26.06.2021
  336


Автор: Әбдінағым Көшер

ҰРЫНЫҢ ҚАТЕЛІГІ НЕМЕСЕ «ИТТІҢ ЗӘРІ ДӘРІ БОЛСА КӨЛГЕ ОТЫРАР»

(Юморлық әңгіме)



       Дөңбас күнделікті жұмысынан кешігіңкіреп келсе, таңертең дәрігерге көрінуге кеткен жұбайы – Пұштанкүл қатты қапаланып, мұрны пырқылдап, екі иығын жұлып жеп отыр екен. Дөңбас жаны аши, оны жұбатуға кірісті:
       – Ау, пұштиған Пыштаным менің, тойыс, пыштиған Пұштаным менің! Маңдайың тырысып, бетің бүрісіп кетіпті ғой, доғдыр бір пәленің иісін шығарған жоқ па, әйтеуір?, – деп сұрады, ол келіншегінен.
       – Доғдыр не дейтін еді, оларға анализ керек. Ал анализ жасау үшін қан тапсыру керек, сосын...
       – Ау, сол да сөз боп па? Өткіз!
       – Өткіздім оны кеше!
       – Ал?
       – Бүгін кіші дәрет, үлкен дәрет апаруым керек еді.
       – Сол да сөз боп па? – деп, Дөңбас кідіріп қалды. Келіншегінің іші қатып, дәретке үш-төрт күнде бір баратыны есіне түсіп, оның бетіне үңілді. Сосын: - Дәрет шықпады ма? – деді сыбырлап.
       – Шықты, шықты, ал ендігісін тағы төрт күн күтуім керек! Ой ужас, ужас! – деп, Пұштан пұштиған мұрнына орамалын апарып «барылдатып» біраз тұрды. Тұмауы қатты екен.
       – Шықса неге енді тағы төрт күн күтесің?
       – Әдірем қалсын бәрі, анау қол сөмкеме қарашы, «сузакский каракулден» тігілген қымбат мүлікке. Автобустың ішінде ұрылар тіліп кетіпті...
       – Жаным-ау, ішіндегі кәшөлегің аман ба? Кеше айлық алатын шығармын деп отыр едің ғой!
       – Кошелок, кошелок дейді ғой, бәрі орнында, мен тағы дәретімді төрт күн күтетін болдым, ұрылар үлкен дәрет салынған ыдысымды алып кетіпті – деп Пұштан тағы ашулана селкілдей бастап еді, Дөңбас күлкіден кеңкілдей бастады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу