Өлеңдер ✍️

  01.07.2021
  133


Автор: Фариза Оңғарсынова

Бай болам деп бір демде

Бай болам деп бір демде,
омақаспа, қарағым.
Ақыл айтсам мін көрме,
құлақ салсаң, жарадың!
«Ана біреу бозамық, -
деме, - менен артық па?!»
Болмағанмен өзі алып,
ар жағында бар тұтқа:
қайын атаның құрығы,
оны талтаңдатып тұр,
қазынадан бар шығыны,
ақша табар жатып құр.
Баиймын деп он айда,
жанталаспа жұлқынып.
Баю деген – ол – айла,
бойлатпайтын бір тұнық.
Байыр ебін тапса кім,
білсең, байлық шіркін-у:
қалтасынан басқаның
ебін тауып қымқыру.
Ондай ебің жоқ па еді –
пайда іздеме жер-көктен:
байлық-дерттің от-демі,
талайларды мерт еткен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу