15.06.2021
  213


Автор: Жұмағали Саин

Халық жазушысы

1


Әр ақынның, әр жазушының әдебиетке келу жолдары ерекше. Ақын-жазушы әмірді, болмысты сол тұрған, жасалған қалпында қабылдай қоймайды, өзін қоршаған өмір шындығынан нәр іздейді, өз көзіне жылы өз жүрегіне жағымды күйлерді қарастырады, өмірге үндесе жалғаса құлаш сермейді. Жазушы мен ақын өз әкесінің ғана емес, өз өскен ортасының перзенті, сондықтан оның өмір шындығынан іздері де, нәр етері де сол бір ортаның тілек-арманы, жүрек сазы. Ақын адамға әсер етпес, оны қозғамас тіршілік дүниесінде ешбір құбылыс жоқ. Міне, сондықтан ақын шығармаларын оқып отырғанда толып жатқан күйлерді, қат-қабат шындықтарды бастан өткізіп, өмір құбылыстарының тірлік қатынасын естисің.


«Көңілім мұнша қамықтың,


Әр нәрсені ойға сап.


Не нәрседен торықтың.


Осыншама ойда қап?


Бірақ саған кінә жоқ,


Неге бүйттің деуге де,


Есеп жетпес тіпті көп


Қасірет-қайғы кеудеде».


Міне, бұл сол замандағы өмір тынысы, толып жатқан жалшы мен жарлының жүрек күйі. Бұл ауыр халды тек қана ақынның өз басының халы деу, бұл жырды бір ғана адамның жан сезімін көрсетеді деу қате болар еді.


Бүкіл Россияны ғасырлар бойы қоршаған зұлымдық бұлты ыдырар алдында, байтақ Отанымызға бостандық таңы атар кезеңде біздің сүйікті ақын туған елінің қасірет-қайғысын арқалай кіріп, солардың жүрек мұңын жырлай шықты.


Ескі өмірге жат, одан тілек-арманы бөлек ақын жүрегіне пәр болған жалшы зарын жырлай отырып, жарық күнге қарай талпынады, тұрмыстың ауыр азабында өксіген еліне бостандық таңы атса екен деп көксейді. «Жалшы зары», «Неге тудым!» «Шығар күн» сияқты алғашқы өлеңдері осы сарынның, осы арманның айғақтары.


2


«Аврорадан» атылған зеңбіректің күшті даусымен өзінің туған сағатын бүкіл әлемге паш етіп, біздің жаңа заман — совет заманы дүниеге келді, езілген елдер өз басына бостандық алды, Отанымызда туысқандық бірліктің қызыл туы желбіреді. Ұлы Ленин аты, ұлы партия аты еліміздің түкпір-түкпіріне тарады. Қазақтың бүкіл еңбекші халқымен бірге Октябрь күндерін қуана қарсы алған, өз жүрегінің тілегі, өз арманының арнасы деп білген ақын бірден жаңа өмірдің сазын, жаңа заманның ұранын өз жырларына арқау етті:


Күш жоқ кезде күштілерден жасқандық,


Ал кедейлер, деп жүрмеңдер бос қалдық.


Еңбек етсең, білім, енер сенікі,


Өзің ие, міне саған бостандық!


«Ал, кедейлер, басыңа азаттық, теңдік күн туды, енді алға ұмтылыңдар! Оқу, өнерге араласыңдар! Бай, шонжарларға қарсы топталыңдар, жаңа тұрмыс құрыңдар!» Сол күндердің ұраны, сол мезгілдің тілегі осы болатын, қазақ ауылдарындағы алғашқы істердің басы осы ұрандар негізінде жүргізілген. Ақын Сәбит сол күндердің тілегін дәл танып, қазақ жалшыларын оқуға, өнерге шақырады. Партияның үгітшісі, насихатшысы ретінде жырлайды. Өмірдің ащы-тұщысын өз көзімен көріп, өз басынан кешірген ақын даусы ескі жалғанның қалдықтарына қарсы дауылдай еседі, жаңа заманды, лениндік заманды көтере мақтаныш етеді.


Сәбит өлеңдерін мен бала кезімде-ақ естідім, ол ескі ауылға Октябрьмен бірге келгендей еді. Сол күнде революцияны жырлаған ақындар жырын алғашқы ашылған ауыл мектептеріне Қасым Нұрмағамбетов сияқты мұғалімдер әкелетін еді, бұлар өз ісіне, елді ағарту ісіне мейлінше берілген, адал қаһармандар болатын.


— Кәне! Мына өлеңді жаттап келетін қайсың бар?— деді ол.


— Мен, мен! — дейміз біз шулап. Әуелі Қасекең өзінің әдемі даусымен нақышына келтіріп өлеңді бірнеше қайталайды, сонан соң осылай ырғағына келтіріп, оқып үйреніңдер деп тапсырады. Біз жаттап алып, тақпақпен айтамыз. Ұлы азамат, абзал ақын Сәкеннің «Жолдастары», Сәбиттің «Бостандық», «Жазғы таң» сияқты өлеңдері ұйқыдан жаңа оянып келе жатқан қазақ ауылының өмірінен алғашқы кезде осылайша орын теуіп, осылайша жаңа өмірге, совет құрылысына шақырған поэзиядағы бірінші леп, бірінші сөз болатын.


3


Әдебиет деген де өмір. Оның да тіршілік дүниесі, өтер кезеңдері, жүргізер тартыс-күрестері бар. Әдебиет — өз дәуірінің перзенті, сондықтан заман кешкен, дәуір өткерген өткелдерден өтпеуі мүмкін емес.


Біздің жаңа әдебиет — совет әдебиетінің алғашқы туу кезеңі де — қалық шайқастардың, ұлы күрестердің кезеңі десек, өсу-өну жолындағы тарихи табыстардың кезеңі десек, онша артық айтқан болмаймыз. Соны жерден, соқпақсыз қыраттардан бұрынғы жолдарға ұқсамайтын мүлде жаңа, мүлде басқа жол салу қаз тұра бастаған сәбиге оңай болады деп кім айтар! Өмірге өзінен бұрын келген, ел құлағын ұйыта, ел жүрегін тебіренте жырлаған қадірлі Абайлармен бірге отырып қатар тұрып ән шырқау, өзі шырқаған жаңа ырғаққа, жаңа сарынға бүкіл халық махаббатын аудару сол кезде қиынның қиыны еді. Соған қарамастан ойын-тойларда «Көзімнің қарасы» мен қатар «Жолдастар» бірге шырқалып, тақпақ болып «Бостандықтар» саңқылдады.


Біздің советтік жаңа әдебиет жұрт құлағын елең еткізіп, ауыл өміріне жаңа нәр берді, жазғы самалдай есті. Бірақ күрес, тартыс бір кезеңдерден екінші кезеңдерге ауысып өpiстей берді. Лениндік сүйікті партия әдебиет пен оның құрушылары алдына жаңа міндеттер, алғашқы кезеңдердегіден жоғары міндеттер артты. Советтік жас әдебиетіміз барлық жанрларда өркендеп өсу, биік сатыға көтерілу кезеңіне аяқ басты. Өмір шындығының жыршысы бола туған көркем әдебиет сол өзін тудырған қалың, бай өмірді, еңбек геройларын үнемі жырлап отырды. Біздің Сәкен қаламынан шыққан «Сүт заводы», «Шоқпыттың шаруасы», «Еңбекші әйел, еңбектен!» тәрізді толып жатқан өлеңдер осы кездің жемістері болатын. Бұл қатардағы Сәкен шығармалары ауыл еңбекшілерін, әсіресе жастарды еңбек сүюге баулыды, оның үстіне енді әдебиетке келер жастарды өмірмен тығыз байланысты болуға шақырып, поэзияның, көркем шығарманың арқауы өмірде екенін, еңбекті жырлау әдістерінің толып жатқан тетігі бар екенін көрсеткендей болды. Біз, болашақ ақындар, осы шығармаларды оқып, үйрендік, солар арқылы тәрбиелендік.


Әдебиетіміз партияның сара басшылығымен жыл санап толығып өсе берді. Өзінің алғашқы қадамын ұсақ жанрдан бастаған бүгінгі аға жазушыларымыз да қат-қабат асулардан асып, өмір тәжірибесі молайып, құлаштарын көк сермеді. Енді Сәбит қаламынан «Сұлушаш», «Адасқандар» секілді ірі кесек шығармалар туды, бұл шығармалардың жарық көруі жас әдебиетімізді бір биікке шығарып, бір кезеңнің — өсу, шарықтау кезеңінің зәулім бәйтерегіндей әсер етті.


Дәл осы бір тұстарда біздің әдебиет өзінің жемісті, гүлді болашағын, отаршылық қамауынан босап, социализм жолына түскен ұсақ ұлттардың рухани күші телегей-теңіз екенін айқын аңғартқан еді. Бұл кез — «Тар жол тайғақ кешу», «Қилы заман», «Адасқандар», «Жұмбақ жалау» (соңғы аты — «Ботакөз»), «Қаракөз», «Көкшетау» «Сұлушаш» сыпатты халқымыз сүйген, еліміздің қымбат қазынасына айналған ірі шығармалардың өмірге келген кезі еді.


Міне, осылардай ірі табыстары бар сол бір кезеңнің ұлы дүбіріне ілесіп, біз де қалам ұстадық, алдыңғы ағалар салып жатқан күмбездің маңына жанастық, жай келгеніміз жоқ, қойнымызға өлең, поэмаларды, роман, пьесаларды тыға келдік, соларды оқып сүйсіне, қуана келдік, алдағы ағалар еңбегін мақтаныш ете келдік.


Біздің алғашқы өлеңдеріміз, алғашқы шығармаларымыз өте әлсіз еді, біздің талантымыз әлі күңгірт еді, сонау бір жүрек түбінде жылтыраған ұшқын өзінің от болып тұтанарына, жарқырап жанарына сендіре алмастай қуатсыз еді. Қыпылықтап жанған май шамның қалдығындай сол бір әлі тұтанып үлгірмеген ұшқындарды мезгіл-мезгіл үрлеп, тамызып отыратын әрі шыдамды, әрі шебер, әрі мейірімді аға керек еді.


Бұл сияқты әрі қиын, әрі қадірлі, өте жауапты міндетті партия, Сәке, сіздерге, әдебиеттің алдыңғы буынына артқан болатын. Әдебиет кадрларын баулып, мәпелеп өсіріп отыру ісі әрқашан да күн тәртібінен түспейтін аса ардақты іс қой, әркім өз көлемінде өз ыңғайына қарай бұл жөнінде еңбектер сіңірген болар, солардың ортасында, Сәбит аға, сіздің еңбегіңіз ұшан-теңіз. Сіз шығармаларыңызбен ғана емес, қара басыңыздың тікелей қатығымен де орасан зор үлгі болдыңыз. Әрқашан да жақсы шығарманың, жас ақын-жазушының шын досы, ақылшы қамқоры болып келесіз. Жасыратын не бар, кейбіреулерде кездесіп қалатын салқындық - жас талапты өзінен әрірек ұстау, сескендіріңкіреп ұстау «әдісі» сізде болған емес. Қадірлі адам — ірі жазушы өзінің зор абыройымен, атақ-даңқымен артындағы есер талантты, қатарына қосылар ұрпағын жұртшылықтан көлеңкелеп жауып тұрса, әдебиетіміздің жамырай бұтақ жаруына кеселін тигізетінін екінің бірі біледі. Сондықтан да сіздің жастарға, жалпы әдебиетімізге көкірегіңізді аша келуіңіз, бұл жолдағы ақ жүрегіңіз, зор қызметіңіз бәрімізді қуандырады. Сәкеңдей болсақ екен дегізеді.


4


Өсу, есею, биіктерден биіктерге көтерілу жолындағы өткізіп келе жатқан күрестерімізден гөрі жаңа әдебиетті жасау жолындағы күрестер анағұрлым ауыр, анағұрлым қатерлі болған тәрізді. Ана құрсағында, дүниеге келер алдында жабысқан кінәрат баланың өмірі үшін өте қауіпті болмақ, сондықтан, жаңа советтік әдебиетіміздің бір кінәраттардан нәресте шағында сау болуы жөніндегі күрес әрі қатал, әрі қиын болғаны өте заңды. Бұл кез — реакцияшыл күштердің біраз тыныс алған, енді өздерінің күрестерін, қарсылық істерін өте бір жіңішке жолмен, айла-шарқы мол әдістермен жүргізіп жатқан кезі еді. Ендеше бұл кезеңдегі күрес — жауға қарсы күрес еді, алдыңғы шепте тұрған қарулы қолдай жарақты тізбекті бұзып, майданға, революцияның мүддесін қорғау, соның жырын бар дауыспен жырлау биігіне шығу шайқасы еді. Әрине, күрес туы партия қолында болды, соның арқасында бұл майдан жеңіспен тынды, жаңа, советтік құрылыспен өмірге бірге келген жаңа, жас әдебиетіміз жеңді, ел махаббатын, ел жүрегін өзіне тартты. Міне, осы ең бір жауапты кезеңде күрес майданының атақты солдатының бірі, жаңа әдебиеттің қорғанышының бірі болған Сәбит Мұқанов еді. Қызу ұрыс үстінде солдат қолындағы бар қару жұмсалып, бар оқ атылмақ. Ұрыс үстінде есеп берілмейді, есепті ұрыс басылғанда, екі жақтың бірі жеңіп, бірі жеңілгенде шығармақ. Дәл ұрыс үстінде әр жауынгердің. жан аямай қимылдауы қажет, не бүлінді, не қирады?— деген сұрақтарға жауапты кейінге қалдырып, әзір тек қана жауды күйрету шарасы қарастырылмақ. «Бүлінген түзелер, сынған жөнделер» деген халық мәтелі осыған арналған болар. Сондықтан біз, ақын Сәбиттің, коммунист Сәбиттің ұрыс үстінде көзге түскен адал, қайратты жауынгердің бірі болғанын атап кеткіміз келеді.


5


Лениндік туысқандық туының астында совет елі күн санап, гүлденіп өсті, ұлан-байтақ Отанымыз өнеркәсіпке, заводтар мен фабрикаларға толды, ауылшаруашылығы да адам айтқысыз құлаш сермеп алға аттады. Мәдениетіміз өмірде болмаған қарқынмен жоғары өрледі, совет адамдары рухани байыды. Бұл кез Отанымызда барлық ұлттар әдебиетінің өздерінін. өсу жолында тағы бір тамаша кезеңге ауысып, ұлы шыңға шыға бастаған кезі еді. Бұл кезеңді әрбір ұлт әдебиетінің Отандық аренаға шыға бастау кезеңі, кең көлемге құлаш ұру кезеңі десе де болғандай. Бұл барлық әдебиетіміз үшін ең бір барып тұрған жауапты, тіршілік қабілетін, мазмұн салмағын, ой өрісін байқайтын, бой өскелеңдігін өлшейтін кезең бе деп ойлаймын, өйткені мұның аржағында дүниежүзілік арена жақсы шығармаға тым алыс көрінбейді.


Отанымыздағы толып жатқан ұлттар әдебиетімен қатар қазақ әдебиеті де бұл ретте өзінің тереңдікке толы мазмұнын, ойлы келбетін, өскелең бойшаңдығын көрсете алды, Одақ оқушыларының назарын өзіне аударып, олардың ыстық махаббатына бөленді. Осы кезеңде де біздің Сәкең үнемі алдағы сапта, бірінші лекте болды. Оның «Ботакөз», «Өмір мектебі» романдары әдебиетіміздің басқа да жақсы шығармаларымен қатар бүкіл совет оқушыларының, әсіресе ұлы орыс оқушыларының сүйікті кітаптарының бірі болды, қазақ әдебиетінің жақсы үлгілерінің орыс тіліне аударылуына үлкен себін тигізді, әлі де тигізбек.


6


Сәбит шын мағынасында халық жазушысы. Ол бірінші қалам ұстаған күннен бастап әдебиетке тұрмыс шындығын жырлай келді. Міне, содан бері, қырық жылдан астам уақыт ішінде ол халық өмірімен тығыз байланысын ешқашан бәсеңдеткен емес. Таңның атысы, күннің батысына қарамай дала кезген, бал жинаған арадай, біздің Сәкең қысы-жазы ел кезіп, өмірдің, сол өмірді жасап жатқан еңбеккер адамның табыстары мен ерлік істерінен сусындап, өзінің жазушылық. фантазиясын толықтырып, байытып отырады. Сәбит шығармаларының қайсысын оқысаң да көл-көсір өмір шындығының ортасына кіресің, оның геройлары сенімен көптен бері таныс адамдардай сезіледі. Олардың тағдыры ойыңды толқытып, сезіміңе қатты әсер етеді. Сәбит романдарының, Сәбит шығармаларының ел арасында көп оқылып, көп тарауының негізгі себебі осы болар.


Міне, бұл қысқа мақалада қырық жылдан астам әдебиетімізге еңбек сіңірген ең үлкен жазушыларымыздың бірі Сәкең шығармаларына талдау жасайын деп отырғаным жоқ, тек қана жазушының алпыс жасқа толуына байланысты, өз ойларымды, өз түйіндерімді айтып отырмын.


Сәбит ірі ақын, атақты жазушы ғана емес, сонымен бірге көркем әдебиетті зерттеуші, оның тарихын жазуда үлкен үлестер қосқан ғалым, белгілі қоғам қайраткері. Сәкеңнің осындай кең, кесек өмірін түгел қамту үшін кітаптар жазу керек, бұл — әдебиет зерттеушілерінің сыншыларымыздың міндеті.


Өмірде де, еңбекте де ашық, адал болу, өзі сүйген өзі болжаған жайларды тура кесіп айту, екі ұшты түлкі жортақ болмау — әр адамның ұмтылар жолы. Сәкеңе осы қасиеттер тән.


Мен жас жазушы емеспін, әдебиет дүниесімен бірге жасай бастағанымызға отыз жылдан астам уақыт өтті. Сол ұзақ жылдар, әдебиетімізге үлкен еңбек сіңіріп келе жатқан ағалар алдындағы, әсіресе қадірлі Сәкең алдындағы інілік борышымызды өтеуге шақыратын секілді, бұл - жүрек бұйрығы, мен сол өз жүрегімнің әмірін орындаушымын. Айтайын дегенім көп-ақ еді, дұрыстап жеткізіп айта алдым ба, жоқ па,— оны кім білсін! Менің мақсатым — Сәкең өміріне, Сәкен, творчествосына байланысты кейбір өмір шындықтарын сүйе отырып, қуана отырып, қағаз бетіне түсіру. Адам өміріндегі ең жоғары, ең қымбат нәрсе шындық емес пе!


Әдебиетіміздің алдында әлі де ұлы міндеттер тұр, Жаңа тақырыптарға жақсы шығармалар жазу, жетіжылдықтың батырларын көркем әдебиетте бейнелеу секілді өмір тілегіне жауап беру жөнінде партия алдында, халқымыз алдында өтелмеген борыштарымыз көп. Осы бір ұлы борышымызды ақтау жолында барлық жазушылар болып жұмылуда. Сол жазушылар арасында, Сәке, сіздің сыбағаңыз ерекше. Мен сіздің тойыңыз үстінде миллиондаған оқушыларыңызбен бірге творчестволық ісіңіздің бұрынғыдан да жемісті, өмір-жасыңыздың ұзақ болуын тілеймін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу