Өлеңдер ✍️

  25.06.2021
  270


Автор: Құрал Көмекұлы

БІЛЕСІҢ, АҒА

Іздедім сені ақ иық шыңдар маңынан,
Көктемнің гүлді, күздердің сырлы бағынан.
Көңілді жүдеу жұбатам қалай, ағажан,
Көргенде жұртты жиреніп жүрген қағынан.

Ойларым менің шыңдармен кетсе биіктеп,
Мұңымды аға, басармын сені сүйіп кеп.
Абайдың дерті барады меңдеп мені де,
Содан ба бәрі мені тұйық деп.

Даламның қомы жатаған болып алыстан,
Қыдырып қырда құйындар ойнап жарысқан.
Білесің аға, барады өмір өгей боп,
Бір кем дүние жыртысып жаға алысқан.

Шөлдегі сағым бұлттарға қарап жөңкіген.
Тамбаса тамшы нөпірлі бұлттан кім білген?
Білесің аға, қорғаным солар емес пе?
Ірімшік сұрап келеміз енді түлкіден.

Көлдердің өзі толқынып іздеп жағадан,
Шағала болып қанатында қағады ән.
Тауардың құны көтерілгенде күнбе-күн,
Адамның құны төмендеп кетті бағадан.

Зерделі тауым қараса маған таңданып,
Жырыма менің кетеді сол сәт мұң тамып.
Өзіңді, аға, түсіндім енді ақын боп,
Шындардың басы тұрғанын неге бұлттанып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу