Өлеңдер ✍️

  04.07.2021
  195


Автор: Шәңгерей Бөкеев

Құйрық атып құлия

Құйрық атып құлия,
Түлкідей қашқан жымия.
Қараңды үзіп барасың
Біздің де қайран дүние!
Көп жылдар қудым артыңнан
Лашындай сызып жер қия.
Бірде шығып шарыққа,
Бірде сарықтым тұңғия.
Күнім базар, түнім той,
Замандас жаран жиылып,
Зауық, сапа, өне бой,
Шад-шадыман күндерім.
Демедім бастан өтер ғой,
Дәурен өтіп, жас жетіп,
Замандас құрбы адамдар
Азайып келіп ол бітті,
Көрген түстей бәрі де
Көзімнен болды зым-зия.
Шағалалы көлдер шалқыған
Күмістей жүзі балқыған,
У-шу болып құстары
Қаз, үйрегі қалқыған.
Суына жылқы жабылса,
Шуақтап жатқан көл балық,
Судың бетін үйіріп,
Тереңге қарай бұлқыған.
Судың бетін жел есіп,
Кесе-кесе жалданса
Иіндесіп, тіресіп,
Көбіктеніп толқыған.
Сондай бір көл суалса,
Бұлағы кеуіп құм алса,
Ақыры оның не болар?
Тарақтап айбар ту сыртын,
Аятпен қозғап жақ-ұртын,
Ауандап жүрген нән балық
Басын соғып қайраңға,
Ит пен құсқа жем болар!
Бұтағы көкке қараған,
Жапырағы жайқалып,
Тамыры жерге тараған
Бәйтеректер қуарса,
Мұнарланып, буланып,
Әуелгідей көрінбес
Жолаушыға қиядан.
Қаршығасы щаңқылдап,
Лашын құсы қаңқылдап,
Басынан оның ұшар ма,
Мамығын төккен ұядан?!
Күні өткен бәйтерек,
Желмен құлар әлсіреп,
Іріп-шіріп жатумен
О да қара жер болар.
Заманы өтсе жастағы,
Сонда білер кей адам
Лауықта маңдайына жазғанын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу