19.06.2021
  211


Автор: Әзиз Несин

Біздің сорымыз

Ауыл магазинінің алдына аялдадық. Қожайын бір шаруа әйелдің құтысына кәресін құйып тұр екен. Бізді байқап қалысымен әйел бастап, бақалшы қостап,— екеуі де күліп жіберді.


— Сіздерді Рашид аға тосып отыр, — деді бақалшы.— Мына дөңге шықсаңыздар, оң жақта кофехананы көресіздер. Ол сонда.


— Рашид ағаң кім?— дедім.


— Барыңыздар. Ол тосып отыр. Кім екенін барған соң білесіздер.


Біз дөңсымаққа шыға бере кофехананы бірден көрдік. Бізге бір ұл бала жүгіріп келе жатты. Ол:


— Рашид атам сіздерді күтіп отыр! — деп айғайлады да, ғайып болды.


Таң қалған үстіне таң қалып ентелей түстік. Кофеханада ине шаншар жер жоқ екен.


— Орта толсын, мырзалар! — дедік.


Жұрт бізді көріп, бір-біріне қарап жымыңдап, еріндеріне сайқымазақ күлкі көлеңкесі іліне бастады.


— Рашид аға қайсыларыңыз!?


— Әне отыр...


Малдас құрған сұлуша өңді, шоқша сақалды шалды нұсқады.


Жанына жақындай бергенімізде, ол орнынан тұрды:


— Қош келдіңдер!


— Есен-саусыз ба? Рашид аға сіз боласыз ба?


— Иә.


— Бізді тосып отыр ма едіңіз?


— Төрлетіңіздер, тізе бүгіңіздер. Тосқанымыз сіздер емес екенсіздер. Киімдеріңіз қалаша болған соң біздің кісілер шатасып қалыпты. Кәне, не ішесіздер?


Біз қатық ішеміз дестік. Сонсоң машинамыздың сынып қалғанын, осы ауылда аялдауға мәжбүр болғанымызды айттық.


Рашид аға кофе ішіп отырған шаруаларға қарап:


— Біздің тосқанымыз бұлар емес. Сендер сол былтыр келіп қайтқан қонақтарды шынымен танымайсыңдар ма?— деді.


— Неге танымайық! — деп шу ете түсті жұрт.


— Сонда сіздер, Рашид аға, кімді тосып отырсыздар?— деп сұрақ қыстырдым.


Шал бір кестелі орамал түйіншекті алдымызға қойды да, асықпай шешіп жайды. Орамалға шылымның бос төрт қорабы оралған екен. Екеуі — «Енидже», үшіншісі «Гелинджик», төртіншісі—«Богазичи».


— Міне, біз осы қораптардың иелерін күтіп отырмыз,— деді Рашид аға.


Ол қораптарды бізге ұсынды. Маған «Гелинджик» қорабы тиді. Қораптың сырты түп-түгел жазу-сызу, шимай-сурет бірдеңелер...


— Рашид аға, бұ не?— дедім.


— Біздің сорымыз ғой.


— Сорымыз дейсіз бе?


— Бізде бір дәстүр бар. Жылда сайлау алдында біздің жолы болғыр жоғары дәрежелі бастықтарымыз бір де бір түкпірін қалдырмай ауылдарды тегіс аралап, жұрттың арыз-аманатын тыңдайды. Былтыр осында төртеуі бір-ақ келді. Халықты жиыңдар, талап-тілектерін айтсын депті. Автомобильдерінен шіреніп-шіреніп шықты. «Қош келдіңіздер!» деп даурыға дауыстадың. Олар бізбен сыпайы сәлемдесті, сонсоң біреуі тұрып: «Мырзалар, біз осы уақытқа дейін сіздердің арыз-шағымдарыңызды тыңдай алмаппыз,— деді,— ал демократия лық құрылыс кезінде басшылар халықтың үніне құлақ қоюға тиіс. Біз бүгін сол үшін келдік. Қандай өтініштеріңіз барын айтыңыздар, кәне». Біз, әрине, көкейіміздегіні ақтарып, көз жасымызды көлдете бастадық. Біз сампылдап айтып бердік, олар шылым қораптардың сыртына сыпылдатып жаза берді.


«Әпендім,— дедік біз әуелі,— біздің түбімізге безгек жететін болды. Құтқара көріңдер бізді!» — дедік. Дереу жазып алды. Мұғаліміміз тұрып: «Бес класты жалғыз өзім оқытып жүрмін. Миым ашуға айналды. Тәңір тілеулеріңізді берсін, енді бір мұғалім жіберткізіңіздерші!» — деді. Оның тілегін төртеуі бірдей бассалып жазып алысты. Арыз айтқанның бәрін: «Жарайды, шара қолданамыз» деп жарылқай қояды. Жарамайды демейді. «Мыналарға онша сенбей тұрмын,— деп сыбырладым мұғалімге.— Осылар бізді алдап-сулап, ауыздарымен жарылқап, қайтып қарасын көрсетпей кететін шығар».


«Бәрін жазып алдыңыздар, алда разы болсын сіздерге. Біздің енді бір өтінішіміз бар. Бізге темір жол тартқызып берсеңіздер екен!» — дедім оларға. Менің өтінішім де шылым қорабына жазылып алынды.


Кеш болды. Келгендердің екеуінің қолдарындағы қораптарын тастай салғандарын көріп қалдым. Оларын байқатпай алдым да, қалтама сала қойдым. Кофеханадан шыға бере үшіншісі де қорабын лақтырып жіберді. Оны да алып алдым. Төртеуі машиналарына отырып жүріп берді. Соңдарынан қол бұлғап біз тұрмыз. Машинаның терезесінен төртінші қорап та ытқып кетті. Барып оны да алдым. Сол төрт қорап мінеки. Түсінікті ме? Біздің арыз-шағымдарымыздың бәрі осында жазулы. Жақында сол бастықтар бізге тағы келеді деп естідік. Қашан келіп жетер екен деп тосулымыз.


Мен қораптарды мұқият көре бастадым. «Енидже» қорабының о жақ, бұ жағына «Шүкірән» деген әйел аты алты рет жазылыпты да, бір рет «Шүк..»деп қана қойыпты. Оның астына қиқитып үш бесжұлдыз, үшбұрыштар, төртбұрыштар салыныпты...


«Богазичи» қорабының сырты сықыған жазу: «Бажамның көңілін табуым керек. Вафи-бейге бір жылы орын іздеуім керек. Италияға баратын делегация құрамына күйеу баламды қыстырып жіберейін. Сәті түспесе, отставка туралы дақпырт дайын. Үш жүз мыңның мәселесі... (жазбаша екі рет, цифрмен төрт рет жазылыпты). Биші қыз, биші қыз (бес рет)...» Төменгі жағында жүректі бейнелеген алты сурет.


«Гелинджик» сигареті қорабының бетіне алайған көз бен асықтың суреті салынған. Астына: «Жарайды, жақсы, болады, істеледі, жақсы» деп жазылыпты.


Кенет:


— Келе жатыр!


— Келе жатыр! — десіп жұрт шу етісті.


Автомобиль келіп тоқтады. Ішінен үшеу шықты.


— Сәлеметсіздер ме, мырзалар?!— деді біреуі.


— Ағайындарға бір сәлем! — деді екіншісі.


— Қайырлы күн, достарым! —деді үшіншісі.


Шаруалар бізді қарсы алғандарындай оларға да сайқымазақ сыңаймен қарап тұр. Келгендер Рашид ағаның жанына, екеуі арқалықты орындыққа, үшіншісі тайпақ орындыққа жайғасты. Қолдарын кеуделеріне басып, төңіректеріндегі үлкен-кішіге түгел тағзым етісті.


— Халдарыңыз қалай, мырзалар? Өткен жыл ырысты болды ма?— деді келгендердің біреуі.


— Бергеніне шүкір,— деді көп атынан Рашид аға жауап беріп.— Өз халдарыңыз қалай?


— Біздің де халіміз жақсы. Былтырғыдан әлдеқайда жақсы. Сіздердің әл-ауқаттарыңыз көп түзеліп қалғанын біз аңғарып отырмыз. Жүздеріңізде қуаныш күлкісі ойнаған. Алла тағала сіздерді рақатқа кенелте түсуіне тілектеспіз!


— Мырзалар,— деді келгендердің ең үлкені.— Демократиялық құрылыс кезінде басшылардың бәрі де халықтың үніне құлақ қоюға тиіс.


Ол қалтасынан «Гелинджик» сигареті қорабын суырып алды. Кофехана иесі оған қысқышпен қысып алып шоқ ұсына қойды.


— Сіздермен өткізген былтырғы кездесуіміздің әсерімен жігерлене отырып, біз көптеген іс тындырдық,— деді қонақ сөзін жалғап.— Бүгін, міне, орталарыңызға қайта оралдың. Қысылмаңыздар, талап-тілектеріңізді түгел айтыңыздар. Сіздердің арыз-аманаттарыңыз — бізге асыл парыз. Қандай шағымдарыңыз, көрген қиыншылықтарыңыз бар, бәрін де айтыңыздар.


Шаруалар сәл-пәл үнсіз тұрды да, сыбырласа бастады.


Менің жанымда тұрған бір шаруа:


— Ең әуелі әлгі шалшықты құрғату қажет. Бізді безгек құртып барады. Дәрі сепкенге болар емес...— деді.


Үш қонақтың үшеуі де қораптарына жаза бастады.


Рашид аға «Богазичи» ұстап тұрғанның қорабына үңілді де:


— Ғафу етіңіз, бей, сіз дұрыс жазбадыңыз,— деді.


Анау жазғанын дереу сызғылап, өшіріп тастады да, қайтадан сыпылдатып жаза бастады.


— Несі дұрыс емес?— деді «Гелинджик» қораптысы.— Әңгіме шалшықты құрғату жайында ғой...


— Солай ма? Маған дұрыс емес сияқты боп көрінді.— Рашид аға алдында жатқан кестелі орамал түйіншекті ақырын шешіп, ондағы «Гелинджик» қорабын алып көрсетті.— Былтыр осы безгек туралы айтқанымызда сіз, міне, мына бір суретті салған болатынсыз.


Жұрт ду күлді. Қонақтар да күлісті. Шаруалардың біреуі тұрып:


— Біз мұғалім сұрағанбыз. Мектепте бес класс бар. Бір мұғалім жалғыз өзі оқыта алмайды,— деді.


— Әрине, әрине! — деді «Енидже» қорабын шимайлап отырған депутат.


— Сіз де қате жазып отырсыз,— деп Рашид аға енді орамалынан «Енидже» қорабын алды.— Былтыр біз мұғалім туралы айтқанымызда сіз, міне, «Шүкірән», «Шүкірән», «Шүк..» деп жазған болатынсыз.


Дәп бір ғайыптан бұйрық естілгендей-ақ, қонақтар қораптарын қалталарына сала қойды.


— Мұнда бәрі де жазылған,— деді Рашид аға.— Міне, бері қараңыздар: мына бір сурет — фабриканың белгісі, ал мына алты жүрек — темір жолдың белгісі. Ал мына қорап биыл келмей қалған мырзанікі.


— Бұ немене өзі?!— деді депутат, иегі шошаң етіп.


— Немене дегеніңіз қалай? Ештеңе де емес. Бұл — біздің арыз-шағымдарымыз. Біздің сорымыз. Бұл өзі шынында немене: біздің сорымыз ба, әлде сіздердің сорларыңыз ба?


Жұрт орындарынан тұра бастады. Қонақтар тайып тұруға ыңғайланды.


— «Шүкірән» мәселесін де, «үш жүз мыңды» да ұмытпаңыздар,— деді Рашид аға.— Қайықтар мен жұлдыздардың жұмбағы естеріңізге түссе, оларды да ұмытпағайсыздар.


Шаруалар қаумалаған қонақтар автомобильдеріне қарай сырғыды.


Біз Рашид аға екеуіміз қатар келе жатырмыз. Қонақтардың біреуі қырылдай жөтеліп қойып:


— Темекіні тастау керек,— деді.


— Иә, тіпті ашты екен,— деді екіншісі.


— Рас, тастау керек-ақ,— деді үшіншісі.— Темекі жүйке тамырыңды тоздырып құртады...


Автомобиль жұлқына жөнелді. Шаруалар мәз-мәйрам боп күліп қарап тұрды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу