Өлеңдер ✍️

  16.06.2021
  145


Автор: Жұмағали Саин

Кесте

Алда ақ бәтес, айшықтаған
Қаста жібек, қолда біз.
Өте сұлу тігіп кесте..
Отыр екен бір жас қыз.
Көргім келіп қыз кестесін
Жақындадым жанына,
Арнап шегіп отыр ма деп
Сәулесіне — жарына.
Жапырағын төгілдіріп
Ою ойып шырматып,
Кімге асығыс тіктің, шырақ,
Тыным таппай, түн қатып?
— Қошқар мүйіз кестем түрін
Қолтырмаштап, мәнерлеп.
Төктім сырлы, сәулетті етіп
Сәнді шимай, сан өрнек.
Үшкіл тарттым, қиыстырдым,
Айшықтарын, топтарын.
Гүлдер септім, безендірдім
Әшекейін, шоқтарын.
Күміс жіппен жарқыраған
Қондырдым күн кестеме,
Махаббатым елге арнаған,
Кестеде, осы кестеде.
Тереземнен төнген айды,
Шоқ етейін қадайын,
Бақшада өскен алмаларды
Алқа етейін, тағайын...
Балға - ораққа орайыншы
Бидайымның бастарын,
Жарқыратып төгейінші,
Брильянттың тастарын.
Кестем осы, шетіндегі
Шоғырланып өскен мал,
Бердім сізге тартуымды,
Астанаға алып бар!
Қош деп, маған қолын берді,
Тапсырды өзі кестесін.
Колхоз қызы қарындасым,
Ұмытпаспын — естісең.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу