26.06.2021
  218


Автор: Әбдінағым Көшер

ПӘШТУӘННІҢ ТОЙЫНДА НЕМЕСЕ «ҚЫМЫЗҒА КІМ ҚЫРЫН ҚАРАЙДЫ, ҚЫЗҒА КІМ ҚЫРЫНДАМАЙДЫ»

(Юморлық әңгіме)



       Пәштуан барлығымызды тойға шақырды. Жұмыстан соң «тал түбіне тығылып алып карта соғып, алтын уақытымызды арзанға түсіргенше» деп, Егеуәлі екеуміз келіншектерімізді қолтықтап алып, жетіп келдік.
       Жетіп келсек, далиып жатқан үстел үстінде тоқсан түрлі тағам, сексен түрлі сусын, жетпіс түрлі жеміс, алпыс түрлі ара... Тұратұр, тұратұр. Сонымен жетпіс түрлі жеміс... Рахат! Екі қолың бос, ауызың ашық, сал да жұта бер, іше бер, жей бер. Шайнайсың ба, әлде шайнамайсың ба, ол ол да өз еркің, өз проблемаң. Әйтеуір тоя же, тоя іш. Тойдың аты – той емес пе?!
       Бірақ бәрібір бір-ақ нәрсе кем немесе кемшіндеу сияқты. Әлде кемдеу ме? Сол нәрсесі түскірді еске алсақ-ақ болды, Егеуәлі екеуміздің тамағымыз жыбырлап, мұрнымыз қышып, дегбіріміз қаша бастайды. Ө, несі-ей?!
       Несі дерің бар ма, ана жолы бірде, екеуміз «әке-көкелеп» жүз граммнан... тойыс жүз сомнан айып төлеп, енді «нарушайт» етсек, яғни ауызымызға алсақ, айықтырғышқа түсетініміз ескертіліп, бір жағдай болған еді.
       Содан бері ғой, отырыс, жиын, кеш десе үйіміздің есігін ішінен іліп алып, көрпе жиналған жүк аяқтың артына тығылып қалатынды шығарғанбыз. Бұл тығылысымыз үйдегіге майдай жағып, реңі кіріп, желкесіне жал бітіре бастады. Бала-шаға тіпті мәз. «Әкеміз жасырынбақ ойнап жатыр» деп күледі, бәтшағарлар. Хоо-ош делік.
       Сонда мына тойға қалайымша батылымыз барып қатыспақшымыз. Тә-әк, оның басты себебі – әлгі нәрсе болмайтын болыпты. Ендеше несіне қорқамыз. Бізді жығуға басқасының қауқары жете ме! Жүдә рахат...
       Енді, сонда да, той дастарханында бұрынғы, «жайнап тұратындарға» көзіміз бен көңіліміз үйреніп қалғандықтан ба, біртүрлі бірдеңе кемшіндеу болып, ауызымызға ашқылтым дәм, мұрнымызға қышқылтым иіс жетіңкіремей, тосылыңқырап отырдық.
       Дастархандағы бар сусынның падишасы қымыз екен... «Бағаң сенің алтыннан да артық ғой сенің, қымыз!» – деп, енді соған қол создық.
       Екі кесесін өңештен өткізіп едік, «пай-пай-ай, рахатын-ай». Кейінгі кезде әбден арақ ішпей, шаң басқан құбырдай болып қалған кеңірдегімізді айнадай етіп аршып, өте шықты. Көзіміз шырақтай жанып, кімге тиісерімізді білмей, жан-жағымызға қарманғандаймыз. Үшінші кесе әлгілердің соңдарынан қуалай кеткенде тіл күрмеліп, бас айналды. Егеуәлі сіріңкенің шиіндей арық болғасын ба қайдам, орындыққа отыруға шамасы келмей құлап қалды. «Әй мынауың қайтеді-ей?!» деп, Саңырақова (қатыны ғой) да аң-таң. Тойға келген әлеуметтің бәрі мас. Себебі қазақта «қымызды кім ішпейді, қызға кім сөз айтпайды». Бәрі ішеді, бәрі сөз айтады.
       Ертеңіне жұмыс орнымызға әрең келдік. Пәштуанның түрі түлкідей қутыңдайды. Күлім қағады. «Бәлем, қымызға арақ қосып беріп бір қатырдым-ау, сосын «арақсыз өткен жақсы той болды» дегізіп екі қатырдым-ау!» – дейді. Өй түрің құрымасын сенің Пәштуан, түрің бар болғыр!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу