Өлеңдер ✍️

  28.06.2021
  321


Автор: Әселхан Қалыбекова

ДОС АҢСАУ

Тілегін қосып біз дейтін,
Сөйлейін достар екшелеп.
Өзегі өртеніп іздейтін,
Өліп кетсең де дос керек.
Жап-жарық мына дүние,
Жарқырап мәңгі тұрмайды.
Ажал да бір күн асығыс,
Қуып та жетер өкшелеп.

Жастығың өтер тер қатпай,
Жылқыдай тиген бөгелек.
Жаныңды қояр жер таппай,
Киерсің қысқа кебенек.
Тәттімен арбап бұл әлем,
Торына тартар не керек,
Бейіттен күліп шығар ем,
Бір досым болса керемет!

Шын достық жетпес кемелге,
Ізгілік, ынсап аунаса.
Тамыры кетпес тереңге,
Қызғаныш құмдай сауласа.
Ақиқат нұрын шашқаны,
Сағыныш өрттей қауласа,
Көктемнің өгей аспаны,
Күркіреп жаңбыр жаумаса.

Айнала бермес досыңа,
Жақсы мен жайсаң дегенің.
Тар жерде салмақ басыңа,
Бейнеті қысқа шегенің.
Күңкілдеп пәле ойлайды,
Күншілдің алма көмегін.
Ағызып тынбай қоймайды,
Ақаулы ағаш өзегін.

Үріккен торғай секілді,
Үмітім зулап барады.
Түс қайта енер екінті,
Еркелер күнің шамалы.
Ысқырып суық үн келсе,
Пенденің бар ма амалы.
Жан досын тауып үлгерсе,
Жанына жеңіл болады.

«Дос түбі - дұшпан» дегенмен,
Армандап асқақ мұратты,
Тыя алмай қойдым кеудемнен,
Дірілдеп аққан бұлақты.
Жүдетіп жанды шаршаған,
Жалғыздық мені жылатты.
Исатайын аңсаған,
Махамбет мұңлық сияқты.

Ақылды, мықты болса да,
Қалмай ма доссыз таңдаған.
Сынаққа қанша алса да,
Құлының жайын қамдаған.
Елшісі оның Мұхаммед,
Нұрына ынтық бар ғалам.
Адамдық көркі ақ ниет,
Ақырын сұра Алладан!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу