04.07.2021
  159


Автор: Қайырғали Медет

Жан дауа

Жұма намаздан шыққан Смайылдың көңілі көтеріңкі еді. Мешіттің ауласынан басталатын әдемі өрнекті төсеніш жолмен аяңдай басып, үлкен көшені жиектeй жүріп, таза да жинақы шағын саябаққа жетті. Жаңадан сырланған орындықтар мен рет-ретімен отырғызылған сан алуан түрлі әсем гүлдерге назары ауды. Бір мезет дем алмаққа ойы кетті. Ары-бері шола қарап, төгіле иілген сәмбі тал түбіндегі бос тұрған орындыққа көзі түсті. Асықпай барып жайғасты. Саялы жер қоңырсалқын екен. Айналадағы құлпырған гүлдерге арнайы түтікшелер толассыз себелеп су сеуіп тұрғандықтан ба, білінер-білінбес жайдары қоңыр леп есті.
Смайылдың жаны жадырады. «Әбден шаршаған кезде адам үшін жан дауасы тамаша табиғат аясында-ау. Сол себепті, адам баласы табиғатпен етене егіз жаратылған болса керек. Табиғат-Ана дүние есігін ашқан адамзат ұрпағын өз нәрестесіндей әлпештеп, тыныш та жайлы өмір сүруі үшін бар жағдайын жасап қойған ғой. Тек сол жаратылған пенденің бойына Құдайым ізгі ниеттер дарытып, нысап пен қанағаттан кенде қылмаса болғаны», деген ой келді оған. Жанына жаққан қою көлеңкені қимай әрі алып бара жатқан шаруасы болмағандықтан, біраз отыра тұруға ұйғарды. Түрлі ойлардың толқынында тербетіліп отырғанда, дәл жанына келіп қалған жігітті байқамай да қалыпты.
– Ағасы, кешіріңіз, мында отырсам кедергі етпеймін бе? – деді жасы қырықтар шамасындағы дембелше келген ақсары жігіт бұл отырған орындықтың бір шетін саусағымен нұсқай көрсетіп. – Көлеңкесі жақсы екен. Сосын бұрылғаным...
– Жо-жоқ, отыра беріңіз, – деді Смайыл, – Неге кедергі боласыз? Менікі жәй демалыс қой.
– Дұрыс, ағасы. Мен де бірнеше күннен бері өз-өзіме демалыс жариялап жүрмін, – деді бейтаныс жігіт орындыққа отыруға ыңғайланып жатып. Смайыл оған сездірмей көз қиығымен барлай қарады. Орындықтың артқы сүйенішіне екі қолын жая сылқ етіп отыра кеткен жігіт аздап қызып алғандай көрінді. Екеуі орындықтың екі шетінде бір сәт үнсіз отырды. Үнсіздікті масаңдау жігіт бұзды.
– Ағасы, таныса отырайық, айып етпесеңіз. Менің атым – Жан... жоқ, Бауыржан. Достарым Жан дейді. Кәсіппен айналысам, тойыс, айналысқам... дұрысы солай, – деді жігіт таныспаққа қолын соза.
– Белгісіз Жаннан гөрі, Бауыржан деген батырға лайық атыңыз бар екен. Толық айтқаныңыз жөн сияқты. Ал, менің есімім – Смайыл. Қарапайым ғана мұғаліммін, зейнетке жете алмай жүрген.
– Мұғалім, иә... сіздердің арқаларыңызда адам болдық... Оң, солымызды танып болған соң, адамдықтан кеттік. Солай, ағасы, – деді Бауыржан көңіл түкпіріндегі беймәлім сырды суыртпақтай сөйлеп.
– Інішек, өзіңіз әлденеге қапалысыз-ау, шамасы, – деді Смайыл оның көңілін аулай.
– Дұрыс айтасыз, ағасы. Қапалымын, қатты қапалымын. Бірақ кімге... әйеліме ме... өмірге ме... мүмкін өзіме шығар?! Білмеймін. Түсінбеймін. Сонда да бәрінен көңілім қалған... Жапан түзді айқаш-ұйқыш кезіп жүрген жалғыздаймын. Кеудем күңгірлеген бос бөшке секілді. Тәнім сап-сау, бірақ, жаным жаралы. Жаным ауырады... сыздап қатты ауырады. Ағасы сол жан дегенге ем-дом, дауа бар ма, айтыңызшы?! – Бауыржан сырғи жылжып Смайылға жақын отырды.
– Бұл жалғанда жан дауасының кілті – махаббатта... иә, иә... махаббатта. Жан дүниеңді қараңғы тамұқтан адастырмай шығарып, өмір сүруге деген құлшынысыңызды арындата, шалқата тасытатын – махаббат күші, жаның сыздап ауырғанда жан дүниеңді нұрландырар ең дауа ем-дом – махаббат нұры. Бірақ, махаббаттың шалқарын ессіз кешіп жүрген жан махаббат буына мас болып, дертке шалдығып, ақыл-есінен айырылуы да кәдік. Ал, махаббаттың шексіз айдынына парасат биігінен көз тіккен пенде шөліркеген жанын зәм-зәм суымен сусындатады. Міне, сондықтан, жан дауасы – махаббат дер едім, – Смайыл ұстаз болғасын әріден, тереңнен сөз қозғады.
– Сіз де айтасыз, қайдағыны... махаббат деп... – Бауыржан бір түрлі ыңғайсызданғандай қипақтап қалды.
– Онда тыңдаңыз, мен сәл басқашалау түсіндіріп көрейін. Жалпы сүйіспеншілік сезімі арқылы қыз бен жігіт бірін-бірі табады. Келісесіз ғой. Сол арқылы дүниеге сәби келеді. Сүйіспеншілік сезімімен адам баласы өнеді, өседі, көбейеді. Сүйіспеншілік – Алланың барлық жаратылыстың ішінде бізге берген ең үлкен сыйы. Көп жағдайда мұны пендешелікке салып, елемей жатамыз. Бүкіл адам атаулыға еркек, әйел деп бөле-жармай, түр-түсіне қарамай, осы сезіммен қарасақ, талай рухани кеселдің емін табар ек. Біз бірін-бірімізге жыртқыштық, тағылық санамен қарай бастағандаймыз. Кейде хайуандық жасағанда жыртқыштан да асып түсіп жатамыз. Бұл менің жеке пікірім.
– Мұныңызға онша келіспеймін, ағасы. Алланың солай жаратқанына күмән жоқ. Бірақ, мен сіздіңше адамның бәрін сүйе беруім керек пе? Небір оңбаған адамдар бар ғой. Мен талай адамды жек көрем, сонда қалай? – Бауыржан әлгідегі маужыраған кейпінен арыла бастағандай. Пікірталас жанына жағып барады.
– Жаман деген адамның да, бір жақсы қасиеті бар, дейді. Тек оны көре білу керек шығар. Адамның бәрін құлай сүю шарт емес. Сүйіспеншілік сезімі тереңдеген сайын жанға ерекше ләззат беріп, шынайы махаббатқа ұласады. Екі қолтығыңыздан екі періште демеп, аяғыңыз жерге тимей қалықтап, өмірі есітіп, көрмеген бақыт бағында серуен құрасыз. Мұндайда адам еш жамандыққа бара алмайды. Сондықтан да сіз пенденің бәріне тағылық көзбен емес, сүйіспеншілік, яғни ізгі көзқараспен қараңыз. Соған үйреніңіз. Сонда мүлдем басқаша адам боласыз. – Смайыл жымиды.
– Ой-бой, бұл айтқаныңыз мына ақша билеген сұрқия заманда мүмкін емес шығар, сірә?! Жұрттың бәрін жақсы көрем деп қиялданып жүргенде, әлде қандай бұзақы пиғылдағылар жүндей түтпесіне кім кепіл. – Бауыржан ойланып қалды. – Дегенмен, негізі дұрыс сияқты... Бірақ, кейде өмір ағысына жүрек қағысы сай келмей қалады емес пе? Ондайда өмірдің астаң-кестең арынды ағысына құлайсыз да, бір батып, бір шығып, жандалбасалап кете барасыз ғой. Мұндай жағдайға тап болсаңыз, жақсы ой қайдан келсін, мына қара басқа? «Адамның басы – Алланың добы», деп бекерге айтпаса керек-ті. – Бауыржан қайта тұнжырай қалды. Ойына әлдене түскендей.
– Ағаштың басындағы жапырақ екеш жапырақ та, Алланың бұйрығынсыз жерге үзіліп түспейді, дейді ғой, інім. Сол сияқты...
– Көкетайлар-ау, көмектесіңіздерші! – Әңгімені әлгінде әудем жерде жалғыз аяқ жолмен теңселе басып келе жатқан орта жастағы жігіт бұзды. Ретсіз сақал-мұрты, ұйпа-тұйпасы шықан жалбыр шашы көптен түзеу көрмегені байқалып тұр.
– Не көмек саған... – деді Бауыржан оны жақтырмай.
– Ауруханадан шағып едім. Ауылға жете алмай... ақша жетпей тұр, – деді жалбыр шаш жігіт алақанын жайып. Бұлардың көмектесетеніне нық сенімді.
– Білем сендерді... ақшаларың неге жетпейтінін. Көзді бақырайтып қойып, өтірік айтқанша, «басым сынып барады, ішпесем тұра алмаймын», деп шыныңды айтпайсың ба... Тәп-тәуір әңгімені бұзып, – Бауыржан бұрқылдай сөйлеп, шалбарының қалтасына қолын салды да, саусағының арасына іліккен мың тенгелікті оған ұстата қойды. – Енді тез қайқай бұл жерден... тепсе темір үзеді, жүрісін қарашы, – деді сосын. Қолына өз өлшемімен қомақты ақша түскен қайыршы жігіт әнтек бұрылды да, артына қайта-қайта қарайлай қалбақтап, адымын үдетіп ұзай берді.
– Е-е, бұл пенде жан дауасын шараптан іздеп жүр ғой. Басына не күн түскенін бір Құдайым білсін, – деді оның соңынан көз алмай қарап отырған Смайыл қайыршыға шынымен жаны ашып.
– Оны қоя беріңіз, ағасы... арақ ішіп жан дауасын тапқанды көрмедім. Арақ алдамшы ем-дом. Бір күні омақаса құлайды да, содан қайтып тұрмайды. Жаны жаһаннамға қалай кеткенін білмей қалады. Ол дегеніңіз өзгеден емес, өзінен-өзі қашу деген сөз... Мен де дәрменсіздіктен аздап ішіп жүрмін. Шаршағаннан... бәрін ұмытайын деп... Жан дауасын сосын іздеп жүрмін. Бірақ, жаман ойлап қалмаңыз, ішкіліктен емес. Ішкілік опа бермесін білемін. Иә... әлгінде не айтып отыр едік. Анау неме, сөзді бұзып... ие–е, сонымен мен, ағасы, жанның рахатын, өмірдің ләззатын, көңілдің хошын тек байлықтан іздедім. Отбасымыз бірде бар, бірде жоқ күн кештік. Содан болса керек, мен бай болуды армандадым. Ақшам көп болса, мен бақытты адаммын деп ойладым. Бақытқа кенелу үшін бай болу керек. Солай емес пе, ағасы?
– Жоқ, інім шатасасың, олай емес.
– Көрдіңіз бе, қазір мен де солай топшылаймын. Ал бұрын басқаша ойлағам. Сонда, ағасы, бай деген кім, ол несіне жетіседі?!
– Кезінде мыңғырған малы бар адам бай болған. Бірақ, «бай бір жұттық» дегенді түсінген олар көбіне тәубесіне келіп, кедей-кепшікті төңірегінде ұстап, үнемі жарылқап отырған, деседі аталарымыз. Бүгінде адам еңбекпен, маңдай термен күндіз-түні жұмыс істеп, арқалы бай болу өте сирек жағдай. Ортадан жоғары болуың мүмкін. Ал, кез келген қалталы азаматтың кем дегенде таза емес бір тірлігі барына күмән жоқ. Ондай жолмен келген байлықта пәтуа бола ма? Баймын деп бергі жағымен шіренгенімен, арғы жағынан қуыстанып тұрары анық. Сондықтан қай кезде де, бай адам тәні аман, жаны таза адам екені даусыз. Денің сау, жүрегің ақ, ой-санаң таза болса, нағыз байлық сол. Ондай адамның басына бақ та қонады, бақыт құсы да қонады, – деді Смайыл Бауыржанның сынай қараған жүзіне тіктей көз тастап.
– Мектеп бітіргенде есіл-дертім қалайда бай болу еді. Оқуға түсе алмадым. Енді бір мықтының қызына үйленсем, арманым орындалатындай көрінді. Ол кезде мінезім тұйық, жұртпен көп араласа қоймайтынмын. Өзіммен бірге оқыған Ұлжан деген қыздың үлкен ағалары қалада саудамен айналысып, жолдары болып, бүгінде ірі кәсіпкерге айналған дегенді естідім. Олар осы қалада тұратын. Мектептен соң, Ұлжанды әке-шешесімен қосып, көшіріп әкеткен-ді. Оның жоғарғы оқу орнына түскенін де білем. Амалын тауып бір кездестім де, оны айналшықтап, күтіп алып, шығарып салып, айтқан өтініштерін көңілім қаламаса да, екі етпей орындап, әбден сеніміне кірдім. Енді Ұлжанның өзі бауыр басқаны сонша, мені үнемі іздейтін болды. Осындай сәттің бірінде оны жақсы көретінімді, ғашық екенімді білдірдім. Ұлжанда кет әрі емес екен. Екеуміз сөз байласып, не керек ақыры үйленіп тыңдық. Жалғыз қызы болғасын әке-шеше, ағалары біраз тулаған болуы керек. Кейін бәріне көнді ғой. Сөйтіп, мен өмірімдегі ең қатыгез әрекетті жасадым. Қыз сезімімен ойнадым. Оған мән бермедім, діттегенім қалайда дәулетті тұру болды. Тойымызда үлкен ағасы екіқабат зәулім үйдің кілтін ұсынса, екінші ағасы «Джип» автокөлігін көлденең тартты. Сол сәтте менің қуанғанымды көрсеңіз. Төбем көкке бір елі жетпей, жүрегім жарылып кете жаздады. Өңім емес, түсім секілді. Тойдың дастарханын, қалай өткенін айтып жеткізе алмаспын, сірә. Жалғыз қызы үшін ата-ана, қайын ағалар ештеме де аямайтынына көзім жетіп, менде өз тарапымнан жайылып жастық, иіліп төсек болып, өте ибалы да кішіпейіл күйеубала бола білдім. Әке-шешемді құда-құдағилары қала маңына көшіріп алды. Бауырларымның бәрі қайын ағалардың арқасында жаяу қалмады. Көлік мінді. Мені өз фирмаларына жұмысқа алып, білдей бір жоғарғы оқу орнының дипломын алуға да көмектесті. Осындай өмірлік қажеттіктерді түгендеумен жылдар қалай жылжып өтіп жатқанын байқамадым. Ішкенім – алдымда, ішпегенім – артымда. Екі ұлды болдым. Бала–шаға туа сала көліктің ішінде, не кием, не жеймін демейді. Сырт көзге бізден бақытты жан жоқтай, өмірдің күйкі тірлігі күйзелте алмайтындай еді. Баяғы сызылған мінезден өзгеріп, кеудеме нан пісе бастады. Ақшаның оңды-солды шашатын дарақылық деген ауру ақшасы барларға жабыспай қоймайды екен. Бұған мен де шалдықтым. Ол аз болғандай, тойымсыздық деген кеселге ұшырадым. Құмар ойындарына елітіп, казино жағалап, сылқым бикештермен қыдыратынды шығардым. Кейде үйге түнемейтін әдет пайда болды. Жалпы, өз еңбегіңмен тер төгіп тапқан ақшаның құны басқа да, аспаннан түскендей болған тегін көк қағаздардың құнсыз екенін ойлап бас қатырмадым. Ақыры... Ұлжанға тұтылдым «Семіздікті қой ғана көтереді» деген осы шығар. Ұлжан «саған керегі тек ақша екен ғой...Сүйдім-күйдім деп, мені сол үшін алдап келіпсің. Ал, мен сені ынты-шынтыммен сүйдім ғой. Көзіме көрінбе», деп бұлқан-талқан болды. Ешкім бетінен қақпаған, өмірден қалағанын алып үйренген, өмірдің ащы соққысын көрмеген Ұлжан үшін менің тірлігім адам төзгісіз қылық еді... Мең-зең күйде үйден шығып кеттім... Кейін келіншегім жүйке аурулары ауруханасына түсті... Ұлдарды қайын апам алып кетті... Зәулім екіқабат үй қаңырап бос қалды... Маған ешкім ештеңе деген жоқ. Сонда да, Ұлжанның алдына кешірім сұрап баруға бетім жоқ. Өзімді бейшара адамдай сезінемін... Бір күн аш, бір күн тоқ жүрген пенделер менен жоғары тұрғандай көрінеді маған. Мен олардың лашықта күн кешіп жатқан жанұясынан сыңғырлаған күлкі естимін. Киімге жарымай, жалаңбұт жүрген баласы әке-шешесінің аяғына оралып, мойнына асылып еркелейді. Көнетоз көйлек, ақ жемденген камзол киген қараторы келіншегі күйеуіне қос жанары от шаша жәудірей, наздана күлімдейді. Ал, соларды қарық қылып баға алмай отырған божбан қара... мүмкін, ілмиген сары әкесі болса, оларды мекірене жақсы көріп, емірене иіскейді. Міне, бақыт қайда, ағасы... Ал, мен... обалы жоқ адаммын... Сірә, маған енді бұ жалғанда жер басып жүру де ұят. Әбден тығырыққа тірелдім...
– Иә, інім. Жағдайыңыз шынымен-ақ өте қиын екен... бірдеме деп жұбату да мүмкін емес сияқты... Сонда да болса, жан жарасының дауасын, жан тәсілім қылмаудың амалын ойлап, басты тасқа да, тауға да соғып, жер жаһанды кезіп ем-дом іздеп қажеті жоқ секілді. Біліп-білмей істеген күнәлар үшін бір Алладан кешірім сұрап, құлшылық ету ләзім. Тәннің де, жанның да бар дауасы – Алланың қолында. Өзіңізді-өзіңіз таба білсеңіз, түбі отбасыңызға жаныңыз жадырап ораласыз, бәлкім... – Мұңлы ойға шомған екі азамат айтарға әңгімесі таусылғандай үнсіз қалды. Ақырын майда қоңыр леп есті...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу