15.06.2021
  788


Автор: Қасым Аманжолов

Құпия қыз

— Мынау қыз, елден ерек, келді қайдан?
Біле алмай кім екенін, болдым хайран.
Құпия осы қызда бір сыр бар-ау?
Орнаған жүрегіне кішкентайдан.
Кейпінде кейістіктің көлеңкесі,
Сықылды өмірінде көп мұңайған.
Қымсынып, неге мұнша ұялады?
Жалт беріп, ұстарадай жүзі тайған.
Еркіндік дүниесіне мен келгелі,
Көрмедім мұндай қызды бүл маңайдан.
Егер де сахнадан көрсең өзін,
Дер едің әлде Жібек, әлде Айман.—
Деп, менің ақын досым «жұмбақ» қызға
Құмарта тұрды қарап анадайдан.
Шалқыған махаббатқа айдындайын,
Біз жүрміз еркін жүзіп аққудайын,
Уа, дүние, кұмар қана сүйісе алмай,
Құса боп өтті-ау талай Құралайым.
Көктемде қайтқан құстай келер ме едің
Баяғы Баян - сұлу, қыз Күләйім.
Ішінде мынау бақша жүрер ме едің,
Сайрандап Еңлік, Камар, Қорлығайын,
Қосылып шырқар едің шаттық жырын,
Бақыттың бағындағы бұлбұлдайын...
Ардақта махаббаттың ізгі туын,
Достарым, соларды еске алған сайын
Ғафу ет, кетіппін ғой қиялға еріп,
Осындай әдетім бар менің дәйім.
Оқушым, сендер үшін қызмет етем.
Қолымнан келгенше аянбайын.
Манағы «жұмбақ» қызбен танысыңдар,
Бір сырды бастан - аяқ баяндайын;
I
Шекара. Асқарлы тау.
Айнала адыр.
Күзетте қызыләскер Ерболат түр.
Таулардың бір атасы Тарбағатай
Арасын екі дүние бөліп жатыр.
Тыңдасаң, тарих атты шежіре шал
Ағытар бүл тау жайлы алуан сыр.
Мұз қатып жүрегіне жатқан сұлап,
Тұнжырап Тарбағатай талай ғасыр.
Төсінде Тарбағатай ойнақтаған,
Басынған бір кездерде аю, қасқыр.
Сол кезде тау саласын еткен сая,
Мекендеп жарлы - жалшы, ғарып - қасыр:
Ac қылып алты малта, тас жастанып,
Түн қатқан осы тауда талай батыр...
Бүл күнде биігінде альпинистер,
Сайрандап, туын тіккен, құрып шатыр.
Айдынның ерке сұлу аққуындай,
Аспанда жүзді жайлап нұрлы алтын ай, .
Түн тыныш. Бар табиғат жатты ұйықтап,
Төсекте маужыраған жас арудай.
Бөбегін әлдилеген келіншектей,
Ызындап ән салады ну қарағай,
Судағы жәндіктердің күзетшісі,
Дауысы көлбақаның «құрай - құрай»,
Әупілдеп әлдеқайда отыр үкі,
Секіріп тастан - тасқа жүр құралай.
Арандай аузын ашып арсыз қасқыр,
Түн кезіп жортып барад сай қуалай.
Суылдап қанаттары үйір үйрек,
Сумаңдап ұшып өтті суға қарай.
Аймақтың ақсақалы жатты асқар тау,
Бүркене бұлт көрпесін басына орай.
Тыным ал, ақсақалым, күзетшің сақ,
Тұрарсың таң атқанда қызыл арай.
Ер болса, болсын біздің Ерболаттай,
Бақытын күзетіп тұр жау жолатпай
Алып қой, ат басындай жүрегі бар,
Денесі құйып қойған сом болаттай:
Кеудесін қорған етіп Отанына,
Қарап түр айналасын кірпік қақпай.
Астында ойнақтаған аты анау —
Топта озған теке жаумыт арғымақтай.
Тауында Тарбағатай туып-өскен,
Құланның ардасымен бірге ойнақтай.
Ерболат — елдің ұлы қызыләскер,
Күн туса, шабар жауға Чапаевтай.
Көрген жоқ мұндай ерді жаралғалы,
Тау болып, Тарбағатай алтын Алтай...
Ерболат келе жатты су жағалап,
Күміс көл жарқырайды ақ сынаптай,
Аспанның айдынында барады ағып,
Зымырап жалғыз жұлдыз атқан оқтай,
Жұлдыздың жолын аңдып, тамашалап,
Ерболат атын тежеп қалды тоқтай.
Сол мезет мылтық даусы араласып,
Құлаққа жетті талып түнгі айқай.
«Бүл не?» — деп жатты сұрап Ерболаттан,
Аймақтың ақсақалы Тарбағатай.
Кім екен жеті түнде айқалаған,
Болар ма әлде адасып жүрген адам?
Оқушым, рұқсат ет, қиял құсым
Шарықтап барып келсін солай таман.
Көсіле көлбеп жатқан сонау Синьцзянь
Үстінен қайғы бұлты арылмаған,
Лебінен уһлеген үн шығады,
Арудай қара киіп қапаланған.
Төрт бөліп түн ұйқысын көршім Синьцзянь
Еркіндік дүниесін етеді арман.
Талпынып таң алдында ұшқалы тұр,
Синьцзяньның сұңқарлары қанаттанған
Түн тінтіп тіміскілеп сол Синьцзяньда
Жортып жүр әлдекімдер жарақтанған.
Қанқұйлы, қара түннің қарақшысы,
Қасқырдай біреу келед жалақтаған.
«Ей, жендет, жөніңді айт, тоқта кімсің?
Анау не, қанжығаңда салақтаған?»
Жөнелді жөнін айтпай жадағы жау,
Жоқ болды, қарақшысын түн жасырды - ау,
Тоқтай түр, бәлем сені бір табармын!
Мынау кім келе жатқан жалғыз жаяу?
Ойпырмау, қыз ғой өзі, қайда барад?
Жан болса жарар еді бұл дені сау!
Әлде бұл, сырқаты бар адам ба екен,
Түн кезіп шығып кеткен ұйқылы-ояу?
Мұхитын тынық түннің келед жүзіп,
Ғажайып, құпия қыз болды-ау мынау
Кім білген, қайдан келед, қайда барад?
Сорлының арты дала, алды асқар тау.
Көзінен көл көсір боп ағыпты жас,
Болды екен, мұнша неге көңілі қаяу?
Адаспай тапса игі еді барар жерін,
Ауыпты түн ортасы, таң да таяу.
Әйтеуір құлағыма жағып барад,
Құпия қыздың айтқан сөзі баяу:
ҚЫЗДЫҢ ӘНІ
Әуелеп ұшқан аққудай,
Шектім жалғыз мен сапар.
Аспандағы алтын ай,
Адастырмай алып бар,
Лүпілдейсің жүрегім,
Қуаныш па, қайғы ма?
Қуып жетіп мені өлім,
Жолыма тор жайды ма?
Әлде бақыт әулием,
Ашып түр ма құшағын?
Бақыт қонған дүнием,
Тез жетемін, құшамын.
Елестейсің кезіме
ССРО қыздары.
Жүрегіне тиді ме,
Мендей мұңды қыз зары?
Тез атсаңшы алтын таң,
Көрсін мені қызыл ер.
Қызыл тулы Ұлы Отан,
Құшағыңды аша бер!
Ерболат қыз әніне құлақ салып,
Таңданып тұрды, біраз ойға қалып:
«Кім білген, қыз боп жүрген дұшпан шығар
Құбылып, қыз. киімін киген алып.
Ежелден жаудың сыры бізге мәлім,
Күлгірсіп кететінді сиқырланып»...
Сезікті сезім билеп өне бойын,
Ерболат Отан шегін тұрды бағып.
Ешнәрсе көз ұшында көрінбейді,
Түн тыныш, аспан ашық, ай жап-жарық.
Жалғыз-ақ баяулаған нәзік дауыс,
Үніндей сыбызғының жетед талып...
Жиналып, жерден бір сыр тыңдағандай,
Төбеде тұрды үркер шоғырланып;
Лираны қарақшы түн ұрлағандай,
Кенеттен кетті әлгі үн жоғалып.
Саласы Тарбағатай сан жеткісіз,
Терең шат, қалың қойнау, жан еткісіз,
Қиясы киік тайып жығылғандай,
Тау бүркіт ұя салар қамалды күз.
Сол таудың Синьцзянь жақ бір етегіне,
Қалжырап келіп жетті манағы қыз:
Сырқырап екі аяғы бастырмайды,
Жерлермен жүре-жүре елсіз, жолсыз.
Отырды бір жартастың түбіне кеп,
Молада қонақтаған бейне байғұс;
Тас түбі көрінді оған өз үйіндей,
Амал не, қайда барар бүл панасыз?
Телміріп тілсім кекке тіл қатады:
«Қайдасың аспандағы Зұһра жұлдыз?
Мені де ез жаныңа шақырсаңшы,
Мен - дағы сен секілді мұңлы жалғыз.
Тамсантып тарих шалды, ел аузында,
Екеуміз болайық та бірге аңыз.
Немесе ағып барып Ұлы Отанға,
Жайымды менің мынау хабарлаңыз: —
Тас жастап, тау төсеніп осы маңда
Жаралы жатыр деңіз, бір балаңыз?»
Айтты да, осы сөзді, бір уһлеп,
Қыз жатты, қара тасқа басын сүйеп.
Ұйқы кеп қыз бетіне жапты перде,
«Қажыдың, шаршадың ғой, тынықшы»,— деп
Қыз кірді тәтті ұйқының кұшағына,
Ақырын жатты соғып мұңды жүрек;
Ай нұры шағылысып ақ жүзіне,
Бетінен сүйіп өтті самалды леп.
Жатырқап жалғыз жатқан жат адамды,
Құдия қарап тұрды құралай кеп.
Тұяғы тасырлатқан таудың тасын,
Алыстан ат дыбысы және естілед.
Бұл біздің Ерболат ең келе жатқан,
Манағы үнді іздеп, тау тінткілеп...
Шығыста күн сұлудың шымылдығы
Түріліп, көтерілді көкшіл жиек.
Сұйылып сұрғылт тартты қараңғылық,
Білінді таң саз беріп құлан иек.
Шығыс жақ шымқай қызыл нұр шапақты,
Шолпанға шұғылалы шапан жапты.
Еркелеп ерте тұрған арудайын,
Құлпырып қызыл арай таң да атты.
Таң құмар жыршы құсы тау ішінің
Боз торғай баяу әнін балбыратты.
Сұлудай сылаңдаған тау самалы
Тербетіп жатты оятып бал құрақты.
Толқыған торғын түсті таңның нұры
Каратты қызықтыра қызғалдақты.
Таңдағы таза ауалы тау ішінде
Маужырап тәтті ұйқыда қыз да жатты.
Колхоздың қойға қосқан қозысындай
Сұлу таң сансыз құсын жамыратты.
Сол кезде қыз ойланып ашты көзін,
Тұp екен дәл жанында бір салт атты.
Жүрекке мұз қатқандай қаны суып,
Сескеніп, сасып, көзін кайта жапты.
«Қуғыншы жеткен екен» деген қауіп
Қашырып қыз үрейін қалшылдатты.
Ол адам аттан түсіп, жақын келіп; —
Сұлу қыз, сескенбеңіз,— деп тіл қатты.
Сол кезде қыздың қайта есі кіріп,
Жылытып, бойла ыстық қан жүгіріп,
Кеудесін көтеріп ең жайлап қана
Тур екен көз алдында жігіт күліп.
Білмеймін, ұялғаны, не сасқаны,
Иіліп тәжім етті ұшып тұрып.
— Сіз кімсіз, не ғып жүрсіз? — деді Ерболат,
Қыз айтты ахуалын түсіндіріп:
— ... Алыстан аңсап ұшқан мен бір бұлбұл
Еркіндік дүниесіне құлаш ұрып,
Түн кезіп тәртіп бұзып шекарада,
Жетіп ем осы араға жан ұшырып...—
Деп, тұр ол; сонда - дағы сену қиын,
Кім білед, әлде шыны, әлде өтірік.
Ішіне кіріп шыққан ешкім де жоқ,
Бүл жерде көңілінен кетпес күдік,
Ерболат әлгі қызды ертіп алып
Штабқа, кідірместен кетті жүріп.
... Апта өтті, ай да өтті сонан бері,
Күн қуып, күн артынан кетті ілгері,
Думанды өмірінің бір кесегін
Өткізді өлеңдетіп ақын сері.
Қөңілге алуан-алуан ойлар салды
Баяғы жұмбақ болған қыз әсері,
Толқыды талай рет ой теңізім
Оңымнан махаббаттың есіп желі.
Қияға қанат қаққан қыран шабыт
Қиырдан шолып өтті дүниені.
Кейде мен бұл жиһанның сахнасынан
Көргендей болдым нағыз «періштені».
Сол кезде ұмтылыппын құшақ жая...
Фу, тағы кеттім айтып әлденені, Ғафу ет!
Енді оқушым, тоқтатпайын
Құпия қыз туралы әңгімені.
Тағы да Тарбағатай тартты мені,
Ақынын аймалады Отан шегі.
Жүзіме жұпар жаға турды желпіп
Аңқыған ароматты таудың лебі.
Сол кезде сілкіндіре тау мен тасты
Моторы самолеттің гүрілдеді.
Шығандап шықты көкке болат сұңқар,
Ұмтылған қаршығадай қаз ілгелі.
Ішінде самолеттің бір қыз отыр,
Күлімдеп, шаттық кернеп, көкірегі.
Қарады төңірекке терезеден,
Көрді ол: көз жеткісіз кең өлкені.
Кең дала, жасыл ала, колхоз, қала,
Қаптаған қалың малдың жоқ есебі.
Қопарған жер қыртысын тракторлар
Тіркесе, сүйрегендей дүниені.
Еркелеп еркін ағып Ертіс жатыр,
Алтыннан тау орнатқан Алтай кені.
Күмбездей жағасында комбинаты,
Телегей шалқып анау Балхаш келі.
Жүйткіген Турксибтың поездары
Байлығы бүл дүниенің — тиегені...
Көргенде осыларды самолеттен
Лепірді қуанышты қыз жүрегі.
Аспанның аясынан ән шырқады,
Жеткендей көкке бойы, күнге қолы,
Бетке алып астананы кете барды
Қайырлы болсын делік қыздың жолы!
Бұл қыздың кім екені болды мәлім,
Ерболат бастан-аяқ айтқан бәрін.
Оқушым, ылтипатпен тыңда да отыр
Арнасын шалқытайын уақиғаның
Жырлардың жосылтайын жеті өзенін,
Шалқыта поэзия океанын.
Шабыт кеп шын тоятқа басқан кезде,
Шабушы ең шыңға ерлей арғымағым;
Жырлайын өмірінің хикаясын
Ақынның мұзасындай героиняның,
Сұлулық символындай қыздың сырын
Жырлауға құмар еді ақын жаным,
Ежелден еркін ескен өр қиял
Арала шекараның арғы жағын.
II
Аржағын Тарбағатай мекендеген
Қазақтың бір руы «Қызай» деген,
Атамғы бір заманда ауып барып,
Сол жақтан қоныс тауып қала берген.
Синьцзяньға содан бері кеткен сіңіп,
Бірі өліп, бірі туып өмір сүрген.
Құшақтап ата-баба қабыр тасын
Қызайдың сан ұрпағы күңіренген.
Құлдилап ғасырлардың асуынан,
Осылай өмір онда дөңгеленген.
Қызайдың бір ұрпағы манағы қыз,
Жақсылап танысалық соныменен.
Қызайда бір қыз болды Ләззәт атты,
Табиғат берген оған сыр сымбатты.
Тұлғасы сұлулықтың үлгісіндей,
Мінезі, қылығы оның қандай тәтті!
Он бес пен он алтыға келгеннен - ақ,
Шығыстың шолпанындай көзді тартты,
Жарқ еткен көктің жарық жұлдызындай,
Сұлу қыз сол аймақты таңырқатты.
Қараса қиығымен қара көздің,
Жас түгіл, шалдарды да бір тамсантты,
Сықылды махаббаттың магниті,
Тұлғасы тұрды тартып атырапты,
Аймақтың атқа мінер боз баласы
Аттарын анадайдан қырындатты.
Қой баққан құба жонда қойшылар да
Құбылта әнге қосты қыз Ләззәтті.
Алыста, айсыз түнде жылқышы да,
Ләззәт қыз естір ме деп ән шырқатты.
Талайдың түсіне еніп таң алдында,
Төсекте дөңбекшіте сан аунатты.
Құржиған қаба сақал шалдардың да
Кезіне елестетті жастық шақты.
Қайсы бір абыройсыз ақсақалдар,
Кей кезде кетті ұмытып ар-ұятты.
«Кетші»,— деп кемпіріне қолын сілтеп,
«Ләззәт»,— деп, сілекейі талай ақты.
Соның бірі есуас Зәңгі Жүсіп,
Бұқаша басқаларға көз алартты,
Түнеріп түн ішінде төсегінде
Отырып, опасыз бір ойға батты...
Құлдырай, таудан құлай, мың толғанып,
Сары Емел бұрқ-сарқ етіп жатыр ағып,
Бұрқырап ернеуінен ақ көбігі,
Бурадай қаңтардағы айбаттанып.
Су ала сол өзенге барды Ләззәт.
Шолпысы қоңыраудай сылдыр қағып,
Шетіне биік жардың барып тоқтап,
Құбылып әлденеге тұрды ойланып.
Сұқтана солтүстікке тікті көзін,
Тұр екен Тарбағатай мұнарланып:
Шарықтап шың басында қызыл ту тұр,
Қыз соған қарай берді құмарланып,
Қиялы әлдеқайда алып ұшты,
Құпия сырлы жүрек дүрсіл қағып...
Салдырап түскен шелек ойын бөліп,
Үйіне кете барды суын алып...
Қалқиған қараша үйдің іргесінде
Әкесі Әбіл карт жүр қазық қағып,
Сілейіп босағаға арқа сүйеп,
Қаһарлы өгей шеше түр долданып.
Сүзеген бұқа түсті Жүсіп Зәңгі
Әрі паң, әрі сотқар, әрі әңгі,
Адамнан аза туған нағыз найсап
Жүргізген қамшысымен елге «заңды».
Сорына сол маңайдың душар болып,
Шен алған Үкірдайдан беріп малды,
Мінеки содан бері болды бес жыл,
Салды ол, ел басына талай ланды.
«Пәленнің пәлен затын алып кел» — деп,
Шаптырды шар тарапқа шабарманды,
Мансапқор, көрсе қызар құлқын құлы
Ләззәтқа ең алдымен сол сұстанды, —
Әбілге айт, қызын берсін,— деді - дағы
Шаптырды түн ішінде жаушы шалды.
Жарлы ауыл Әбіл тұрған алып тыным,
Жатқан кез құшағында шырт ұйқының,
Қобыздың қоңыр сазы сықылданып
Естілген баяу әні күзетшінің.
Уһлеп дүркін-дүркін Ләззәт жатыр,
Үстінде тыным таппай төсегінің.
Бұл мұның бүгінгі емес, күндегісі,
Осылай еткізіп жүр өмір түнін.
Өзінен басқа жанға құпия боп
Сыр жатыр түкпірінде жүрегінің.
Тоғысқан тоқсан тарау ой жұмбағы
Шешілмей түн ұйқысын бөлген мұның.
Ойлайды ол: «шыныменен өтер ме? — деп
Бақытсыз, маңызсыз боп жас өмірім.
Өмірдің күзі жетіп дауылдатып
Мезгілсіз солар ма екен қызыл гүлім?
Телміріп тар қапаста қалар ма екен
Шарықтап бір ұша алмай ой бұлбұлым?..»
Елжіреп осыны ойлап жатқанында
Естіді кенеттен бір ат дүбірін.
Жан-жүйе сезеді ғой жаманатты,
Жүрегі Ләззәт қыздың дүрсіл қақты.
Белдеуге атын байлап, тасырлатып
Әлдекім қақырынып түсіп жатты.
Дауысы ит біткенді шуылдатып,
«Әй Әбіл, аш Әбіл» деп есік қақты.
Асығыс Әбіл тұрып ашты есік,
Әйелі сығырайтып шамын жақты. —
Ассалаумағалайкүм!—деп кіргенде,
Ләззәт та тани қалды Сыбан қартты.
Сыбан қарт жай жүргенсіп сыр білдірмей,
Қутыңдап хал-жай сұрап жылмаң қақты.
Әзілмен Әбіл кетті әңгімеге,
Әйелі мосы асып, шай қайнатты.
Сол түні сырын ашпай жатты қонақ,
Соңынан көп ұзамай таң да атты.
Шіреніп шаңқай түсте тұрды қонақ,
Басында жер ошақтың бақырды лақ,
Құман ап қонағына ерді Әбіл,
Тастай сап әлгі лақты тез боршалап.
Сыбан қарт оңтайланып сыр айтуға
Әбілді алып шықты оңашалап,
Жан еді тоң мінезді, дөкір сөзді,
Айтуға сыпайылап орашолақ;
«Жүсекең сұрап жатыр Ләззәтіңді,
Бүл сенің басыңа кеп орнаған бақ,
Кәнеки, кешіктірмей келісейік,
Келесі сәрсембіге той жасамақ».
Деген сөз өңменіне Әбіл қарттың,
Қадалды түсі суық найзадай-ақ.
Зәңгінің заманасы сескендірді,
Әйтпесе айтпақ еді: «Кет,— деп аулақ!»
Дей салды: «Өзі білед Ләзәтімнің,
Мен оны көндіре алман ешбір зорлап».
Әбіл қарт тура алмады сырын бүгіп,
Айтты кеп әйеліне түсіндіріп.
Қатыбас, мейірімсіз сұм әйелдің
Бүйрегі Зәңгі жаққа кетті бұрып.
«Ләзәтті Зәңгі алмақ» деген сыбыс,
Жөнелді үйден - үйге зыр жүгіріп.
Дел-сал боп төсегінде Ләззәт отыр,
Ыза кеп алқымынан буындырып...
Ауылдың алға ұстаған азаматы,
Бір жігіт Нұрман деген келді кіріп,
Сыбан карт қарады оған ала көзбен,
Әбекең орын берді ұшып тұрып...
Аяздың ызбарындай суық сезім
Барады Ләззәт бойын түршіктіріп.
«Шынды айтып, өлген артық» дейді ішінен,
Жүргенше өтірікпен өмір сүріп.
Ашудың жалынды отын лапылдатты
Ызаның ескектеген желі үріп.
Оғындай пулеметтің тізбектеліп,
Аузынан ашулы сөз кетті шығып:
«Жарапсың жеңгелікке Сыбын қартым,
Шықты ғой осындаймен сенің атың.
Ежелден жаманаттың жаршысы боп,
Бүл сенің әдетің ғой мал табатын.
Айта бар Жүсібіңе үшбу сөзді:
Тежесін, аран ашпай, қанағатын.
Ағында сақалының сайқалданып,
Бүл шіркін көмген екен ар-ұятын.
Мал-мүлкі, зәңгілігі кімге қажет,
Айнадан көрмей ме екен өз тұрпатын?
Табам деп, оңай олжа ойламасын
Болмайды өзім түгіл, көрім жақын.
Жаралған еркіндікке мен бір аққу
Қиылмай, торға түспен, қос қанатым...»
... Түс ауа төр алдында Зәңгі Жүсіп
Отырды өз тобымен бұлқын ішіп.
Бұғағы ала егіздің әукесіндей,
Кеткендей өне бойы күп боп ісіп.
Мәні жоқ, татымы жоқ сылдыр сөздер,
Даурыққан дамыл-дамыл ду күлісіп,
Білгенсіп бірдемені бәйбіше отыр,
Жас тоқал бір оңаша үйде сыңсып.
Ac үйдің аржағында бір тоқалы
Жылмаңдап бір жігіттің санын шымшып.
Тарасты кешке жақын қонақтар да,
Mac болып бірі құлап, бірі құсып.
Күн батты күреңденіп.
Жабылды ымырт.
Жайланып орынына отырды жүрт.
Оңаша ақ ордада Жүсіп,
Сыбан Түксиіп екеуі де отыр жым-жырт.
Әлден соң деді Зәңгі: «Ләззәт қызды».
Алмақ қой Нұрман деген сол қу жігіт.
Жауабын Үкірдайға өзім берем,
Қайтсең де сол жігіттің тез көзін құрт.
Күнәсін кешірермін Әбіл қарттың
Алдыма қыз - мызымен әкеп жүгінт.
Қыңырды қыз бермейтін көрейін мен,
Көнбесе тас ошағын етіп быт-шыт» — Деп,
Зәңгі карт бурадай қатуланды,
Ажалдай, түсі суық болды сұрғылт.
Қар жауып қабағынан борандатты,
Көңілінде сұрапыл бір түр долы бұлт,
Қаңтардың аязындай сақылдады,
Болмаса жарар еді биыл бір жұт.
Зәңгінің қауіптеніп қаһарынан,
Жарлы ауыл үрейленді Әбіл тұрған.
«Ортаңа түсірермін шаңырағыңды!»
Деп мана, кеткен еді залым Сыбан.
Көпіртіп түймедейді түйедей ғып,
Әдеті ең жеткізетін ол құтырған.
«Шатақтың шырмауына бір іліндік,
Қайткенде құтыламыз енді мұнан?..»
Деген ой бір ауылға болып ортақ,
Үйді-үйде бір топ адам кеңес құрған.
Дамылсыз шар тарапқа ой жүгіртіп,
Оңаша отыр Әбіл, Ләззәт, Нұрман.
Осылай түн ортасы кетті ауып,
Тұс-тұстан шақырысып жатты тауық.
Аспанда шыр айналып шумақ бұлт,
Сіркіреп турды сол кез жаңбыр жауып.
Сезгендей жаманаттың бір белгісін
Ұлиды қара төбет ауық-ауық.
Иттерді абалатып, тасырлатып,
Әлдекім тым асығыс келді шауып.
Ауылды түн ішінде тік тұрғызды
Ләззәтті тартып алар деген қауіп.
Келген жан жау болмады, дос боп шықты
Үрейлі өрген ауыл қайта орнықты.
Зәңгінің жылқышысы Самық екен,
Далада отыр қоршап жұрт Самықты.
«Мен келдім әдейі іздеп,— деді Самық,—
Бастапты жауыз Жүсіп бір сұмдықты,
Ләззәтті тартып әкел, үйін шауып,—
Деп бүгін Сыбан қартқа бұйырыпты.
Ләззәтті Нұрман бұзып жүр екен деп,
Алдымен соған түйген жұдырықты,
Нұрманның басын кесіп әкелгенге
Берем деп сегіз жамбы ай тігіпті.
Аттанбақ ертең кешке осы жаққа
Сыбан карт бастап алып топ жігітті.
Бағана бізге - дағы жетті бұйрық,
Сайла деп жылқыдағы бар жүйрікті.
Жіберді жылқышылар мені мұнда,
Апырмай, шығарды - ау бүл бір бүлікті».
Жүйткітіп жылқысына кетті Самық,
Түнімен кеңес кұрды жұрт жиналып,
Бірі айтты:
— Құл болмайық қиянатқа, Жүсіпке
Ләззәт қызды қор қылмайық.
Біз - дағы азаматты ауылмыз ғой,
Басынтып, бас сауғалап отырмалық.
— Қайтеміз шатақтасып,— деді бірі.—
Араға келіселік кісі салып.
Ауыл боп Үкірдайға арыз етсек,
Жуасып Жүсіптің жым болуы анық.
Шапылдап шыға келді егей шеше,
— Не керек бір қыз үшін бос сандалып,
Зәңгіге бармағанда кімге барад,
Бетімен кеткен екен сайқалданып!
Әбіл карт ашу кернеп ұшып тұрып,
Ұмтылды әйеліне таяқ алып,
Жұрт болып арашалап жібермеді
Долы әйел ашу буып қалды талып.
Өзара ақылдасып Ләззәт, Нұрман,
Манадан бері екеуі оқшау тұрған.
— Ақылшы аға едіңіз,— деді Ләззәт,—
Мен енді сізден сірә сыр жасырман.
Көңілімде көптен түйген бір ойым бар,
Ерекше өміріме болған арман.
Мысалы мен бір бұлбұл қапастағы
Гүл бақша аңсайтыным, нулы орман.
Өмірім онсыз менің өшкенмен тең,
Өмірде гүлсіз, нусыз сайрай алман.
Бақыттың сонау жақта бақшасы бар,
Күн сүйген, нұр төгілген, гүл жайқалған,
Алыстан сәулетіне құмартамын,
Барсам - ау деймін ұшып солай таман.
Жалғызға жәрдемдесер жан табылса,
Жетер ем арманыма көп аңсаған,
Өтсін деп қорлықпенен туған жоқ қой,
Ол баста адам етіп мені анам,
Қор болып, күңіреніп өтпеу үшін
Ағажан, не айтасыз енді маған?
— Қайғыңа болдым ортақ, қарындасым,
Жазықсыз дауға түсті - ау сенің басың.
Бір кезде еліңе нұр болсын деймін
Бүл кезде көзден аққан ыстық жасық.
Үніне қыздың зарлы қайғырған ел,
Күні ертең естуі анық майдан маршын.
Бұлбұлы бостандықтың қанат қақты,
Алтын таң таратты әне, шұғыласын,
Айдындай осы аймақтың аруы едің
Қайғының бұлты бүркеп мұңаясың.
Талпынған бақыт іздеп бұлбұл болсаң,
Самғаған таң алдында мен бір лашын.
Лашын құс болғаны ғой қарғамен тең,
Жыланға кетсе тастап өз ұясын.
Қарағым, қарындасым, қалың қайғың
Ағаңның қайыстырды қабырғасын.
Жәрдемге жаным даяр, білесің ғой,
Ағалық адал ниет айнымасын.
Тілегім — бақыт тап та, өмірлі бол,
Қорлықпен ағармасын қара шашың.
Ауылымның аялаған баласысың
Жайыңды айт, не десе де, жұрт ұйғарсын.
Ләззәттің осы еді шын ашынғаны,
Толқыған ой теңізі басылмады.
Ақтарып салды ортаға барлық сырын,
Шындығын езгу жаны жасырмады.
Қыз сөзі жұрт жүрегін елжіретіп,
Мөлтілдеп талай көздің жасы тамды.
Қарттардың қатып қалған қайғысы еріп,
Қыз-келіншек жаспен жуды орамалды...
Тоғысқан тоқсан ойдың, торабында,
Тұр еді бір қария ақ сақалды.
Ғасырмен құрдас өскен шежіре шал,
Қаратқан ауызына осы маңды,
Кеудесі алуан сырдың сарайындай,
Кейпінен көргендейсің бір заманды.
Сол міне, сез бастады сабырлы оймен,
Әлеумет ортаға алып тыңдай қалды.
«Уа, жұртым, бұл сөзімнің соңын аңғар,
Кәп ойдың тұйығына қамалмаңдар!
Шие боп шырмалған ой шешілмес пе,
Ақылмен алынбас па сан қамалдар?
Бұл неге бұйыққаның, бауырларым?
Бізде де бастап ұшар қырандар бар,
Аз жаудан именуің жөн бе, жұртым,
Қыранға қасқыр шапса,— ол неғылар?
Жалғыз-ақ мынау бала қамын ойла,
Сөзінде жатыр оның алуан сырлар.
Бұл бала туа қалған бір бала екен,
Еліңе қыз болса да тұлға болар,
Аңсаған гүл бақшасын бұлбұл екен,
Құмдағы қу томарға кайтып қонар,
Жаралған өмір үшін езгу жанды,
Еркіне жібермесең гүлдей солар,
Бір жастың бағытына бөгеу болсақ,
Өшпестей тәнімізге таңба салар.
Атасы баласына қарай алмай,
Келешек ұрпақтардан жүзі ұялар.
Жас бұлбұл еркін ұшып, бақыт тапсын,
Ұмытпас әз ұясын, бір оралар.
Бақыт тап, балапаным. бата бердім,
Кәніки келіселік уа, жарандар!»
Бұл сөзі мейірбанды қарияның,
Жаздайын жадыратты жұрттың жанын,
Көзінің жасын сүртіп шал мен кемпір,
Қыз салды қалтасына орамалын.
Әкелік махаббатпен Әбіл қарт та
Аймалап сүйіп жатты балапанын.
Қойшы да қой шетінде қоңырлатты,
Шығарған Ләззәтқа арнап сырлы әнін,
Құтылып тар қапастан, қосылғандай,
Жігіт те құмарта кеп сүйді жарын.
Ләззәтті ортаға алып қыз-келіншек,
Сырласып жүрді оралып ауыл маңын.
Бір топ жас арасында Нұрман тұрды,
Ләззәттің сапарының ойлап қамын.
Ауылдың адамының бәрі - дағы,
Қарсы алды қуанышпен таң шолпанын.
Сүйсініп сұлу таңға тұрған Ләззәт,
«Қайырлы болар,— дейді — бұл сапарым!..»
Әбігер таң атқалы Зәңгі аулы,
Күткендей кенеттен бір келер жауды:
Атарман-шабармандар ентелеген,
Бір-бір ат белдеулерде түр байлаулы.
Білектей қыстырылған белге қамшы,
Сойылдар түсі суық һәм сайлаулы,
Қан көрген қара құстай қожа-молда,
Билер жүр балпаң басқан омыраулы...
Ләззәтті отыртуға қойған сайлап,
Күймелі пәуеске түр қоңыраулы,
Сыбанып білектерін бір топ әйел,
Тігіп жүр келін түсер ақ отауды.
Шәйіден шымылдығы, белден төсек,
Қойыпты сірестіріп бар жасауды.
Түп-түгел той жабдығы бәрі де сай,
Сонда да Жүсіп әлі тұнжыраулы.
Әнші жүр әбден жаттап «бет ашарды»
Боз бала, жас келіншек, қыз — «аужарды».
Кім алар «шаш сипатар», «қол ұстатар»,
Бәрі де күні бұрын ойланған-ды.
Жас келін қалай келер, қашан келер,
Дап-дайын басқа жағы, тек сол қалды...
Ауылдың сыртын ала алқа қотан
Отырған жұртқа міне Жүсіп барды.
Сұғанақ сүр төбеттей Сыбан залым,
Суырып қалтасынан қағаз алды,
Маңғазсып, маңыздана Жүсіп Зәңгі
Оқыды ол қағазда жазылғанды: «...
Бір ұры қанды балақ Нұрман деген,
Шулатып жүруші еді осы маңды,
Құтылып қолға түспей қашып кетті,
Ұстауға жасасақ та бар амалды.
Тегі етіп кетсе керек шекарадан
Паналап тұра алмай бұл Синьцзяньды...»
Аржағын оқымай-ақ қолын қойып,
Мөрін де былш еткізіп баса салды.
«Жеткіз,— деп,— осыны тез Үкірдайға»,
Шаптырды Шәуешекке шабарманды.
Құндақтап құрметімен жұрт Ләззәтті,
Күнімен Әбіл аулы думандатты,
Ақ азбан ай мүйізді арнап шалып,
Әбекең ауылына той тойлатты.
Жарлылар жабыларын жарыстырып,
Жамбы алып жігіттері көкбар тартты.
Әншілер қарлықтырып әнмен даусын,
Күйшілер күлдіретті он саусақты.
Қосылып қыз-келіншек, бала-шаға,
Құбылтып Ләззәт әнін шырқап жатты...
Думанның қызығында жүргенде жұрт,
Ұрланып ұясына күн де батты.
Жай басып салқын жүзбен жетті де кеш,
Үндемей үйге кіріп, жалт қаратты.
Қыз Ләззәт қынама бел қамзол киген,
Дос қызы айқара кеп шапан жапты.
Үкілі қамшат бөрік берді бірі,
Қолына екіншісі қамшы ұстатты.
Жарқ етіп ақ маңдайы шықты тысқа,
Артынан қыз-келіншек шеру тартты.
Қайтадан қуанышты қайғы жеңіп,
Бұршақтай көздің жасын домалатты.
Егіліп сары Емелдей еңіреген,
Бір топ шал шықты сүйеп Әбіл қартты.
Бір жақтан бұрқыратып бір топ жігіт,
Ап шықты ойнақтатып ақ боз атты.
Ақ боз ат асыққандай тұр тыпыршып,
Жаңбырдай жастар көзден жатыр ыршып,
Құшақтап қыз Ләззәтті кезек-кезек
Ауылдың адамдары қош айтысып.
Қоштасу қам көңілмен қандай қиын?
Жылаумен Әбіл кезі кеткен ісіп,
Құшақтап балапанын, жалғыз қызын,
Егіліп ұзақ уақыт турды құшып,
— Шығарып салайық,— деп,— қуанышпен!
Шалдар тұр, жылы жүзбен жұбатысып...
Ләззәтпен қоштасқандай жан да, мал да,
Белдеуде бұзаулар да тұрды ыңырсып,
Мияулап, мұңайғандай жүрді маңда.
Ләззәттің еркелеткен мысығы да,
Қайратпен бойын жиып, Әбіл сонда
— Қош қалқам, Ләззәт,— деді қолын қысып,—
Бұлбұлым, балапаным, бақытты бол!
Қайтарсын жыл құсындай еркін ұшып.
Құлыным, ұмытпассың карт әкеңді,
Турамыз жұма сайын хат алысып.
Ақ боз ат ауыздығын қарш-қарш шайнап,
Ләззәт қыз ат үстінде тұр шаужайлап,
Үнінен еркіндіктің күйі естіліп:
— Қош!—деді,— туып-өскен ауыл-аймақ!
— Қош, Синьцзянь, ұлан-байтақ сүйікті өлкем!
Күні ертең сен құлпырып гүлдей жайнап,
Ежелгі езгу анам қарсы аларсың,
Шаттықпен мен қайтқанда құстай сайрап.
— Қош, әкем! Қайратты бол, қажи берме,
Жаныңнан қайғы деген болсын аулақ,
Жан әке, мен риза енді саған
Әкелік борышыңды ақтауым хақ! —
Деді де, қамшы басты ақ боз атқа,
Созылып қала берді шаң бұрқырап,
Ілезде кетті ұзап үш салт атты,
Талдырып талай кезді кетті-ау жырақ.
Бұлдырап белес асып кетті олар,
Қайғырып қала берді ауыл жылап.
Кеш кетті күңіреніп ез бетімен,
Төбеден төне түсті түн тұнжырап.
Қиын - ау карт адамның қайғырғаны,
Қайғыға кайтып төзер кәрі жаны.
Телміріп төсегіне Ләззәтінің Мынау ғой,
Әбіл қарттың отырғаны. Көзіне көрінеді қараша үйі,
Моладай жалғыз тұрған жапандағы.
Ләззәт жоқ, бірақ әлі қой күзетіп,
Ауылды аралап жүр оның әні.
Жұбанды жаңа ғана Әбіл әнмен,
Қолға алып қаңсып қалған домбыранк
Түн тынық.
Ай күзетте.
Ел орында.
Әр үйдің жылт-жылт еткен жер ошағы.
«Тағы да түршіктіріп түн ішінде
Япырмау, иттер неге абалады?»
Дегенше, тасыр - түсір ат дүбірі
Естіліп, солқылдады ауыл маңы,
Сау етіп келіп қалды әлдекімдер»
Тік тұрды түн ішінде ауыл тағы.
Дүркіреп қойлар үркіп, қойшы сасып,
Шулады көгендегі қозы-лағы.
Бұзаулар белдеулерді үзе қашып,
Мөңіреп азан-қазан сиырлары.
Деңкиіп түйелер де тұрып жатты,
Шідерін үзе үрікті жабыдағы.
Қауіптің қаһарынан қашып үрей.
Жосылып шықты тысқа жұрт дүркірей,
Анталап өңшең атты кетті қаптап,
Жарқылдап жарақтары жетті ентелей.
«Кетпек пе бүл шіркіндер елді таптап?»
Келеді баса көктеп еш именбей.
«Жол болсын, уа, жарандар, жөн айтыңдар» —
Деген үн топ ішінен шықты әлсірей.
Белсенген бір салт атты тұра қалды,
Үзгендей үзенгісін аяқ шірей.
Топ жігіт топқа төне тежеді атын,
Серейте сойылдарын үйге тірей.
Баяғы Сыбан екен бастап келген,
«Ай, Әбіл!»—деп бақырды тілге келмей.—
Қызыңды өз қолыңнан шығарып бер,
Аман-сау тұрғаныңда соққы жемей.
Қайда әлгі, Нұрман деген бау кеспе ұры?
Жігіттер, ап келіңдер мұнда сүйрей.
Ұры ұстап қолдарыңа, көрдіңдер ме,
Қасқырдай құтырғанын өңшең кедей»,
Жүгірді Нұрманды іздеп бір топ жігіт,
Ашумен ауыл халқы тұрды үндемей. —
Әй Сыбан, ентелемей атыңды тарт,—
Деп топтан шыға келді баяғы қарт.
Ағында сақалыңның ақымақ боп,
Мұншама жындануың жұрттан ұят!..
Бұл жерде сөз ұғатын Сыбан бар ма,
Шөлмектей жарылғалы тұр шытынап,
«Жігіттер, қимылдаңдар,— деді айқайлап,—
Бұлардың айтатыны бос сандырақ»,
Тынған топ толқып ала жөнелгенде,
Ауылды басып кетті, шаң бұрқырап,
Жарлы ауыл жау тигендей болды ойран,
Мал үркіп, қатын шулап, бала жылап,
Қарусыз қамсыз жатқан бейбіт ауыл
Мұншама жауға қарсы қайтып тұрмақ
Қолға алар бар қаруы бақан, сырық,
Олар да аттар басып қалды қирап.
Жалғыз-ақ көкіректе кекті ыза,
Жалындап бойды кернеп тур бұрқырап.
Қолында қос ауызды шиті мылтық,
Сыбан тур жендеттерін зыр жүгіртіп,
Табылмай іздегені, жолы болмай,
Жағалай үй біткенді түгел тінтіп.
Төңкеріп төсектерді қобыратып,
Қыздардың шымылдығын кетті жыртып,
Топсасы қайрылды абдыралар,
Ашуға асығыста табылмай кілт,
Шулады, қарғыс айтып кемпір-шалдар.
Күбіден ақтарылды айран - іркіт.
Майысып мосы, ошақ, сынып табақ,
Шашылды төр алдында ірімшік, құрт.
Сескеніп сыртта тұрған сойылдардан
Үйлердің шаңырағы етеді, сырт-сырт.
«Түн тінтіп, табамыз»,— деп кетті жөңкіп,
Қарғысын қала берді жаудырып жұрт.
Аралап ай да жүзді ақша бұлтты,
Білмеймін кек қойынын неге тінтті.
Қақ жарып қара түнді үш салт атты,
Ағызып ай астынан өте шықты.
Дөң астын дүбірлеткен ат тұяғы,
Елсізде еркін жортқан аңды үркітті.
Суда — құс, қырда — қулан,сайда — сайғақ.
Елеуреп сонау жақтан кезін тікті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу