15.06.2021
  786


Автор: Қасым Аманжолов

Мектеп — кеме, білім — теңіз

Мектеп — кеме,
Білім — теңіз!
Барар жерге
Тез жетеміз!
Адаспаймыз
Ұлы жолда,
Лениннің
Туы қолда!
Капитандар—
Мұғалімдер,
Жас моряктар—
Жас сәбилер,
Құтты болсын сапарларың,
Мықты болсын қатарларың!
Туысқандар,
Ту ұстаңдар,
Тұрып сапта,
Тәртіп сақта!
Тербеліңдер толқындарда,
Кеме берік, қорқу бар ма!
Көк теңізден көлбей өтіп,
Қойнауы алтын жерге жетіп,
Ақтарыңдар өмір кенін,
Қазынасын берекенің!
Қызыл тулы елің үшін,
Қызғалдақты жерің үшін,
Қызық дәурен өмір үшін
Қызсын сенің жігер күшің!
Мектеп — кеме,
Білім — теңіз,
Тынбай алға
Жүзудеміз,
Біз жетпейтін қиыр да жоқ,
Біз алмайтын қиын да жоқ!
Өнер-білім теңізінде,
Біз мықтымыз
Жер жүзінде,
Адаспаймыз ұлы жолда,
Лениннің
Туы қолда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу