Өлеңдер ✍️

  16.06.2021
  144


Автор: Жұмағали Саин

Хош келдің

Жарқылдап жаңа жылым, келдің маған
Көзім де, көңілім тасып масайраған.
Алтынды таңғажайып бақыт заңын
Жырлайын әшекейлеп мен де саған.
Жақында, төріме шық, отыр бермен!
Қонақсың елімізге бүгін келген.
Сыйлайын құрметіне отанымның
Кәусардай күмісті жыр — жаңа өлеңмен.
Қабыл ал жүрегімнің маржандарын,
Сусын ет шөлдесеңіз тілдің балын.
Арала саяхат қып отанымның
Керікті күн сәулетті бақшаларын.
Көресің Кавказдағы Қазыбекті,
Төбесі оның бұлттан асып кетті.
Гүл егіп баурайына мал қаптатып,
Кәріңді біздің заман еркелетті.
Тұрарсың тамашаға көзің салып,
Көркіне сұлуыңның аң-таң қалып.
Сені де жайнатармын, жас қонағым,
Балқытып бақытты бұл нұрға малып.
Қош келдің, жақсы құрбым — жаңа жылым,
Сауық кер, есіт тартқан шаттық үнін.
Боларсың құтты қонақ ауылыма
Төгермін көңіл күйін мақтап жырын.
* * *
Жанаса кеткен ат озар
Жерінен шапқан тұлпардан.
Жақынынан ілген сәт озар
Жаһаннан ұшқан сұңқардан.
* * *
Шіркін қымбат жар құшағы — жанға жәй
Шықпасын күп деген шақтар, батсын ай.
Екі жүрек тынысы бір соққан кез
Кімдер өтер сені өмірден сағынбай?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу