Өлеңдер ✍️

  17.06.2021
  131


Автор: Жұмағали Саин

Сендерді терең ойға алсам

(Мәлік Ғабдуллинге)

Қасқая қара тон киіп,
Қаусыра түйме тағынған,
Қаңтарда кірпік қақпаған,
Қанды айқаста сабылған.
Қалтырамас ажалдан
Қиядан тілеп өзі ұшқан,
Қырғында Отан атымен
Қамалға шауып отқа ұшқан.
Қыран бүркіт сипатты
Қияғы болат қайрылмас,
Құрыштан сомдап суарған
Құзға шапсаң майрылмас,
Қайратына көркі сай,
Қапысы жоқ сөзінде.
Қадалса бейне нажағай
От жайнаған кезінде.
Қадірлі құрбы, қайран дос.
Езгі бір күні, еске алдым
Қаусырма жақтан сөз шықты,
Ақ жүректен толғандым.
Сом сомдап қару асынып
Соқтығыста бір жүрген,
Сом темірдей шыңдалып,
Сағасы өткір сүңгіден —
Сөйлеспей-ақ сыр ұққан,
Күнінде жаумен қырқысып,
Оқ түкіріп, қан жұтқан.
Семсердің жүзі секілді
Сілтесе, қиғыр — нар кескен
Серкесі адам ұлының,
Сертіне жетіп бел шешкен,
Серігін жауға алдырмас
Сенімді құздың түлегі.
Себелеп тұрса жолында оқ,
Селт етпеген жүрегі.
Сауғасы жоқ серті бар,
Сау басы жоқ еркі бар —
Сендерді терең ойға алсам,
Тебіренер де тұла бой,
Теңіздей дүнием шайқалар.
Сарғая батқан күндейін
Сан жарықтың сөнгенін,
Сапырлысқан майданда
Сақылдап ажал төнгенін,
Сапыдан қандар сорғала
Сағасынан кіргенін,
Сабыңда жүріп өткізген
Сақа дайын сан боздақ,
Сағындырдың сен мені.
Сабыңда неге болмадым,
Жау қарасы батқанша.
Жаныңда неге өлмедім,
Жаралы жан боп жатқанша.
Жай алмаймын есіме,
Жабығып алам бұл күйді,
Жар тәттінің сүйегі
Жар қасында қалар деп,
Қамығып алам бұл күйді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу