Өлеңдер ✍️

  01.07.2021
  144


Автор: Фариза Оңғарсынова

Нарын

Атырау – ақжарқын ел, жыршы далам,
ән мен күй көкірегінде тыншымаған.
Бабамның тері тамған топырағыңнан
әрқашан жас жаныма сусын алам.
Ұйытқан әуенімен қырдағы аңды
күй сазын анам алғаш тыңдаған - ды.
Ардагер Махамбеттей ақын ұлың
шөлдеген құмдарыңды жырға малды.
Талай жан сенде азаттық аңсап өтті,
Исатай бостандық деп жар сап өтті.
Қолға алып бұлбұл көмей домбырасын,
Дина қыз тамсандырды барша көпті.
Қасиетті тазалық бар құмдарыңда,
ез болу күнә сенде туған ұлға.
Менің де көкірегіме тыншу бермей,
жүрегім оранғандай бір жалынға.
Тарихта өмір зырлап, жылдар өтер,
орнында өзен ағар, жылға кетер...
Киелі топырағыңнан нәр сіңірген
ұл - қызың сені, Нарын, жырлап өтер!

1958




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу