04.07.2021
  228


Автор: Қайырғали Медет

ПЕРЗЕНТ ЗАРЫ

Сыйласып жүрген көршісінің қазасы Қайыржанның жанына батып, жүрегін сыздатып кетті..


* * *



Үйлері өзара жақын орналасқан екі көршіні темір тор шарбақ қана бөліп тұратын. Өздерінің кіріп-шыққаны, келім-кетім қонағы бәрі көз алдарында. Күніге бірнеше рет жүздесіп, кейде шарбақтың екі жағынан келіп, не әйелдері, не өздері тұмсық тақаса тұрып, әңгіме-дүкен құратын. Әбдірәйім өте ақкөңіл, таза ниетті, өзге дегенде өзегін жұлып беруге дайын, қою қара мұртты, сымбатты дүр жігіт. Келіншегі Гүлбаһрам да кесек тұлғалы, мінезі жайлы да жайдары, еңбекқор жан. Екі ауыз тамда екеу ғанасы.
Кейде Әбдірәйім аздап ішіп алғанда, темір торлы шарбаққа сүйене тұрып мұны шақыратын да:
- Қайреке, мені кешірерсіз... Бүгін аздап іштім... Бірақ білесіз ғой...мен ешкіммен байланыспаймын...Кей туысым әдейі ұстасқысы деп тиіседі...мен үндемеймін...Кетсінші солар...Мен ұйғыр болсам да мектепті қазақша оқыдым...Жақсы оқыдым. «Батырлар жырын» жақсы көретін едім. Көп қиссаларды жаттап алатынмын. Қазір де «Алпамыс батырды» оқимын... Ол жалпы түрік тілдес халықтарға ортақ қой. Ұйғырда «Алпамыш» дейді... Қазір неге оқимын білесіз бе... менің ойымнан оның басталуы шықпайды, былай:
...Төрт түлігі сай екен,
Бір перзентке зар екен...
Бір баланың жоғынан,
Зорлық қылды маңайым.
Үкім қыла сөйлейді,
Баласы көп ағайын.
Ескерер күнің барма екен
Жаратқан алла, құдайым?..
Жасымды аққан тия алмай,
Перзенттің дағы өтеді.
Баласы жоқ адамның
Әр кімге ақысы кетеді.
Байбөрі қу бас деген сөз
Сүйегімнен өтеді.
Жаратқан патша, құдай-ай,
Перзентке зар қып қойғанша,
Жаратпасаң не етеді?!. – Міне, бұл қазір менің басымдағы жағдай. «Әркім өз мұңын айтады» дейді. Біруақ іштегі шерді түсінетін біреуге айтсаң, ол сені тыңдаса... кәдімгідей жеңілдеп қаласың... «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деп босқа айтпаған ғой бұрынғылар. Аял екеуміздің де сыртымыз бүтін, ішіміз түтін...
- Соншама сары уайымға салына берудің қажеті жоқ. Бүгінде медицина небір кереметтерді жасап жатыр ғой. Баяғыда қазақта Елубайлар өріп жүрген, Алпысбайлар да аз болмаған, Жетпісбайға да жеткендер, Сексенбайдан да секем алмай, тіпті Жүзбайлармен жүздескендер болған. Ал сен қырық жасқа, нағыз қамал бұзар шаққа енді келдің емес пе? – деп жұбатады оны Қайыржан.
- Дұрыс қой... Ол баяғыда... Біз қазір Қырықбайға да зар боп жүрміз ғой, Қайреке... Екі түрлі адамға Алла қиямет күнінде рахым етпейді: туған-туыстарынан мүлде қол үзіп кеткендерге және жаман көршіге!.. Алла «көршілеріңмен тату-тәтті өмір сүруді өсиет етемін» деген екен хадистерінде... Құдайға шүкір, мен көршілердің бәрімен сыйласып тұрамын. Ал туған-туысқандармен... сіз ан-а-у орындықты алып отырсаңызшы... - Әбдірәйімнің өзі шөкелеп отыра кетті. – Менің әкем әскерге барғанда Ресей жақтан өзі ұнатқан бір қызды алып келіпті. Ұйғырларды білесіз ғой, бәрі дүрлігіп, қарсы бопты. Әкем ешкімге көнбей, әлгі қызбен, яғни менің шешеммен бір жылдай отасыпты. Мен іште келсем керек. Мен туылған соң, ағайындар өре түрегеліп, дадамды ортаға алып, «кәпір әйеліңмен ажырас, әйтпесе бәддұға береміз, елдің бетін көрмейтін боласың» деген соң амалсыз екеуі ажырасады. Шешем қайта Ресейге кетеді. Ал мен әжемнің құшағында қала бергем. Ұл бала болған соң, атам «ат тұяғын тай басар, бұл менің тұқымым» деп шешеме бермей алып қалған. Әкем басқа әйелге үйленіп, бүгінде бес-алты бала-шағасы бар... Кемпір-шал қайтыс болған соң, далада қалдым. Әкем өгей шешеден аса алмайды. Бауырларым сыртқа тебеді. Әйтеуір құдай оңдап, мына отырған кішкене үйім мен жер әжемнен қалды. Ол, байқұс, менің атыма аударып үлгере алмады... Мүмкін заман мынадай қиын болады деп ойламаған да шығар. Әкем тышқақ лақ та бермеді. Жерімді даулап жүрген өгей шешеме сөз айтуға да жарамайды. Гүлбаһрам екеуміз өз тойымызды өзіміз жасап, мәз болдық. Ол бұрын есік көрсе де, барлық рәсімді жасап, неке суын іштік. Оқи алмадық. Қара жұмыспен жан бағып келеміз... Бірақ... бала... сол жанды жеп жүрген... Кешіріңіз қайдағыны айтып шаршаттым-ау, сізді. Жаңа көшіп келгенсіз...әрі өзіңіз ештеме сұрамайсыз... білсін деп, - Әбдірәйім мөлтілдеген көз жасын сықты. Жамалынан домалаған бір тамшы мөлдір жасты кең қара жемпірінің жеңімен сүртіп, дәу қыр мұрынын қорс еткізіп тартып қойды. Қайыржан үндемеді, жұбата алмады.
- Әбдірәйім, шайға кірсейші. Суып қалатын болды. - Келіншегі Гүлбаһрамның даусы шықты.
- Жарайды, - деп Әбдірәйім орнынан жер тірей көтеріліп, лашық үйіне қарай теңселе басып, баяу адымдады.


* * *



Кезінде қазақ даласының түкпір-түкпірінен арман қала – Алматыға оқуға келіп, қалаған мамандығына қол жеткізіп, осында түрлі жұмыстарға орналасып қалған төңіректегі оншақты көрші өзара ағайыннан да тату болып кетті. Түрлі мереке, ұл-қыздарының туған күндері сияқты кез-келген қуанышта бас қосу олар үшін дағдыға айналған-ды. Өзге қалаға қызметке ауысуына байланысты Қайыржанның отбасы мұндай басқосуларды қимаса да, сирексітуіне тура келді. Жылына бір-екі рет қана келетін болды. Кейде Әбдірәйім мен Гүлбаһрамды көре алмай де кететін-ді.
Осында бір келісінде ең жақын көршісін ұзақ уақыт көре алмай қалған Қайыржан Әбдірәйімнің үй жағына біраз көз тастап тұрды. Бұрындары тап-тұйнақтай жинақы тұратын шағын үй тіпті жүдеу көрінді. Сыртқы слақтар түсіп, төңіректі күл-қоқыс басыпты. Атыз-атыз етіп рет-ретімен егілген құлпынай мен жусайдың орнына арамшөп қаптаған. Қатар бой түзеген шие ағаштарының тамырларынан жабайы шыққан жас өскіндері отау көрмей едәуір өсіпті. Су жүрмеген арық бітелуге айналған. «Апырай, мына Әбдірәйім бір жаққа көшіп кеткеннен сау ма? Шарбақ іші айра-жайра ғой. Сыртқы есік те сәл ашық тұрған сыңайлы», деп ойлаған Қайыржан Әбдірәйімнің үйіне қарай қалай бет алғанын өзі де аңғармай қалды. Сықырлап бір жағына қисайып қалған сыртқы есікті әрең ашып, ішке құлақ түріп еді, әлдекімнің ыңырсыған үні естілді. Ішке енді. Қаракөлеңке үй ішінен күлімсі иіс танауын жыбырлатты. Бір сәт тынысы тарылғандай болды. «І-і, бұл... кім?», - деген қарлығыңқы үн талып естілді бір шеттен. Қайыржан түкпірдегі темір кереуетте үйілген көне көрпелердің арасынан Әбдірәйімнің қылтиған басын байқады. Үй ішіне көзі енді үйрене бастаған. Кереуетке тақалып қойылған қисайған тәбүреткеде көптен жиылмаған екі-үш ыдыс қарауытады. Бұл жақындап:
- Қалайсың көрші?!. Бұл не жатыс?, - деді.
- Е, Қайреке, бұл сіз бе?.. Қашан... келдіңіз? – деді Әбдірәйім басын көтеріп жатуға әрекет етіп.
- Келген бойым осы. Көрші деп сәлем берейін десем, көрінбейсіңдер. Сосын кіргем... Өзіңе не болған?
- Е, білмеймін... не кесел екенін. Әйтеуір төсекке алып ұрды... Бір жыл боп қалды... далаға да әрең кіріп, шығамын... Ешкім бас сұқпайды... Кейде көршілердің бірі ас-су әкеп беріп қояды... Қазір бәріне қиын боп қалды ғой... - Әбдірәйім қинала ентігіп, жағдайын айтты.
- Қазір жеңгеңе ыстық шәй, ыстық тамақ әзірлетейін, - деп Қайыржан тұра беріп еді, Әбдірәйім қолын әрең қозғап:
- Әуре болмаңыз... ештеме іше алмаймын... Онан да отыра тұрыңыз... айтпағым бар... көкейім толып қалды, – деді әрең қозғалақтап. Сосын әңгімесін жалғады.
- Көңілге мият болар еш ила қалмады... Тек көрер жарығым таусылмай... Аллаға мінажат етіп жатам... күбірлеп... Алда-жалда көз жұмсам, артымнан шын ниетімен дауыс шығарар жоқтаушым да жоқ... Катя (ол әйелін осылай атайтын) байғұс үш келіп, үш кетті... Менен не қайыр, не үміт... Қаншама дәрігерге, дарымшы-емшіге, құшнаш-тәуіпке ем-дом жасатты... бәрібір бала сүйе алмады... Әлдекімнің айтуынан дұға да оқытып, үйді күнара отпен де аластап тұрды... еш септігі тимеді... «Құдай-ай, ешкімді тыңдамай, жүрек қалауым деп саған тұрмысқа шыққанда, дұшпанға таба болып, сенен бала көтере алмай, қор болғаным-ай,» - деп еңірегенде етегі жасқа толды. Мен де шыдамай, қосыла жыладым... күніге егіле... іштей қан жыладым. Ұрпақсыз қалу деген ең үлкен қасірет екен!.. Тұрақты жұмыс жоқ. Бірде аш, бірде тоқ күй кештік... Жүйкем шыдамай, жиі-жиі ішіп қоятын болдым... Катяға бағыңды байламаймын дедім... Бір-екі рет қатты ішіп, оны сүйрелеп есіктен де шығарып жібердім... әдейі... өйткені баста баспана болмаса, қалтаңда қаржы болмаса, мәпелеп отырған балаң болмаса... мен өлсем бәрібір кетуге мәжбүр болады ғой.
- Сен қай-қайдағыны айтады екенсің? Адам алдымен жақсы нәрсені ойлауы керек емес пе? – деді Қайыржан Әбдірәйімге үңіле қарап. Ол да орнынан сәл көтеріліп, бұған аңтарыла қарады. Екі көзі шүңірейіп, ұясына кіріп кетіпті. Отты жанарда нұр қалмағандай. Салалы саусақтарының еті қашып, босаң тері сүйекке жабысып, бунақталып арбиған сүлде ебедейсіз қозғалады. Иығының топшысы шодырайып, кеудесі қушиып, етжеңді де қайратты денеден күш-қуат кетіп қауқарсыз қалған... Шөлмекей, құп-қу жүзі солыңқы. Қайыржан оның осы халін көріп, іштей қатты аяп кетті. Қолдан келер дәрмен жоқ. Дерт әбден асқынған сияқты.
- Қайреке, сізді құдай жіберген шығар… Уақытыңыз болса сөзімді бөлмей тыңдай беріңіз. Іштегі шерді тарқатқым келеді. Мұны дүниеден өтейін дер жатқан адамның бақылдасуы деп түсінсеңіз де, арыздасуы, не қоштасуы деп ойласаңыз да еркіңіз… Тыңдаңызшы... «Бір аяғым жерде, бір аяғым көрде» тұрғандай... Тек Әзірейіл періште жан алуға кешігіп жатыр. Әлде бақылдасып алсын деді ме? Кім білсін?!.
Иә, Катя кейде көршілердің біріне бесік тойға, тұсаукесерге немесе тілашарға барып келсе, сол түні екеуміз үн-түнсіз теріс қарап жатып қаламыз да, атар таңға дейін көз ілмейміз. Бірін-бірімізді алдаусыратып, өтірік ұйықтаған боламыз. Көкірегімізді қайғының уы жайлап, қарс айырылардай күй кешеміз... «Баласыз өткен өмір – тесіктен аққан жел, тасқа басқан із, елекпен өлшеген су, айнаға түскен бейне»... деген екен бір ғұлама. Сол айтқандай «бесіксіз үйде береке жоқ» екен... Мұны екеуміз де түсіндік. Катя «тастанды нәрестенің бірін асырап алайық» деді. Мен көндім. Бірақ... біздің тұрмыспен танысқан комиссия бірден-ақ қарсылық білдірді. Бұл біздің соңғы үмітіміз еді. Үміті үзілген адам қанаты қайырылған құс секілді тыпырлағаннан басқаға дәрмені қалмайды екен. Менің жаралы жанымның, ауру жайлаған тәнімнің қиналғанын көріп, жаны күйзелмесін деп Катяның көңіліне қатты тиіп, қуғандай ғып жібердім. Ол, байғұс, кәрі шешесінің жанынды бір сәт болады да, шырылдап қайта оралады. Сол үшін бауырларымен де жүз шайысып болды. Олардан бір үзім нан болса да тығып әкеледі. Оны қайнаған суға жібітіп, екі көзінен жас парлап отырып аузыма тосады...
Ел қатарлы кең де жарық үй салуға шама келмеді. Есік алдына оншақты тал егіп едім, енді бой көтерген кезде өзім амалсыз отынға шаптым... Жоқшылықтың кесірі ғой бәрі... Олар да тірі жан секілді екен. Тамыры бекіп, жас баладай жайнап өсіп келе жатыр еді... Мен биікке бой созуға талпынған көкөрім ағаштарды көктей шаптым. Соным да дұрыс болмады-ау деймін... Құдай бала сүюді пешенеме жазбады... Сонда бұл өмірге босқа келіп, із-түзсіз кетіп бара жатқандаймын. Тірлігімде тындырған ештемем жоқ. Тіршілік атаулы жанталасып жатқан бұ жалған дүниенің есігін неге аштым?!. Жарық дүниеге байкүнә сәби боп келгенім үшін кінәлімін бе?!. Шыр етіп туған сәттен шетке тебетіндей не жазығым бар еді, ағайынға?!. Осыны түсінбей барамын... Діңкем әбден құрыды. Жан-жүйең шарашаған соң, сан түрлі аурулар бұзыла бастаған еттің иісін сезген көк шыбындай үймелейді екен. «Аурудың зардабын аурудың тақсіретін тартқан біледі» дейді. Адам біреудің жан қиналысын өзінің басына түскенде ғана түсінсе керек. Өмір лайым балдай тәтті емес, оның да кермек дәмі көп. Ол дәмді бал татқан соң тез ұмытып кетеміз. Бірақ мен өмірдің бал дәмін татпағандаймын... Таңдайымнан кермек дәм өмір бойы кетпегендей... «Дүниеде бал тәтті, бала балдан да тәтті» дейді екен... Мен сол екеуінің де дәмін бұ жалғаннан сезе алмай кетіп барам... өкінішті... «Туған едім жап-жалаңаш тырдай боп, кетіп барам барлығынан жұрдай боп»... Міне, солай... «От жағылмаған үй – қора, кісі кірмеген үй – мола,» деген. Бір ғана алданышым – тірі адамға қиянат жасамадым. Ешкіммен ұрыспадым, ештеңеге таласпадым. Осы жанға демеу. «Көршілеріңнен өзің туралы жақсы лебіз естісең – Алла Тағаланың алдында жақсы іс атқардым дей бер. Егер сен туралы көршілерің жаман пікірде болса – Алланың алдында күнаһармын деп ойла» дейді хадисте... Мен күнәһар емес сияқтымын... Жаныма ең қатты бататыны - өмір бойы жан-тәніммен ұнатқан жан-жарым Гүлбаһрам бұ жалғанда тұл боп қалып барады... Кісіге жамандық ойлаудан ада ол маған әлі адамның өлер алдындағы ең соңғы асы – атау-керені де бүгін әкеп беретін шығар… Оны мен міндетті түрде Катяның қолынан ішемін...
Бұл көршісі Әбдірәйімнің дүниеден озар алдындағы бір сәттік сергуі, бой жасауы екенін Қайыржан білген жоқ еді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу