Өлеңдер ✍️

  01.07.2021
  174


Автор: Фариза Оңғарсынова

Бала

Бала сүйсең, жаныңда таң атады,
сәбисіздің жазылмас жара табы.
Жақсы бала дос-жарды сүйсіндіріп,
жаман бала жауыңа талатады.
Әке, шеше болу да – сынақ қатал,
уын, балын күліп те жылап татар.
Жақсы бала алысты жақындатып,
жаман бала достан да жырақтатар.
Бала өсірсең, өміріңнің сол тірегі,
байқалмайды балаңның олқы жері.
Жақсы бала жоқтатпай жоқтығыңды,
жаман бала тірілей өлтіреді.
Баласызда Күн нұрсыз, жылдар мұнар,
өзге мұраң – тайғанақ, шыңнан құлар.
Жаман бала төбеңнен жай түсіріп,
жақсы бала жасартып нұрландырар.
Түсіп талай бала үшін иірімге,
қорланбайсың біреуге иілуге.
Бұлт пен шуақ секілді жаныңа нәр
балаң үшін күю де, сүйіну де!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу