👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  18.06.2021
  40


Автор: Жұмағали Саин

Сені мен мен

Сыртың сенің жылтырар, ішің мұздап,
Сөз айтасың әркімге сен жалғыздап.
Бітеу жара секілді тырс-тырс етіп,
Жұмбақ денең тұрады әр күн сыздап,
Сен күлмейсің өмірде кеудең жарып,
Өз үйіңе қайтпайсың соны із салып,
Ескі заман шырмауық соқпағымен,
Әлденені іздейсің панар жағып.
Өзің шешен көрініп, өзің мұнар,
Баяғыдан келесің сен қу бас шал,
Сатылған ар, сарғайған санаң сенің,
Сайқал әйел секілді мінезің бар.
Сабырын, жоқ нәпсіңнің құрты жылан,
Берілгенсің жаныңмен жалғыз соған.
Тірлігіңде жылтырап жүрсең - дағы,
Сен өлерсің,.. құмайтта қалар молаң.
Мен, сен емес оны да ойлап қара!
Бөтен жүрек толғауын ұқсақ шала.
Өзіңдікі әкеліп маған артпа,
Осы алтыным десең де қандай ғана...
Менің ойым бәрі бір сенен басым,
Жарып шыққан жүректің қайнар тасын.
Зұлымдықтан көңіліңді аулақ салып,
Маған келсең мәнімді сонда ұғасың.
Менің өзім секілді сөзім де асау,
Бірақ, сайқал сыры жоқ адамға жау,
Өзіме де, өзгеге қатал бимін,
Әдетімде болмайды құр жылпылдау.
Менің сөзім сыбырсыз көпке арналған,
Менің күлкім тым ащы құлақ жарған,
Қызғанатын өмірден дәнемем жоқ,
Бойда барым жария елден алған.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы