Өлеңдер ✍️

  17.06.2021
  123


Автор: Жұмағали Саин

Қазақ жыры

(Сибирь қазақтарының өлеңі)

Жиналайық, жас қазақтар,
Бір араға топталып.
Қызыл гүлді қыз туралы
Жіберейік ән салып.
Шіркін, жастық, сен тұрақсыз,
Соқ қап желдей ағылған.
Шіркін, сұлу қара қас қыз
Жібек шәлі жамылған.
Келеді әне аппақ сұлу,
Тал шыбықтай бұралады,
Әшекейлі орамалдың
Шеті жерге шұбалады.
Алтындаған қынабымен,
Қылышын да беріп еді.
Тобылғысын күмістеген
Қамшысын да беріп еді.
Астындағы мынау ері
Оның қалған бір мұрасы.
Міне оның сізден алған
Тірідегі сақинасы...
Сенің қара шашыңмен,
Сенің сұлу көркің үшін,
Сенің жібек мінезіңмен,
Сенің ыстық еркің үшін,
Бар жиһазын — мәртебесін
Бұйырып еді бер деп сізге.
Алдан, ару, соныменен,
Разы бол сен енді бізге.
Елжіремес жас жүрегі,
Енді сізге ол жолыға алмас.
Желбіремес кекілдері,
Қара көзі отша жанбас,
Сыпыра соққан қатты
Оны қармен кеміп кеткен.
Қан майданда тапсырған жан,
Қанды айқаста өліп кеткен...
Жатыр жалғыз, жынды боран
Айсыз түнде тек ұлыған.
Маңайында еш адам жоқ
Еш адам жоқ достарынан...
Қайғылы сөз жеткізгенге,
Зарлы сұлу, сөкпе бізді.
Ақтық рет керіп тұрмыз
Сіздің сұлу жүзіңізді.
Өйткені біз таң сәріден
Тағы майдан жолында.
Ащы өмірін қазақтардың
Жоғалтудың соңында.
Көрікті едің тым ұнаған
Бітті біздің бұл махаббат.
Кешір, кешір, ей, Сәулежан.
Көрісерміз сау-саламат...»
Кетті полк қалды ару қыз,
Тұман басты көзінің алдын,
Нажағайдан от шашырап,
Атылғандай оғы ажалдың.
Тұр әнекей қайғылы жан.
Еріндері діріл қағып,
Көздерінен маржан жасы
Тырс-тырс етіп құмға тамып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу