15.06.2021
  395


Автор: Жұмағали Саин

Жас талапқа жақсы тілек

1


Жас жазушының шығармасын қарап шығу аса бір жауапты, аса бір қиын жұмыстардың бірі. Мүмкін шығармасы тәжірибелі жазушының қолында дегенде жас талап та әрі қорқып, әрі қуанып әуре-сарсаңға түсетін болар. Ал, сақа жазушының халы де оңай емес. Оңай болмайтыны сол, әрбір сөзінен бастап, шығарманың өн бойынан «тығылып тұрған» талант ізін, «жасырынып қалған» от ұшқынының зәредей сәулесін іздейсің. Әрбір үміт сүйінішін көргің келеді, сезгің келеді. Оқып отырған шығарманы жазған жас талаптың келешекте әдебиет кадрының бірі боларына сенгің келеді. Осы жолға, жазушылық жолына, өз бойында бар талант, өз жүрегінде бар жалын әкелгенін көріп қуанғың келеді. Ыстық қоламта ішінде жатқан жалғыз шоқтай қаптаған жолдар арасында жатқан жылы леп бір сәт сезіле қалады, әр жолды, әр сөзді жас талап көкірегіне қысқандай жылуға орап әкелгенін байқайсың, жалын қызуы жетпей жатса да үрлеп жіберсе қаулап жанарына, маздап көкке өрлеріне көзің жеткендей. Міне, мұндай шақтарда талапты жасты қолтығынан көтеріп сүйеп жіберу азаматтық парыз, оның болашақтағы жазушылық өмірін қадағалап қарап отыру қажет.


Шынын айтсақ, бірсыпыра шақтарда бұлай болмайды. Көбіне оқыған әңгіме, повестеріңнің, я, өлең, поэмалардың бас-аяғы түгел, «тартыс», «оқиға» дегеніміз де өзінше бар, тарауларға да бөлінген болып келеді. Бірақ, әлдене жетпей тұрады. Оқып шығысымен сол жетпей тұрған «әлденені» іздейсің, басың қатады. Жауап таба алмай сандаласың.


Сен іздеген «әлдене» талант ұшқыны болады. Сонда да шығарма бетін жаба салуға арың жібермейді. «Ештеңе шықпайды» деуге аузың бармайды. Осы бір көлемді, болмаса көлемсіз шығармада адам тағдыры тұрғанын, оның адам айтқысыз еңбегі жатқанын естен шығармайсың. Сондықтан айналақтап кетпей, әр беттеріне қайта-қайта қадалып көп отырасың, кәп ойлайсың. Бірақ сусыз жерден құдық қазғанмен не табылмақ! Еңбегің зая, үмітің бос, қазған орды қайта жапқандай, сенде шығарма бетін жабасың да, орныңнан тұрасың. Бірақ сусыз да болса құдықтың қазылғаны анық қой...


2


Шәрбану Құмарова қазақ әдебиетінің тарихында проза жазған бірінші қазақ қызы. Қазақ әйелдерінің әдебиетке келуі өте сирек, совет әдебиетінің туған күнінен бастап бүгінге дейінгі жазушылар отрядының қатарына бірлі-екілі ғана әйелдер бар. Осы жүйеден қарағанда Шәрбану Құмарова проза тыңына бірінші борозда тартқан пионер қыз, прозаға ендігі келер қазақ қыздарының жіберген жаршысы, барлаушысы (разведчица) тәрізді көрінеді. Көп кешікпей-ақ Шәрбану қатарына талай қыз-келіншектер қосылатын секілді, бұл өте заңды, өмір, болашақ күтіп отырған жәйт.


Сонымен әдебиет өміріне жаңа, жас перзент келді. Ол алдыңғы ақын апаларына тартпай, прозашы аталары мен ағалары жоралғысын құптай келді. Мен шын жүрегімнен проза жанрының қазақ әдебиетіндегі бірінші қызын, бірінші перзентін құттықтаймын. Қадамың құтты болсын, жемісті болсын, қарындасым.


Әлі қаламы төселмеген, жастығына қарамастан Шәрбану әңгімелері оқушыны өзіне тарта қояды, әңгіме жолдарында әлденендей жылы леп, сүйкімді, жаңа саз бар сияқты. Геройларын сипаттау мәнерінде, болмаса сол әңгімеге байланысты жайларды жазу тәсілдерінде оның өзі қалаған қабырғасы бар, өз көзіне көрінген тұрмыс, өмір нышандары бар. Ол әрбір өмір құбылысына өзінше қарап, өзінше көргісі келеді, әрбір тіршілік құбылысын өзінше сезіп, өзінше байыптағысы келеді. Шәрбану «ірі», «ұсақ» тақырып деп бөлмей қайнап жатқан ұлы өмірдің өзі көріп, өзі тебіренген қозғалыс жайларының бәрін де жазуға, көркем әңгімеге айналдыруға тырысады. Жазу үстінде тек алдына фактілердің тізушісі ғана болмай, сол көріністерге өз тұрғысынан қарайды, сол жәйт, сол болмыс жөнінде өз көзқарасы, өз тоқтамы, өз шешімі бар.


Оның үстіне Шәрбану әңгімелерінде көп сөзділік, әсіресе бос сөзділік жоқ.


Шәрбану сөзге сараң, аз сөзбен аңғарту, алған оқиғасына тікелей қатынасы жоқ көріністерді тере бермей, әңгімені оқиға төңірегінде өрбіту оның ұстаған жолы. Бұл жоғарыда айтылған сөзімді Шәрбанудың «Бағираш», «Орындық», «Адасу» деген әңгімелері толық дәлелдей алады.


Егер сөзімізді қорыта айтсақ Шәрбану әңгімелерінің тақырыбын жақсы мен жаманның күресі, оның негізгі идеясын адамгершілік, мейірбандық деуге болар еді. Жас жазушының геройлары атқан оқтай тұп-тура, түп-түзу жолдармен сырғып отырмайды, кедергі томар, төмпешіктер арқылы сүріне, құлай жүріп даңғыл жолға шығады. Міне, сондықтан да оның әңгімелерін оқу қызық, тартымды. Шәрбану жаманды жақсыға бірден жеңдіре салмайды, екіұшты соқтығысқа түсіреді, тіпті кейбір кездерде бір сәт қара күш жеңгендей әсер еткенмен жақсы нышанның адал таза күштің өріс алғанын, алға сүйрегенін көреміз. Бұл жәйт «Қыз сырында» жеңіл мінезді, қу жігіт Құсан мен сырт жүрісі атаққа шыққан сұлу қыз Майраш арқылы біраз бой көрсетсе, «Бағираш» әңгімесінде тереңдей түседі. «Адасу», «Орындық», «Келін қонақта» деген қысқа әңгімелерде де осы жай, осы сарын сөз болып, осы адамгершілік пен зұлымдық қағидасы баяндалады.


Қысқасы Шәрбану әңгімелерін тегіс оқып шыққаннан кейін әдебиет дүниесіне бір жас талант иесі келе жатқанына сенесің, оның алғыр ойын, жазушыға бітер сергек, нәзік сезімін көріп разы боласың. Үлкен жазушы, шебер, атақты жазушы болу үшін талай жылдар тәжірибесі керек екенін, орасан зор еңбек, көп іздену, көп біліп, көп зерттеу керек екенін, әсіресе біздің коммунистік жаңа адамдардың сезім-күйін, ой дүниесін жақсы білу керек екенін мен айтпасам да әрбір саналы адам түсінеді, ұғады. Шәрбану биыл ғана жоғарғы оқу орнын бітіргелі отырған жас, оның болашағы алда. Ол өз болашағын қажымай, талмай етер ұзақ еңбегі арқылы, тоқтамы жоқ үздіксіз өсу, іздену арқылы, еңбек адамының өміріне өз өміріндей білуі арқылы ғана, күрес, тартысы мол тіршілік дүниесіне белсене қатынасар күрескерлік қабілеті арқылы ғана қызықты, табысты, өнімді етпек.


Әсіресе жас талантқа менің айтарым: Сапарың сәтті болсын, еңбегін жемісті де, баянды болсын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу