04.07.2021
  210


Автор: Қайырғали Медет

ҚАРЫЗ (хикаят)

Есік алдындағы жүзімнің қою көлеңкесі астына қойылған сықырлауық сәкіде шынтақтай жамбастап жатқан Әуелбектің көңілі тоқ еді. Тоқ болмай қайтсін, ойға алған біраз шаруаның айы оңынан туғалы тұр. Жуыла-жуыла ақжемденіп, тарыла бастаған жеңі шолақ ақсары жейдесінің соңғы түймелерін бырт-бырт үзіп, сыртқа жайылған мес қарнын быртиған саусақтарымен тыр-тыр қасып қойды. Ризашылықтан езуіне күлкі үйірілді. Сосын, түскі шәй қамына кірісіп, қайнаса да, оты бықсып жатқан сары ескі самаурынмен әуре боп жүрген әйелі Күләйімге көз салды.
− Әй, қатеке, шәйің қайнап тұр ғой. Анау кернейін кигіз де әкеле бер. Түтінге шашалар деймісің, далада отырмыз ғой, ештеме етпес, − деді одан көз алмаған қалпы.
− Иә, жүдә, шашалмасаң да сөйлеп бітерсің… сенімен бүгін отасты деймісің, біліп болдым отыз жылда… Жылы сөйлегеніңе қарағанда бір нәрсе ішіңе сыймай отыр-ау, айтқың кеп, − Күләйім сыралғы болған күйеуіне күйбеңдеп жүріп жауап қатты. Ішке кіріп дастархан алып шығып, күйеуінің алдына жайды. Тағы да әленеге бұрыла бергенде Әуелбек:
− Ішкі тамдағы кереуеттің астында қағаз қораппен жабылып тұрған қара сөмкені де ала келші − деді. Шай жабдығымен қоса былғары сөмкені алып шыққан Күләйім:
− Әй, мына қырық жыл болған ескі неменің ауызы құлыптаулы ғой, − деді қызығушылығын жасыра алмай.
− Енді ше, сен не ойлап ең?!. Ол басқа тораптың астында бостан-босқа тығулы тұр деп пе едің? Бері әкел, сосын білесің оның ішінде не барын…− Әуелбек орнына малдас құра отырды да, ескі жейдесінің қойнына оң қолын сүңгітіп жіберді де, мойнына ілулі кішкентай кілтті шығарды. − Міне, мынамен ашамыз. Бұл менің ешкім білмейтін сейіпім еді. Енді сен білетін болдың, ха-ха-ха…− Күләйім күйеуінің мына жұмбақ та тосын қылығына шынымен таңдана да қызыға қарады. Оның жанына жақындап шөңкелеп отыра кетті. Екі көзі күйеуі ашпаққа әуреленіп жатқан көне сөмкеде. Әуелбек үлкен құпия сейфті ашатындай қабағын түксите, тамағын жөткіріне қырнап, ерекше баппен кішкене ғана кілтті сөмкенің тотыға бастаған титімдей ұңғысына салды. Ақырын-ақырын қозғап бұрады. Сосын жан-жағына жіті көз тастап, сөмкенің ауызын ашты.
− О, көтек…− Күләйім әлденеден шошып кеткендей, тізерлеп тұра қалды да, екі қолымен ауызын басты. Таңданыспен көзі бақырая Әуелбекке қарады. − Мұны… мынаны… қайдан алдың?!. Кісі тонағаннан саумысың, сен бейбақ?!.
− Өй, сен де айтасың! Қайдағы тонау! Жарты жылдан бері үйде тұрмай, босқа сандалып жүрді деймісің. «Жүргенге жөргем ілігеді.» Бұл оңай жолмен келген ақша емес. Сондықтан бір тиын шашау шығармай, сендерге де көрсетпей, ерекше ыждаһаттықпен жинағам. Бірақ… жә, ауызың ашылып, есеңгіреп қалдың ғой. Жақсылап шәйіңді құй. Ешкім жоқта ақылдасар шаруа бар. Тездет. − Әуелбек қара сөмкені әнтек жаба қойды да, ұзын құрақ көрпешенің астына тықты. Сосын өзі жамбастай жатып, көрпе астындағы сөмкені жастық секілді шынтаққа басты. Күләйім қою қүрең шәй ұсынды. Жүзіндегі таңданыс табы тарқамаған.
− Отағасы-ау, әлгі… ананы, − иегімен көрпеше астын нұсқады, − не істемек ойың бар. Былай ел қатарлы үйге аптамат кіржуғыш алсақ… қашанғы мықшыңдап қолмен кір жуып, ыстық тандырға күйіп, қалған-құтқан ауқатты, кейде-кейде жейтін бір асым етімізді кештете ағаш-ағаш басына байлап, таңатпай жинап жүреміз, түге?!. Ел сияқты жұмсақ дибанда демалып, жайлы төсекке жатсақ қайтеді, ә, біз де?! − Күләйім күйеуінен көз алмаған қалпы, біраз әңгіменің басын қайырып тастады. Әуелбек шәй сораптаған күйі үн-түнсіз. Маңғаз. Кірпік қақпай әлденеге қадала қалған. Әйелін естімей, әлдебір қиялға шомып, ойға батып кеткендей ме дерсің.
− И-и… Ерланның әкесі-ау, естимісің?!
− Иә, армандапсың, жүдә! «Еркектің жауы − ерке қатын мен бейпіл тіл» деген. Еркелікке салып, өзіңнің ғана қара басыңды ойлап кеттің ғой. Ауызыңа ие бол! Құдай ұрып, көрші қатын-қалаштарға бөсіп жүрме. Баяғыда қоймашы болған Мұқаш көкем «бірінші әйеліңмен, екінші бастығыңмен дос болғаның жақсы» деп отырушы еді… Әңгіменің тоқ етері былай, анау ұл отызға таяды. Соның басын екеу ету керек. Үйлендірмесек болмайды. Келіннің төркіні тәуір болса, дүние-мүлік өзі-ақ келеді. Бұл бір. Сосын мына үй тозып барады. Өзі ескі, сылағы түсіп, есік-тесік сықырлап мазаны алды. Осыны тез арада дұрыстап жөндеуден өткізсек. Онан кейін барып, ұзатпай келін түсіру керек. Мұндай мүмкіндік енді туа бермес. Ақшаны айтам… Бұл анау қаладағы «Алтын теңге» баспа кампаниясының ақшасы. Былтыр мен олармен келісіп, ауданға газеттер жаздырып, таратып отыруды қолға алғам. Бес-алты ауылдағы поштада, әкімдікте істейтін дос-жоралар бар. Солардың арқасында зейнеткерлерге, айлық алатындарға, жас балалы келін-кепшіктерге, әйтеуір, кімде пұл бар, соған баспаның газеттерін тәп-тәуір өткізіп жүрміз. Мына сөмкедегі алты айдың қаржысы. Кемі сегіз жүз мың. Осының қазірге компанияға жартысын ғана өткізсем. Қалғанын жыл соңына дейін тауып берерміз деп ойлап отырмын. Бұған не дейсің? Аннан-мыннан қарыз іздегенше…− Әуелбек Күләйімге тіктей қарады.
− Дұрыс қой, отағасы. Тек… қаладағыларың ақшаны түгел әкел демесе… ессіз қалғыр...
− Оларға салсаң, «апта сайын өткіз»дейді дә. Ақшасы жиылмаса, тоқтап қалмайды. Жыл соңына дейін күтпегенде қайтеді. Газеттер алып тұру үшін, олардың бизнесі ақсамауы үшін, әрине, азын-аулақ ақша өткізіп тұруым керек. Жігіттер де маған сеніп отыр. Оларға жинадым демей, жинап жатырмын деп жүре тұрсам...
− Ойбай, отағасы-ау. Мұның ойға келмеген ақыл екен. Осыншама ақшаны Құдай қолға сала бермес. Әрі түбі бір қайтарармыз. Тәйірі, бизнес жасап отырғандар болса, осы ақшаға қарап қалмаған шығар. Дұрыс айтасың, ұл да есейіп барады. Мен де іштей уәйім қылып жүр ем. Анау көшенің басындағы Жексен қайынаға бәнкіден несие алып, ұлын үйлендіріп, сол қалада-ақ дүркіретіп той жасапты ғой.
− Әй, оны қой. Жексен деген бәнкіге қарызын қайтара алмай, тұрған үйін бағалап, бәнкі тартып алғалы жатыр деп естігем. Әрі бәнкінің пайыз дегені тағы бар. Оның қасында мына біздің амал тегін сияқты емес пе? Қалаған кезде, жағдайың келгенде пайызсыз, үстемесіз қайтаруға болады. Тек дымың іште болсын, кемпір!
− Әрине, о не дегенің шал-ау! Бір қуантып тастадың ғой. Кейбіреулер «қызметі үлкеннің иті, ақшасы көптің биті» бола қалады емес пе? Сен, отағасы, мәләдес екенсің! Мына ойға алған тірлігіңе риза болып отырмын. Әкеші, кесеңді, ыстық шәйдан баптап бір құяйын, кәне, − Күләйім Әуелбектің шынысына қол созды. Екеуі терлеп-тепшіп, біраз үнсіз отырып шәй ішті. Екеуі де тәтті ойлардың жетегінен шыққысы келмеді. Екеуі де қарызға айналар ақшаны қалай қайтару емес, келінді қалай түсіру мәселесін ғана ойлап кеткен еді.
− Жезде, оу, жез-де! Қалаға барам деп едіңіз, ала кетейін. − Қисайған қашаның ар жағында ескі сары жигулиінің есігін айқара аша бұған айғайлап Жақып тұр екен. Екеуі де оның есік алдына қашан келіп тоқтағанын байқамай қалыпты.
− Ойбай, қазір… қазір… Тарс ұмытып кеткенімді қарашы… − орнынан ұшып тұрған Әуелбек шынтақтағы сөмкеге бір, әудем жерде тұрған Жақыпқа бір қарап сасқалақтап қалды. Сөйтті де қара сөмкені құрақ көрпешемен қоса орай көтеріп ішке қарай ұмтылды. − Қазір… он-он бес минөт шыдай тұр, қайын бала. Киіне қояйын… тез шығам...
− Інім-ау, шайға кел, − деп Күләйім де бәйек бола қалды.
− Рахмет, әпше. Жаңа ғана ауқаттанып шықтым, − деді Жақып та дауыстай, мәшинесіне қайта кіріп жатып.
− Мен жаңағыны бөліп алдым. Кешірек оралам. Газеттер ала келуім керек… Кешке нарын жасап қоярсың. Кең отырып, қалған әңгімені пісірерміз. − Іле үйден шыққан Әуелбек Күләйімге жүре тапсырма берді.
− Жезде-ау, інішек те бармайтын ба еді? − деді Жақып қолын соза, сұраулы кейіпте сәледесе.
− Е, ол, жүгірмек, азанда ерте кеткен қалаға. «Түс қайта описте жолығармыз, сонда күтем» деген, − деді оған Әуелбек.
− Описі несі?
− Әлгі «Алтын теңгенің» канторын айтады, дә.
− Е, солай деңіз. Бойдақ адам үйге тұрғысы келмейді ғой. Ерлан да біразға кеп қалды емес пе? Үйлендірмейсіз бе? − деді Жақып мәшинесін оталдырып жатып.
− Құдай қаласа, бір сәті келер, − деді Әуелбек жымия.


* * *



Бірер сағатта қалаға жеткен Жақып Әуелбекті «Алтын теңге» баспа үйінің алдына түсіріп кетті. Әуелбек ақырын ішке енді.
− Сәлеметсіз бе, ағай! − хатшы қыз жылы күлімсірей сәлемдесті.
− Сәлемет пе, шырағым. Бастық өзінде ме?
− Иә, аға. Кіре беріңіз, ол кісі жалғыз отыр. − Әуелбек имене басып, есікті ақырын қағып, бастықтың бөлмесіне кірді. Үстел басында әлдеқандай қағаздарға шұқия қарап отырған Жүсіпбек басын көтерді де:
− О, ағасы, төрлетіңіз, − деп орнынан тұра қол беріп сәлемдесті, − Ауыл-аймақ, бала-шаға дегендей, аман-есен бе? Шаршамай кеп қалдыңыз.
− Шүкір, шырақ. Бәрі аман-есен. Өзіңмен аздап сөйлесейін деп… сосын азын-аулақ пұл алып келген едім, − деді Әуелбек дауысы бәсеңдей.
− Азын-аулағыңыз қанша?
− Төрт жүз мыңдай...
− Тым аздау екен. Біздің есеп бойынша, сіздің ауданнан сегіз миллионға жуық ақша түсуі керек. Жылдың ортасы таяу, ал қаржы түсіруіңіз баяу.
− Жыл соңына дейін деп жазылушылар көп-ақ… Бірақ ақшасын жинауда сәл қиындықтар боп жатыр енді… Жүсеке… кейінірек берерміз деп...
− Әу баста сөзіңізге сеніп, өзгелер секілді келісім-шарт та түзбедік. Шарт бойынша жұмыс істегенде, қайтарым қаржыны кешіктіргеніңіз үшін ұрыспай-таласпай айыппұл деп үстеме пайыз алып отыра бере едік. Онда өзіңізге тиесілі пайыздан да айырылып, маған тегін жұмыс істер едіңіз. Уақтылы қаржы түсіріп тұрсаңыз, өзіңізге де тиімді емес пе? Тиесілі ақшаңызды дер кезінде алып, жеңгейдің қант, шәйін айтқан кезінде жеткізіп тұрар едіңіз. − Әңгімесін қатқылдау бастаған басшы сөзінің соңын жұмсарта әзілге бұрғандай болды.
− Қаржыдан түгел құтылғанша тиесілі пайызға ауыз ашпай-ақ қояйын... Тек газеттеріңізді үзбей беріп тұрсаңыз... «ер мойынында қыл арқан шірімес» деген... ұяттау болып... мүмкіндігінше тез қайтаруға тырысам. Елге бара, ауылдарды тағы бір аралап шығам.
− Енді аз да болса, ақша түсіп тұрмаса қиын ғой, күнкөріс қамы, тіршілік дегенге... Қиналып қалып, жұмысты тастап кетпейсіз бе? Келісімшарт болмаған соң, біз де сізге пәлен дей алмаймыз. Тек үлкен кісі ғой деп сенгеніміз болмаса, − Жүсіпбек Әуелбектің жүзіне барлай қарады. «Ойбай, мынау бастық арам пиғылымды оқып отырғаннан сау емес қой. Қарызға деп алып қалған ақшамды біліп қойған-ау, сірә,» деген ой өн-бойын қаңтардағы аяздай қарып өтті. Бір сәт жүрегі тоқтап, тынысы тарылып бара жатқандай болды. Әжімдер баяғыда із салған қыртыс-қыртыс шот маңдайынан суық тер бұрқ етті. Қипақтап, шалбарының артқы қалтасынан мыж-мыж боп бүктелген беторамалын алып, маңдайын сипалай берді.
− Енді... ұятты боп тұрған соң... амалдап күн көріп келеміз ғой, мал-жан бар дегендей... − деді сосын міңгірлей.
− Сөзіңізге қарағанда ар-ұяттан безе қоймаған сияқтысыз. Бүгінде адамдар біртүрлі алаяқтау болып бара жатқандай көрінеді маған. Тек «ала берсем, ала берсем» дейді де, кейін алғанын қайтаруға келгенде, бір Аллаға ысыра салатын сыңайлы. Кейде, тіпті, «не бопты сонша, маған ғана қарап қалдыңыз ба, қайтарамын аман болсақ» дейтінді де көріп жүрміз қазір. «Ағам алғанша, жеңгем жегенше» демей ме осы күннің мақалы. Сосын айтып жатқаным ғой, ағасы. Оған ренжи қоймассыз деп ойлаймын. − Түсінген адамға бастық астарлап болса да, талай сөз айтып тастағанын Әуелбек тез-ақ аңғарды.
− Жоға, ол не дегеніңіз, несіне ренжимін. Мына заманда нан таппақ та оңай шаруа емес екенін түсінем ғой, шырақ. Қайта өзіңізге рахмет. Көп сөзге келмей, жұмыс істеуімізге мүмкіндік бердіңіз. «Қармаққа жармақ» боп... Жаңа бастаған соң, анау-мынау қыр-сырын түсіңкіремей жатқан шығармын. Құдай қаласа, ұятқа қалдырмай жұмыс жасауға бармыз... қарсы болмасаңыз, − деп Әуелбек алақанының астына басып отырған тап-тұйнақтай етіп ораған ақша бумасын бастықтың алдына қарай ысырды.
− Жарайды. Бухгалтерияға барып тиісті қағаздарды реттеңіз де, керекті мөлшердегі газеттерді ала беріңіз. Оларға мен айтты дерсіз, − деп Жүсіпбек әңгіменің біткенін меңзегендей болды.
Бастықтан қатал ұстаз алдында қиын сынақ тапсырған шәкірттей бір толқып, бір қобалжып шыққан Әуелбек бойы әжептеуір жеңілдеп қалғанын сезді. Ширақ қимылдап, шаруасын тез-тез бітіріп, ауылға қарай асықты.


* * *



Соңғы кезде Әуелбектің шаңырағындағы қызу тірлікке көрші-қолаң назар аудара бастаған. Жайшылықта жел қозғалса да, оңайлықпен қозғалмайтын отбасында ерте тұрып, кеш жатып дегендей, қыбыр-қыбыр қозғалыс басталған. Әу басиа бұған мән беріп жатқан ешкім болмады. Тәйірі, қораздың қиқуымен оянып, түн ортасы ауғанша шамы сөнбейтін түтін ауылда аз ба?! Сосын жүк көліктері бірінен соң бірі түрлі құрылыс материялдарын әкеп төге бастағанда «е, бейшара, қырық жыл сылақ көрмеген кепесін бір түзеп қояйын деген екен дә, қайтсін, енді...» деушілер күңкілі аракідік естіліп қалды... Бірақ, «оу-у, Әуке, не тірлік қылмақсың?» деуші тірі пенде табыла қоймады. Ағайын көрсе де, көрмеген кейіпте. Ал, қора-қонсыда екі-үш ірілі-ұсақ мал пайда болып, жазғытұрым жаңа күш алған кезде аз-маз жем-шөп түсіргенде, көпшілік таңданыспен «әй, бұл тегін емес, Әукеңнің бір ойға алғаны бар-ау» деп шарбақ жағалаушылар қара көрсетіп қалып жүрді. Бірақ, қанша қызықса да, қоңсылар да, ойға алған үлкен шаруасы ішіне сыймай бара жатқан Әукең де әзірге сыр ашып, арқа-жарқа шүйіркелесуден қашқақтайды. Асығыс сәлемдесуден аспайды. «Е, қатардан қалмағаны жөн ғой» деп көршілер жүрсе, «шаруаның беті бері қаратайын, сосын ағайынға жақсылап шәй беріп, мәслихат құрармын» деп Әуелбек жүр.
Бір күні арзан жұмыс қолы ретінде көрші елден келген бес-алты гастарбайтерді алып келді. Құрылысқа әбден машықтанған жалдамалы жігіттер атқарылар жұмыс ауқымын көріп, келісімді бағасын, жұмыс барысындағы аздаған талап-тілектерін айтты. Бұл Әуелбектің ойлағанынан әлдеқайда төменгі баға еді. «Қиналсаңыз, онша-мұнша қосымша жұмыстарды, қора-жайыңызды, тандыр-ошақтарыңызды бұдан да арзанға істейміз. Бізге қалай да жұмыс істеу керек. Келіссеңіз болғаны. − деді еті тірі, пысықтау бірі Әуелбекті оңашалып. − Ауқатты өзіміз жасаймыз. Аз-маз пұл берсеңіз, авансқа. Өзіміз үшін болғандықтан бос тұрмаймыз. Кез-келген материалды іске қосамыз. Қымбатын әкел демейміз. − «Іздегенге сұрағын» демекші, бұл талап Әуелбекке бірден ұнады. Жігіттер де уақыт оздырмай, үй ішіндегі мүліктерді сыртқа тасып, дуалдардың ескі сылағын көшіре бастады. Осылай абыр-сабыр қауырт жұмыс қызды да кетті.
Бесін ауа бірі қолдарын арқасына ұстаған, бірі далиған дамбалдың қалтасына салған үш-төрт ауылдас ақырын аяңдап, мұның қашасына келіп бас тіреді. Әуелбек оларға қарсы жүрді.
− О-у-у, Әуке, іс ілгері болсын! − деді бірі дауыстап.
− Иә, үлкен шаруаны қолға алыпсың, − деді шикіл сары құрдасы Мәкен амандасып жатып.
− Ішке кіріңіздер, − деді Әуелбек қашаны ашқанда әуліге қарай меңзеп.
− Жо-о-қ. Кедергі болып қайтеміз. Осында-ақ хал-жағдай сұрассақ жетер. Көп болды ашылып әңгіме қылмадық. − Ел ішінде «Информбюра» атанған Маралбай көп атынан сөз бастамақ ниет танытты. − Банктен несие алғансың-ау, шамасы. Қазір жұрттың бәрі бір ғана куәлікпен түрлі мөлшерде ақша алып жатыр екен ғой. Ол не қылған «батпан құйрық, далада тегін жатқан құйрық», әйтеуір, түсіне алмай-ақ қойдым. Әй, кез келген қарыздың қайтарымы бар емес пе?! Банк деген пәлең өсімсіз, пайызсыз ештеме де бермесі тағы аян. Банктермен жағаласа, үй мен жеріңе, тіпті, алтын-күмісіңе де несие беретін жеке пирмалар шығыпты дейді. Бұл не қылған көп ақша?! Тіпті сұрауы жоқтай үлестіріп жатыр әйтеуір. Түбі бір залалы болмасын деңіз.
− Қалада бітпеген үйін де банкіге тігіп, қомақты несие алып жатқандар көп екен. Оны айтасыз, кей пысақайлар бір күнде үш банк арқылы анау гипер дей ме, супер дей ме, сауда үйлерінен қалаған дүние-мүліктерін қырып алуда дейді. Оларды қалтаңнан бір тиын төлемей, банктер арқылы ала береді екенсің. Сосын бір-екі жылда шетінен құтылатын құсайсың. Ешқандай пайыз жоқ, дейді білгіштер. − Мәкен де сөзге қызу араласып, май құя түсті.
− Әй, сонда да, қарыздың аты қарыз. Өкімет жайдан-жай пұлын тарата салмайды. Беруі жеңіл шығар, қайтаруы қиын болмақ түбі. Мына Қарасу ауылында бір-екі кәсіпкерсымақ жігіттер былтыр шаруа қожалығына деп субсидия алға екен. Биыл комиссия шығып, алған малы, еккен бау-бақшасы қайда деп тексеріпті. Әлгі жарықтықтар шөптің басын сындырмай-ақ өмір сүрмек болып, алған пәлен мың ақшаны жоқ етіпті. − Қалдыбай да қарап тұрмай сөз көрігін қыздыра түсті.
− Е, сосын не бопты, − «Информбюро» Маралбайдың құлағы елеңдей түсіп, Қалдыбайдың аузына кіріп кетердей емеурене түсті.
− Не болғанын қайдам. Милиса мен прокурордан құтыла алмай жүр деп естігем. Сотты болуы да ғажап емес, дейді ғой, ұзынқұлақ. − Қандыбай әңгімесін аяқтағандай бәріне көз жүгіртіп шықты.
− Иә, оңай емес. Тып-тыныш жатайын десең, жан шыдамайды. Елдің істегенін істегің келеді. Бірақ қол қысқа. Қит етсең, ақша сұраған заман болды бұл. Құдай ақырын оңдасын деңіз, − Мәкен тағы сөзге араласты. − Әуке, осы сен де тыраштанып жатсың. Әйтеуір, несие, қарыз дегеннен амансың ба? Жатып-жатып бірден бастауың жаман.
− Жо-жоқ. Несиеде шатағым қанша? Қарап жатқан жоқпыз ғой. Құдайдың бұйыртқаны бар шығар, − Әуелбек өзіне қатысты әңгімеден басын алып қашты.
− Шамасы, ұлды үйлендірудің қамына кіріскенсің-ау. Әрекетің соған ұқсайды, − деді «Информбюро» Маралбай Әуелбекке тігіле қарап. Әуелбек Маралбайдың секемдене қарауынан, сасқалақтап қалды. «Бұл пәле қайдан естіген?» деген сұрақ санасына сап етті. Сонда да сыр бермей:
− Енді, Мақа, бала жас емес. Құдай сәтін салса, ол көптен ойда жүрген шаруа ғой, − деді.
− Небір қырғын кезеңдерде де адам баласы отбасын құрып, үйлі-баранды тірлік кешті емес пе? Табиғат заңы деген сол. Оның қасында қазіргі қиындық деген не, тәйірі?! Аштан өліп, көштен қалып жатқан ешкім жоқ. Қиындықтан гөрі, бәсекелестік басым заман. Дүние қуу деген адамдардың адамгершілік ізгі қасиеттерін жояды екен ғой. Қазір ағайын адам бірін-бірімізге кіріп, бір пиялай шәй ішіп, хал сұраудан қалып барамыз-ау. Әйтеуір, асығыс тірлік, жетпейтін дүние. Сөйтіп, өз қадірімізді өзіміз білмей, өмірден өтеміз де кетеміз, көрерсіңдер... «Жоқ, жоқ» дей бермей баланы аяқтандырған дұрыс. Қашанда бір кем дүние. Түгелдеп түбіне жетпейсің. − Мәкен құрдасы біраз пәлсапа соғып, Әуелбектің иығынан қағып қойды.
− Жөн сөз. Айта берсе, сылтау көп. Тек қарызға батып қалмасаң болды. Қалғанын Алла тағала өзі ретін келтіреді екен ғой. Сондықтан, тойға келейік, Әуке, − деп Қалдыбай көрші-қолаңның келісімді ниет-тілегін жеткізіп, тарауға оқталған сыңайын байқатты.


* * *



Арада ай өте Әуелбек келін түсірді. Мың жылдық құда да алыстан емес, көрші ауылдан. «Тең-теңімен, тезек қабымен» дегендей, өзі қатарлы қоңыртөбел күн кешіп отырған момын жандар екен. Әуелбек соған қуанды. Аспандағы айға ауыз білеген құда-жекжаттар туралы да есітіп, іштей шошып жүретін. Ал, мұның құдалары «екі жас бақытты болсын, бұйрық тә» деп көп ырым-сырымға бармады. «Ананы әкел, мынаны әкел, мынан тап, үйт-бүйт» деп ыңырси шарт та қоймады. «Елдің жасап жатқан салттарын шамаларыңызға қарай жасарсыздар» деген де қойған. Тұла бойы тұңғышы болған соң, дүркіретіп қаладағы тойханалардың бірінде болмаса да, есік алдында мол дастархан жайып той өткізді. Ауылдың кәрі, жасы түгел дерлік қуаныштың ішінде болды. Әуелбек те құда-жекжат, нағашы-туыс, бажа-балдыз сияқты ет жақындар түгілі, бір туған ағайынның өзі саусақпен санарлық еді. Сондықтан, негізгі қонақ ауылдастар болды. Той ойдағыдай өтті. Өзі де, ел-жұрт та риза. Елпілдеп жүріп ағайынға «құдайға шүкір» шәйін берді. Көп ұзатпай, құда күтті. Ұсталардың қолынан шыққан оймақтай үйі, тап-тұйнақтай қора-жайы, жиын-тойға ыңғайлы қазан-ошағы ел назарына ілікпей қалмады. Оған да құтты болсын айтушылар табылып жатты. «Жылы сөз жан семіртеді» емес пе, ондайда Әуелбек бір марқайып қалады. Баланың шаңырағын көтеру машақаты өз шығынын жаппаса да, Әуелбектің беделін бір көтеріп тастағаны анық еді.
Жылжып жаз өтті. Күреңітіп күз кетті. Жұртты біраз әбігерге салған қытымыр қыс та қаһарынан қайтты. Әуелбек қарызға қарыз жамамаса да, алған қаржыны қайтаруы қиынға соғып кетті. «Алтын теңгеге» ай сайын ақша өткізіп тұрғанымен, алғашқы сома қозғаусыз қалып келеді. Енді біразырақ қаржы жинай бастаса, қу тірлік, әлденеге қажет боп қалады. Сосын амал жоқ. Қалаға барған кезде де, газеттер алып, қаржы өткізгенде де, бастығы Жүсіпбектің көзіне түспеуге тырысады. Көрсе, міндетті түрде бірдеме айтары анық. Бұл да қипақтайды. Енді қайтсін, «өлімнен ұят күшті» деген. Бірақ, бар-жоғыңды түгендеп, алқымнан алып жатқан басқа ешкім жоқ. Осыған еті үйрене бастаған Әуелбектің бойында кейде қарыз мәселесін ойламауға тырысатын әдет қалыптаса бастады. Мұнысы өзіне бірте-бірте ұнай бастаған-ды. Ал, Жүсіпбек болса, жылдан аса Әуелбектен қайтпай отырған ақшаны қалай өндірудің амалын таппай дал болып жүр. Бір Әуелбек болса мақұл. Тауар алып, қаржысын қайтармай жүрген адамдар әр ауданда да табылады. Ұсақ-түйек қарыздар есептен шыққалы қашан. Қомақты қарыздарды қайтарса да, жаман болмас еді. Соңғы уақытта Жүсіпбектің басын қатырып жүрген шаруа осы еді.


* * *



Мамыражай көктемнің соңын ала Жүсіпбектің жақын жамағайыны қайтыс болып, жаназасына барды. Ел-жұрт әлі түгел жиылып болмаған соң, шуақтан тұрған көпшілікке имам уағыз айтып, түсінбейтін сұрақтарына жауап айтып тұр екен. Жүсіпбек те жақын кеп құлақ түрген.
− Перзенттің ата-анасы алдында басты үш міндеті бар. Бірінші − ата-анасының разылығын табу. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с. ғ. с.): «Аллаһтың разылығы − ата-ананың разылығында, Аллаһтың ашуы − ата-ананың ашуында,» − деген. Екіншісі − ата-ананың қызметінде болу. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с. ғ. с.) бір кісі келіп: «Аллаһтан сауап үміттеніп, хижрат және жиһадқа шығу үшін сізге қол берейін,» − дейді. Пайғамбарымыз: «Ата-анаңның біреуі болса да, тірі ме?» − деп сұрады. Ол: «Екеуі де тірі», − деп жауап берген. Сонда Пайғамбарымыз Мұхаммед (с. ғ. с.): «Сен Аллаһ тағаладан сауап іздеп жүрсін бе?» − деп қайта сұрады. Ол: «Иә», −деді. Пайғамбарымыз ол кісіге: «Ата-анаңа қайта орал да, оларға жақсы мәміледе бол, қызмет ет, одан үлкен сауап жоқ,» − деп қайтарып жіберген екен. Үшінші− ата-анаң дүниеден озған соң, оларға әрқашан дұға жасау, бұл дүниедегі достарын құрметтеу. Бұған да бір мысал келтіре кетейін. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с. ғ. с.): «Пенде дүниеден көз жұмғаннан кейін о дүниеде мәртебесі көтеріледі. Сонда мәйіт мәртебесінің көтерілгеніне таңырқап: «Әй, Раббым, бұл қайсы істеген амалым үшін?» − деп сұрайды. Аллаһ тағала мәйітке: «Соңында қалған ұлың сен үшін истиғорар айтты (Сен үшін кешірім сұрап, дұға етті),» −дейді. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с. ғ. с.): «Дүниеден өткен ата-ана алдындағы перрзенттің өтеуі − оларға намаз оқу, истиғорар айтып дұға жасау, уәделерін орындау, достарын құрметтеу және олар тірі кезінде араласатын туыстарымен, достарымен араласып тұру керек,» − деген. − Имам шешіле әңгіме айтуда. Білімді діндар екені дәлелді сөздерімен-ақ ұқтырып тұрғандай. Нанымды, пәтуәлі әңгімені жиналған көпшілік зейін қоя тыңдауда. Имам сөзін аяқтай бере көп ішінен әлдекім сұрақ қойды:
− Молдеке, қазір ғой жұртта қарыз көбейді. Біреудің қарызын біреу қайтара ма, әлде адам қайтыс болған соң, оның қарызы да жабыла ма? Банк кім алса, соны ғана мойындайды ғой. Өзге адамды маңайына да жолатпайды. − Қарыз туралы естігенде Жүсіпбектің құлағы елең ете қалды. Имамға жақындай түсті.
− Біз қайтыс болған адамның жаназасын шығарғанда міндетті түрде пенденің қарызы бар ма, бар болса, оны өтеуі кімнен, кім мойнына алады» деп сұраймыз. Неге? Өйткені, «қарыз өтемей өлген адам онысы қашан төленіп болғанша қабірде шырмалған күйде жатады,» − делінген хадисте. Ал. ол пенденің біліп, білмей жасалған күнәлары кешірілсе, борыштарын ұлы не әулеті өтеуі перзенттік міндет боп табылады. Ал, банктегі қарыздарды өтеудің заңды жолдарын бекіткен ғой. Сол жолдармен жүзеге асса керек. «Болашақта қайтару ниетімен қарыз алған адамға, егер ол алған қарызын игі мақсатқа жұмсаса, Аллаһ тағала көмектеседі,» − делінген Пайғамбарымыз Мұхаммед (с. ғ. с.) хадистерінде. Енді, көп пенде енреңгі күнін ойламай, бүгінгі ғана тіршілігін ойлап қарыздана береді. Бір қарызына бір қарыз қосылады. Қиналады. Жалпы қарыз деген дұрыс емес. Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Қарыз − Аллаһ тағаланың жер бетіндегі ескертулерінің бірі. Аллаһ тағала кімді қорлағысы келсе, соны қарызға батырады» және «Қарызды мезгілінде қайтармау − қаскүнемдік» дейді. Сондықтан, қарызды о дүниеге арқалап кету тозаққа түсумен жазаланады. Сол себепті, біз мәйіттің қарыз, борыштарын перзенттеріне өтеуге, өсиеттерін орындауға, ықыласпен еске алуға міндеттейміз. Кәне, көпшілік енді жаназаға тұрайық, − Имам өз міндетін орындауға бет алды. Көпшілікпен қатар Жүсіпбек те қозғалды. Бірақ, ол қатты ойға қалған еді.


* * *



Қарыздарын қалайда өндіру мәселесі соңғы кезде Жүсіпбектің санасынан шықпай-ақ қойды. Әзірге қарызы өтелмеген үш азамат үш ауданның тұрғыны. Бұған «үш қайнаса, сорпасы қосылмайды». Ешқандай туыстық қарым-қатынасы жоқ. Тіпті, алыс жекжат-жұрағаттығы болса да, кешіре салар ма еді, кім білсін?! Бірақ, бұл борышкерлердің қарыз қайтаруға ниеттері де байқалмай барады. Соған ашуланады. «Жағдайын айтып, кешірім сұрап қойса да болады ғой кейде-кейде. Білгеніңді істеп ал дегендей, қасыңнан қақшаңдап өте шыққанда кәдімгідей ашуың келеді екен. Бұлардікі не басынғандық сонда?!» Жүсіпбекті осы ой жиі мазалайтынды шығарды.
Бір күні газеттер алуға келген Ерланды өзіне шақыртты.
− Сәлеметсіз бе, аға! Шақыртқан екенсіз, − деп қағылез жігіт құрақ ұша сәлемдесті.
− Иә. Өзіңмен бір әңгіме бар еді. Ақылдасар шаруа десе де болады, − деді Жүсіпбек жігіттің сәлемін ала.
− Қалай десем екен... Ақсүйек ағылшындар «қарыздану − қайыршылықтың сорақысы» дейтін құсайды. Әңгіменің тоқ етерін айтқанда, сенің әкеңнің қайтармай жүрген біраз қарызы бар еді.
− Аға, қайдағы қарыз?! Өткізген газеттердің ақшасын ай ма-ай бухгалтерияға тапсырып жүрміз ғой. Бірде әкем... бірде мен... Сонда есебі болуы керек. − Ерлан таңдана Жүсіпбекке қарады. Жүзінен таң қалып тұрғаны байқалады. «Аңғал да шыншыл жігіт» деп сырттай әріптестері риза болатынын естіген. Сол рас секілді.
− Сен білмейтін бе едің? Әкең ештеме айтпады ма?
− Жоқ. Көкем қарыз туралы сөз айтқан емес. Ол кісі қашан алып жүр? Әлде мен үйленген кезде алды ма екен?! Қанша еді?
− Иә. Сен шынымен-ақ білмейтін болдың ғой. Екінші жылға аяқ басты. Алғашқы жазылымнан түскен ақшаны түгел құймады. Кейінгі айларға әңгіме жоқ. Бәрі өзің айтқандай, тер-ретімен төленуде. Саған айтпаған екен ғой.
− Аға, оллаһи, бірінші рет есітіп тұрмын.
− Әкеңнің қайтарар ойы жоқ секілді. Немесе қаржы таппай жүр. Олай болса, жағдайын айтуы керек емес пе?
− Құдай сақтасын, қарыз болса, қайтарады ғой.
− Қарыздың өтеуін әкесі үшін ұлы қайтарады, дейді ғой молдекеңдер. − Жүсіпбек Ерланға барлай қарады.
− О не дегеніңіз?! Әкем әлі тірі. Тірі адам өз қарызын өзі қайтарар болар. Оған менің не қатысым бар? − Ерлан кәдімгідей ашуланып, қызарақтап қалды.
− Енді сен ұлысың ғой. Әкең қайтарғысы келмей жатса...
− О дүниеге кеткенше бір есептесер. Құдайға шүкір, қазірге денсаулығы жақсы. Ол кісі үшін мен жауап бермейтін шығармын. Тіпті, бұл туралы өзіңізден қазір ғана біліп тұрмын емес пе?! Бірақ, мені бұған араластырмаңыз. Сізбен қалай келіскені өздеріңізге аян. Ал, айт десеңіз, ол кісіге бір ауыз айтайын. − Жүсіпбек Ерланды шақырып әңгімелескеніне іштей өкіне бастады. «Жігіттің сөзі жөн сөз. Бұған не дерсің?!.»
− Аға, мен жүре берсем бола ма? Шаруам көп еді, − деді Ерлан бір сәт үнсіз қалған Жүсіпбекке қарап.
− Иә, иә, жүре бер, − деді Жүсіпбек бір мезеттік ойдан арыла.


* * *



− Көке, оу-у, көке! − кешке қарай үйге оралған Ерлан сыртқы қашадан айғайлай кірді.
− Өй, ақырын! Шақалақты оятасың. Енді ғана әрең ұйықтап еді, − деп сәкіде бесік тербетіп отырған шешесі Күләйім дауысы шығар-шықпас байбалам салды. − Күні бойы жылап келінге де тыным бермеді. Енді ғана көз шырымын алып еді.
− Бала болған соң жылайды, дә. Онда тұрған не бар екен? Көкем қайда? Әңгіме бар. − Ерлан сәкіге қисая кетті.
− Е, ол не әңгіме тағы? Әкең екеуіңнің әңгімелерің таусылмайды екен, жүдә. Жаңа осында жүрген-ді.
− Шаршадым бүгін...
− Шаршасаң жата тұр. Келін жаңа шәй қамдауға кеткен. Мызғып ал. Оған дейін сағынсаң әкең де келер. Көрші-қолаңға шығып кетті ме, қайдам. Мүмкін қора жақта қошқарларға жем беріп жүрген болар...
− Е, не бопты күнде көріп жүрген әкесін сағынып, − Күләйім тусыртынан шыққан күйеуі Әуелбектің сөзіне селт ете қалды.
− Көктен түстің бе, жерден шықтың ба, дәл әзірге таппай отыр ек қой өзіңді. Өстіп мысықтабандап жүріп, онсыз да кәсәл жүректі ұшырып болдың... Уһ-һ, жаным-ай...
− Не, аяқ астынан жүрегің ұстап қалды, жайшылық па? Әлде ары-бері шықпағалы көп болды ма? Қыдырмасаң жүрегің аурушы еді ғой.
− Е, мына бала сені іздеп, емешесі езіліп тұрған. Мен қайдан білейін, бұған не керегін? − Әуелбек аяқ киімін шешіп, сәкіге шығып жайғасты. Осы сәт жас келін де дастарханын алып шығып, шәй жабдығын реттестіре бастады.
− Апа, шақалақты ішке апарайын ба? − деді сосын.
− Қоя бер, шырағым. Таза ауада ұйықтасын. Әрі өзіміз қарап отырамыз. Бейтаптанып қалған ба, мазасызданып, шошып жатыр ғой. Онан да шәйіңді тездет, шырағым, − деді Күләйім.
− Бейтаптанса, неғып беймарал отырсың? Бір түкірерге апарып, дем салдырмайсың ба? − деді Әуелбек Күләйімге шошына қарап.
− Анау айтқандай ештеме жоқ. Сонда да ертең тәуіпке апарып келермін. Артықтық етпес, − деді Күләйім жайбарақат.
Шәй үстінде манадан қисайып үнсіз жатқан Ерлан сөз бастады:
− Бүгін бастық шақырды.
− Жәй ма? − Әуелбек әңгімені әріден бастаған ұлына секемдене көз қиығын тастады.
− Анау-мынау деп мәймөңкелемей, «әкең ақша қарыз» деп төбеден түскендей дүңк еткізді. Біраз есеңгіреп қалдым, бокстағы нокдаун алғандай, − деп Ерлан да әкесіне ақырын көз астымен қарап, алдындағы шәйін бір ұрттап қойды.
− Ойбай, көтек! Есеңгіреп қалғаны несі, бірдемемен ұрды ма?! − Күләйім сөз астарын онша түсіңкіремей.
− Сөзбен ұрды, апа, сөзбен оңдырмай ұрды. Бірақ, мен де бұқпантайлап, онша тигізген жоқпын, − деп Ерлан шешесіне қарай ыржия күлді. Келін де езу тартты. Әуелбек сыздия қалды. Күләйім ұлына бір, күйеуіне бір қарады.
− Е, сосын... қылжақтамай жөндеп айтсашы, − деді Әуелбек бастықпен болған әңгіменің немен тынғанын білгісі кеп.
− «Әкең үшін қарызын қайтар,» деді. Мен «ол кісі әлі тірі, өзінен сұраңыз,» дедім. Ол үндемей қалды. Мен де оңдырмай, жамбасқа алып ұрдым-ау деймін.
− Өй, қылжақбас неме, әжептеуір әңгімені қалжыңға айналдырмай, дұрыстап айтсаң болмай ма, түге, − деп Күләйім жанында отырған Ерланды нұқып қалды.
− Опшым, көке, қорадан екі қошқарды сатыңыз да, бастыққа кіріп шығыңыз. Сол жерден нан тауып отырмыз, ыңғайсыз екен. Ұяттан жерге кіріп кете жаздадым. Артық-ауыс сөздің қажеті не? − деді Ерлан тіктеліп отырып, әкесіне қарай ой тастап.
− Екі қошқар қай жыртығыңды жамайды... Қарыз болса, біраз... Саған білдірмей, өзім-ақ нетермін деп жүр ем...
− Енді, көке, жыртық та бірте-бірте жамалады, дә. Тіпті, жамамай қойсақ, ертең шалбарсыз қалармыз, − Ерлан тағы ыржиды. − Абырой, ұятпен жүргеніміз жақсы ғой. Жүзіміз жарқын, көңіліміз тоқ болып. − Ерланның сөзіне шәй ішіп отырған әкесі шашалып қала жаздады. Бірақ үндемеді.
− Өй, ақылыңнан айналайын! Ерланжаным да үлкен ер-азамат болып қалыпты-ау. Айтып отырғаның жөн сөз. Әкеңе мен де талай айтып жүрмін «ұят болды,» деп, − Күләйім риза кейіпте ұлының басынан сипап қойды. Сосын Әуелбекке жақтырмай, көзін аларта назар салды.
− Немене мен ұятты ойламайды дейсіңдер ме? Ойлап-ақ жүрмін. Бірақ, көп ойлай берген соң, бойың үйреніп кете ме қайдам, онша мән бермей қалады екенсің. Әрі мен одан қолма-қол санап, не бәнкіден аудартып ақша алған жоқпын. Пәленше пәленбай теңге қарыз деген қағаз да жоқ. Сосын, өзім аяқтан жақсылап тұрып кетейін, қорамда қой қоздап, бұзау мөңіреп жатсын, онан кейін пайдаланған ақшамды буып-түйіп апарып берермін деп жүргем... «Ақсақ түйенің аузына жел айдаған қаңбақ түсер» деген бір қабынып қалайын... Қарашы оны, балаға әңгіме айтып... − Әуелбек тызаңдап қалды.
− Әй, шал! Бірде аш, бірде тоқ жүріп біраз жасқа кеп қалдық. «Келін түсірейік» деген соң, мен бейбақ сөзге келмей көніп ем. «Күріш арасында су ішкен күрмектей» боп. Әрі «арасында қолға түскен пұлдан байқатпай жауып отырамын» дегенсің. «Жарлы болсаң да арлы бол.» Енді не болдың?! Қолыңа түскенді тықпыштап уыстан шығарғың келмейді. «Сау басыңа сақина тілеп»... Шал-ау, мына жасқа жетіп, немерелі болып отырғанда «мешкей деген жақсы ат емес.» Бала дұрыс айтады. Сонан нан жеп отырған соң, «су ішкен құдығыңа түкірме» деген бар. Ойбай-ау, тіпті, «құдықтан су ішкен, қазғанға рахмет айтады» демей ме?!. Ерланжанның бастықтан әңгіме естігені ұят-ақ болыпты, түсінген адамға... − Күләйім Әуелбектің ақтала сөйлегеніне, баласының ұнжырғасы түсіп келгеніне күйініп, біраз сөз айтып салды.
− Көке, қазір «қарыз қатынас бұзады» деген мақалды көп естісем де, мән бермеуші ем. Ертең ол кісі бізге сенбей, жұмыс бермей қойса, үйреніп қалған істен айырыламыз ғой. Қатынасымыз бұзылады дегендей... − Ерлан төмен қарап үнсіз отырған әкесін аяп кетті. − Түсінем, бәрін біз үшін жасапсыз. Сол кезде айтсаңыз ғой, амалдап біразынан құтылып қалар ек. Әлі де біразырақ болса да, ақша апарып, бастықпен жүзбе-жүз сөйлессеңіз болар еді.
− Иә, екеуің екі жақтан ақылман боп... Өзім үшін ғой дейсіңдер ме?!. Қу дүние қолға түскен соң, айырылғың келмейді. Біреу екеу болса, екеу төртеу болса деп... Жарайды. Ет алып қалған екі қошқарды ертең базарға шығарамын. Сосын Жүсіпбекке кіріп шығармын. «Бір-екі күнде бере салар мал жоғын, ретіне қарай құтылатынымды» түсіндірермін. Екеуің жүдә, пүркүрөр құсап...
− Жарайды, шал. Не болды сонша, балаң екеуімізге бұртиып. Біз жамандық ойлап отырған жоқпыз. Қарызын қайтармаған да талайлар жүр деп естимін. Ондайға жаны құрғыр шыдамайды ғой. Аш болсаң да, таза жүргенге не жетсін. Артыңнан ерген сөз бүгін бала-шағаңа, ертең немере-шөбереңе жетеді. Оның бетін аулақ қылсын... Онан да қою-қою сүтті шәйдан іш. Жаның жадырасын. Келінжан, шәйіңді баптап құй, атаңа. − Күләйім әңгіме соңын жұмсарта түсті.


* * *



Ерланмен сөйлескен күні Жүсіпбекке досы Мәлік телефон шалып, кешке тамаққа шақырған. Ол: «Аудандағы қайын атам бір семіз тоқтының етін көтеріп келіпті. Кешке келіп ет жеп кетуге қалайсың?! » деген. Бұл: «Шаруа көп еді. Сонда да болса, «ет дегенде бет бар ма?» Құрдас былқылдатып асып қойсын, міндетті түрде барамын,» деп уәде еткен-ді. Енді көңіл-күйі болмай отыр. Бармай-ақ қояйын десе, «ет асып қой, міндетті түрде барамын» деп кесіп айтқан. Айтқан соң, бітті. Қонақ боп қайту керек. «Ертерек барып, көп отырмай қайтармын», деп ойлады.
Мәліктің дастарханының басына бес-алты адам жиналып қалған екен. Қайын атасы Дүйсен кезінде қызметте болған. Жан-жақты білімді, әңгімешіл кісі. Жүсіпбектің бұл ақсақалмен бұған дейін де, дәмдес болған бар-ды. Қаладағы жиынға шақырылыпты. Қалаға жолы түсіп тұрған соң, немерелерге деп қорадағы бір бағланды қанжығаға байлай келген екен.
− Ардагерлер жиыны ма келгеніңіз? − деп сұрады сөз орайында Жүсіпбек Дүйсен ақсақалдан.
− Ардагерлердің басқосуы бір ай бұрын өткен. Бұл ауыл билерінің, төбе билердің жиыны. Мені аудан іргесіндегі Ақтас атты үлкен ауылдың биі етіп сайлаған. Сосын келіп қалдым. − Бұл борышкер Әуелбек тұратын ауыл. Жүсіпбек қариямен түрлі жайларды әңгіме етіп отырғанымен, Әуелбек туралы сұрақ көкейінде тұрып алды. «Қария оны білер ме екен, білсе, қандай адам, ел ішіндегі, ағайын арасындағы сыйы, беделі қандай» деген сияқты ойдағы сауалдар тыныштық бермеді. Ақыры әңгіменің орайын келтіріп, көкейіндегі сұрақты қойып қалды.
− Енді би болған соң, ауыл тұрғындарын түгел танитын шығарсыз. Қазір көп мәселені ақсақалдар алқасы шешетін болды ғой. Сол ауылда мен білетін Әуелбек деген азамат бар. Білетін шығарсыз? − деді.
− Е, ол жігітті білем ғой. Арғы тегі сіңірі шыққан кедей болған болуы керек. Осы соңғы бір-екі жылда ғана еңсе көтеріп, шаруасы дұрысталып келе жатқандай, әйтеуір. Момын, қақ-соғы жоқ азамат қой.
− «Ағайының бай болса, асағаның май болар» деп өзара көмектесіп тұратын шығарсыздар. «Бір ауыл түгел бір ағайын болсаңыздар керек. Бізде, оңтүстікте ауылдар көбіне солай боп келеді емес пе? − Жүсіпбек орағыта әріден әңгіме қозғады.
− Тым жақын ағайын болмасақ та, бір рулы елміз ғой. Бөтен ру араласпаған. Ел іші болған соң, «ағайын бірде араз, бірде тату». Бірақ, құдайға шүкір, шеттен шыққан ұрыс-керіс, дау-жанжал мүлдем жоқ. Тәубе!
− Мұны айтып отырғаным, ақсақал, сол Әуелбек екі жылдан бері бізбен жұмыс істейді. Ұлы да бірге. Қиналып келген соң, нартәуекел деп жұмысқа алуды мақұл көргем.
− Е, қарағым, «жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды» деген ғой ата-бабамыз. Жақсылық біреуден қайтпаса, біреуден қайтады. Әлсізге жасаған шарапатың Алладан қайтсын. Дұрыс істеген екенсің, балам. − Қарияның сөзіне Жүсіпбек тосылып қалды. Сонда да сыр бермей, әңгімені жұмсарта өрбітуге тырысты.
− Білесіз, есепсіз дүние жоқ. Қолда барды шашу оңай, жинау қиын екені бесенеден белгілі жайт.
− «Теңге тиыннан өсер, жылқы құлыннан өсер» деп аталарымыз тектен-текке айтты деймісің, қарағым.
− Бізде сол, тиынан құрап, үлкен іс бастағанбыз ғой. Құдайға тәубе, ісіміз оңға басып, қазір дұрыс жолға түсіп қалды. Тиынның да басы құралды. Тек кей азаматтардың кері тартары қынжылтады.
− Өмір болған соң, «адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» демей ме?! «Ала ойлаған алысқа бармайды». Үлкен істі қолға алғасын, ұсақ-түйекке мән бере бермеген де жөн, қарағым. − Жүсіпбек тағы тосылды. Сонда да болса, ойындағысын ақтарып қалуға әрекеттенді.
− Жаңағы Әуелбек деген ағайыныңыз маған айтпай біраз ақшаны жасырып қалған. Яғни, менен сұрамай-ақ, қарызға алған. Өз пайымы осылай. Байқатпай, тез-ақ орнына қоярмын деген жақсы ниеті болған, әу баста. Екі жылға жуықтады, қайтара алмай отыр. Жағдайын айтса да мақұл ғой, менен қашқақтайды. Көбіне шаруаға тек ұлын жібереді. Оған қалай ашуланбайсыз, сосын, − деп Жүсіпбек ішке сыймай жүрген өкпе-ренішін жеткізді-ау, әйтеуір. − Ауылдас болғасын әрі сол жерлік би болғаныңызды естіген соң, ретіне қарай айтып жатқан назым, інілік базынам ғой. Бір септігіңіз тиіп қалар деп. Көріп қалсаңыз «ел-жұрттан ұят болады, қарызыңды қайтар» деп бір ауыз айтсаңызда жеткілікті ғой.
− Оның бұл ісі ұят тірлік болған екен. Шамасы жетпей, қысылып жүрген болар. «Адамның тізгіні − ақыл». Ақылға сап, қабырғаңмен кеңесіп көрерсің. Жағдайы тым келмей жатса, «алдыңа келсе, атаңнын құнын кеш» деген. Кәсіпкер азаматтарға ол не тұрады, тәйірі?! Ал мен міндетті түрде онымен сөйлесем. Оған қам жеме, − деп Дүйсен ақсақал Жүсіпбектің әңгімесіне онша мән бермей, екіұшты жауап қатты. Бұл Жүсіпбекке, әрине, онша ұнаған жоқ еді. Сондықтан, дастарханнан тез тұрып кетуге асықты.


* * *



Араға күн салып, кәсіпкер Жүсіпбек пен борышкер Әуелбек ойламаған жерден «Алтын теңге» баспа үйінің алдында тоқайласып қалды. Бірі көліктен түсе бергенде, екіншісі ғимаратты айналып шыға келген. Бірін-бірі жаңа көргендей, ерекше таңданыспен қарап, бір сәт қалт тұрған қалпы жанарлары ұшыраса кетті. Бірақ үнсіз. Әуелбек жанарын тайдырып әкетіп, ақырын келіп қолын ұсынды. Тағы да бірін-біріне ләм-мим деместен үнсіз сәлемдесті. Сосын Жүсіпбек жалт бұрылып, ішке қарай жүрді. Оның ізін ала Әуелбек те майда қадаммен тымпыңдап соңынан ере берді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу