Өлеңдер ✍️

  16.06.2021
  116


Автор: Жұмағали Саин

Туғанмын бақыт нұрында

Туғанмын бақыт құшақтай
Өмірдің сәулет нұрында.
Туғанмын азат анадан,
Туғанмын совет жылында.
Туғанмын жарық өмірге
Деген анам «күл, бөбек!»
Туғанмын қарап мен күнге
Туысым ерек, бір бөлек.
Туғанмын таңда,
Самал жел
Сипады жұмсақ қолымен.
Өсірді анам,
Есірді ел.
Еңбектің сара жолымен.
Сан жығылдым,
Сан тұрдым,
Сабырсыз тәй-тәй кезімде,
Сан жыладым,
Сан күлдім,
Себебін таппан өзім де.
Адамша бастым алшаңдап
Өмірді,
Дүние жалғанды.
Жүрсем де алыс жер шарлап,
Тастамадым балғамды.
Балғамен ауыр төске ұрдым —
Темірлер нанша иленді.
Қамалда қиын мен тұрдым,
Асаулар қолға үйренді.
Өмірді бірге жасадым
Құдіретті, күшті көппенен,
Айқаста алға басамын
Дауылмен,
Жанған отпенен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу