Өлеңдер ✍️

  17.06.2021
  154


Автор: Жұмағали Саин

Еске алу

I
Біздер жаттық шеру тартып
Украинаның даласында,
Кременнойдың ағашында,
Ұлы Донец жағасында.
Мұнда жатқан партизандар*
Ақжүректер, ұлы жандар,
Адамдығын сақтағандар,
Ана сүтін ақтағандар.
Мен де бірге болдым сонда,
Бәрі кәзір көз алдымда,
Міне Яша отряды,
Бізге серік ұзақ жолда!
Әне! Изотов, Патеряйло,
Өз қолымен олар жатыр,
Әне олардың оң жағында,
Агафонов құрған «шатыр».
Одан әрі екі отряд
Жақын қонған бізге қарай,
Бәрі ретті, бәрі даяр,
Әр минутта ұрысқа сай.
II
Тоқта, достар, мен айтайын
Бәріңізге ерлер жайын.
Сағынамын мен оларды,
Ұзап күндер өткен сайын.
Олар маған тым ардақты,
Достар еді бал жаласқан
Ел жолында жан беріскен,
Сан майданға араласқан.
III
Көз алдымда жауған оқтай,
Кірпік қақпай атқан таңдар,
Суық аяз... төнген қауіп...
Арыстандар — партизандар,
Көз алдымда жендет тобы,
Жоямын деген ұры — фашист
Қан-сел болған қатты соғыс,
Қысылшаң көз... біздің жеңіс..,
Көз алдымда Торскиде,
Сонау Солдат хуторында,
Полицейлер біздің қолдан
Жаһаннамға жан тапсырған...
Көз алдымда жауған оқтар,
Кірпік қақпай атқан таңдар,
Қауіп, ажал, қан кешулер...
Қаһармандар — партизандар.
IV
Олар қазір жорықта жүр,
Мен отырмын өлең жазып,
Бірге өткізген күндерді ауыр,
Әңгіме ғып — етіп азық.
— Мен кім қазір?—Жаралы жан.
Сынған сұңқар қанатынан!
Қалған достар санатынан,
Жәй бір өмір тербеушісі,
Жаны нәзік жаратылған,
Ұйықтап жатыр міне балам,
Өзім үйім... жағылған шам,
Еш дыбыс жоқ, ұстап қалам,
Толғанамын өлең жазам...
Кеше дауыл ішінде едім,
Қан мен жалын араласқан,
Кешегі ажал қайда кеткен
Маған қарап аузын ашқан?
— Жоқ , жоқ олар кетті алысқа,
Мен жарымжан қалдым кейін,
Бола алмадым достарменен
Соңғы жеңіс күнге дейін.
Әрине бұл маған ауыр,
Көндім бірақ шара қандай
V
Көз алдымда қалың орман,
Жер астынан салынған үй.
Сығырайған білте, майшам,
Ұйқысыз түн, өткен ылғи...
Мың да, мың боп, еш тыным жоқ..
Қанды күндер, қара түндер.
Өткен талай біздің бастан.
Ажалды оқпен, ер жүрекпен
Қарсы алғанбыз тапжылмастан,
Шіркін сабаз, тар кезеңде
Өзін елдің еткен ері,
Сан жорыққа бірге аттанған,
Қайда ұмытсын қазақ сені.
Көз алдымда қалың орман...
Ұзақ түндер... суық таңдар...
Елдің кегін қанмен жуған
Қаһармандар — партизандар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу