Өлеңдер ✍️

  01.07.2021
  158


Автор: Фариза Оңғарсынова

Таққа мінбей тұрғанда бәрі ақылды

Таққа мінбей тұрғанда бәрі ақылды,
бәрі жақын, жанашыр, дара құрбы,
шаршы топта сөз айтар шешен, әрі
шыншыл, әділ қақ жарар қара қылды.
Таққа жетті – жайыппыз текке кілем,
кілем сынды қимылсыз беттегі ірең.
Баяғы әннің бірі жоқ «ел», «жер» деген,
аузын буған өгіздей шеттерінен.
Тақ дегеннің сиқыр ма сұсты демі,
қатерлі ме болмаса мыс күрегі.
Соған қарап есінеп айналасы,
түшкірсе де таққа ұқсап түшкіреді.
Тақ пәтшағар!
Ісің болмай біз аштан жығылсақ та,
шаш еліңнің байлығын – тұғыр сақта!
Мансапқұмар тобырың қалсын сезбей,
айналғанын кіл жанды қуыршаққа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу