Өлеңдер ✍️

  01.07.2021
  174


Автор: Фариза Оңғарсынова

Әділдіктен бұлтару

Берілме шындық іздеп қайғыға тым,
шындықтан айныр көсем, айныр ақын.
Жерде көп қамалдар мен иірімдер
адамды әділ жолдан тайдыратын.
Кім түспес пенделіктің қамалына,
бұғаулар естіні де, дананы да.
Тайдырар бала жайы әділдіктен
мықтыңды бой бермейтін шамалыға.
Естінің шаттығынан мұңы басым,
болмайды жақыны да, ұлы да шың.
Досыңның бір қатесін бүркеймін деп,
ақиқат соқпағынан бұрыласың.
Шамалы құдаңның да елде құны,
жетеді бір басына пенделігі:
шындықтан тағы аттайсың, отырғызып,
амалсыз жылы, жайлы жерге мұны.
Көсемсің, аяқ бассаң, той жан-жағың,
мән-жайды ойлап жатпас тойған қарын.
Арқырап әйеліңнің төркіндері
істетпей қоймас саған ойға алғанын.
Бұғауы пенделіктің – мұның бәрі,
әуелден жердегінің ұғымды әні.
Адамзат құрсауланған баяғыда-ақ,
сол заңға бағынышты ол бүгінде әлі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу