіз қалдырып.
Жасаған талай «тамаша»,
Бірде кеп, бірде алдырып.
Ал бүгін? Бүгін жай басқа,
Жендеті келіп бағана
Деп кеткен – «Капут жолдасқа»,
Деген-ді Мұса: – Саған да!
...Түн кірді қара кебіндей
Түрмеге кештен көп ерте.
Мезгілсіз өшкен өмірдей,
Жоғалды сәуле, көлеңке.
Әзірге сөнбей тұрды тек
Екі от – екі қарашық,
Өлеңге біткен өр жүрек,
Өмірге, нұрға ала ұшып.
Тұр олар жанып жақсы оймен,
Тұр көріп таңын елінің,
Жүр олар жерде жан сүйген,
Жағалап бойын Еділдің!
Солармен Мұса жеткізіп,
Жолдайды соңғы сәлемін:
«Болғам жоқ тұтқын серт бұзып,
Сауғаны қайтсін Жәлелің.
Болса да тәтті жан шіркін,
Басқан жоқ арым жаңысақ.
Бұлқындым торда сан дүркін,
Бұза алмай кеттім жалғыз-ақ».
«Білемін ұлым» дегендей,
Демеу боп кенет бір дауыс.
Түрмені бұзып келгендей
Туған ел – ана түу алыс.
«Бейхабар өткен жыл мұнда
Өткен жоқ сенсіз,
сен, елім!
Сен сенсең тұтқын ұлыңа,
Мен саған шексіз сенемін.
Алдымда жайнап тұр міне
Ертеңің, Нұрлы өмірің.
Күндей ол ортақ тіріге,
Тірі арманы өлінің.
Мінеки, келе жатырсың
Талқандап талай түрмені.
Жақынсың,
тіпті жақынсың.
Азаттық іздеп жүр мені!
Қарсы ұшар күшім бар әлі,
Жете алсам,
әттең, арманға!
Төлеусіз кетіп барады
Партиялық жарнам да...»
«Төледің, Мұса, төледің! –
Дегендей тағы бір дауыс, –
Мәңгілік жарна өлеңің –
Партияң үшін зор табыс...»
Біледі Мұса: бүл дауыс –
Жұбату даусы тілектің,
Осындай үнді бір таныс
Естісем деуі жүректің.
Ақиқат үндей ол үнді,
Қуана тыңдап Мұса тұр,
Ұмытып таяу өлімді,
Қуану мүмкін болса бір.
Көпсінді тағдыр оны да,
Дариға,
бұған не шара:
Өлімнің салды ойына,
Ұмытып Мұса тұрса да.
Жақты отын, міне, камера –
Жыр – Жәлел жатқан тас табыт.
Естілді жаудың, әмірі,
Біржола төнді басқа бұлт.
Есікті ашып қалды да,
Жендеттер оқыс тоқтады.
Тұтқын жан емес,
алдында
Тұрғандай мылтық оқтаулы.
Қарсы алып ажал үкімін,
Адамдай мүлде бейтарап,
Таянып екі мықынын,
Қасқия тұтқын тұр қарап.
Сыз түрме сорған жүзінде
Қараңғы жеген көзінде
Толы от,
ерлік,
сұлулық
Осы бір шақтың өзінде...
* * *
– Сонан соң? – деме,
достарым.
Босауы бекер көңілдің.
Прологы дастаным
Эпилогсыз өмірдің.
Жақсы өлең шексіз жасамыс –
Жасайды біздің Жәлел де.
Жанымен дидарласамыз,
«Көзі жоқ» деген дәлел ме?
Жырда тұр соғып жүрегі,
Жаны да сонда Жәлелдің.
Аңыз қып оны жүреді
Азат дос халқы әр елдің.
Мұсаның жырын сақтаған
Бельгиялық партизан:
– Жоқ, – дейді, – ондай
жақсы адам,
Көргем жоқ одан артық жан.
Қарыздар емес Мұса да:
Кеткен жоқ сол бір дос қақы.
Құтқардық оны құрсаудан,
Құртылды сонау гестапо.
Бөленді ақын жырлары
Отанның ыстық деміне,
Қартайтып
қатал жылдарды,
Қартаймай қайтты еліне.
– Мұса! – деп оны жар жаны,
– Папа! – деп қызы тыңдайды.
– Мұса! – деп елдің сан залы,
Мұса үні бір де тынбайды.
Мұса – Жыр
Алтын Жұлдызды,
Куәсі небір нұрлы істің.
Басынан көріп жүр бізді
Қиялдай озық құрылыстың.
Шалқып тұр тың жер,
қыз дала,
Жайнап тұр Еділ бойлары –
Шабытты,
сұлу жазира
Секілді ақын ойлары.
Сүюші еді ол таңды,
Сұлулық – мәңгі досы еді:
Сұлудан сұлу Отаны –
Арманы оның осы еді.
Сонан соң? – деме,
достарым,
Босауы бекер көңілдің.
Прологы дастаным
Эпилогсыз өмірдің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу