Өлеңдер ✍️

  30.06.2021
  161


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жүректі оймен қамалап

Өзгелер қызық кешіп жатыр күліп.
Адамдар «ойнап-күлген күнә,» - дейді,
өздері сол күнәға батып жүріп.
Батсам деп күнәсына адамдардың,
құлшындым желігімен арам қанның.
«Бәрібір періште деп айтпайды ешкім», -
деймін-ақ, сөйте тұра қаламды алдым.
Күн кешпей кәріні алдап, жасқа күліп,
түртінем қағаз шұқып, бас қатырып.
Оңаша қалу – арман, көпшілікте
жонымнан алатындай таспа тіліп.
Жүректі жыл қамадым, ай қамадым,
білмеймін – қайда жастық, қайда жалын.
Әйтеуір өз еркіммен азап кешіп,
қағазға жіпсіз, сымсыз байланамын.
Ал, содан пайда қандай қу жаныма,
немесе өмір деген шуға мына?
Адамзат мүсінімді құйып, кейін
бейнемді жапсыра ма туларына?
Қарсы ағып, Өмір заңын сынар едім,
қол соғар қылық емес бұ да керім:
табиғат жазалайды қарсылықты –
күнәға батпауым да күнә менің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу