Өлеңдер ✍️

  03.07.2021
  455


Автор: Мұзафар Әлімбаев

Хат жазып тұр…

Бар болғаны:
татар малай Нұримен
Екі жылдай көрші тұрдым бір үйде.
Бар болғаны:
жұрт қатарлы күнелтіп,
Диктант жазсақ, ұқсас қате жібердік.
Бар болғаны:
Бір партада отырып,
Екі жылдан екпінді бол оқыдық.
Бар болғаны:
Бірге бардың киноға,
Мен сияқты отырмайтын үйде о да.
Бар болғаны:
барсам, әни жырғайтын,
Пәрәмішпен, бәлішпен* де сыйлайтын.
Бар болғаны:
менің апам Нұр келсе,
«Қазы же!» деп, қиылатын өлгенше…
Бар болғаны:
сатып алып әр қолдан,
Жаңа марка алмасушы ек альбомнан.
Бар болғаны:
ешкім бермей жеңістік,
Футбол үшін, Пеле үшін керістік.
Бар болғаны:
Тек шахматтан ол ұтып,
Сан бұртидым, бостығымды ұмытып……
Әуреге сап, бізге үйренген баланы,
Екібастұзға үйі көшіп барады.
Ұзатқалы келдім, міне, перронға,
Әни солда,
Нұри, міне, оң қолда.
Қайта-қайта қысты Нұри қолымды:
Жанарынан неге моншақ көрінді!
Қандай ток кеп шымшып өтті жүректі,
Қоңыраудан кейін
неге шым етті?!..
– Хат жазып тұр, хат жазып тұр, Нұриім!
Біле білсең, біздің үй де – бір үйің…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу