Өлеңдер ✍️

  14.06.2021
  189


Автор: Александр Пушкин

Мыс салт атты

ПЕТЕРБУРГ ПОВЕСІ

СӨЗ БАСЫ

Бұл хикаяда суреттелген уақиға - шын болған уақиға. Егжей-тегжейі сол тұстағы журналдардан алынды. Білгісі келгендер В.И. Берх құраған мәлімдемеден қарауға болады.

КІРІСУ

Иесіз толқын жағасында
Тұрды ол, ұлы ой бір басында,
Алыс болжап. Алдында өзен
Жатыр шалқып, жүр осында
Жадау қайық жалғыз жүзген.
Бұж-бұж, сазды жағаларда
Қараяды үй анда-санда –
Жарлы финнің баспанасы;
Тұман шымқап, күн шұғыласы
Шалмаған бір қалың орман
Түгел ың-жың дуға толған
Ойлап тұр ол:
Осы арадан
Шведке біз тігеміз кәр.
Күйіндіріп көршіні паң,
Орнатамыз бұл жерге шәр.
Европаға осы тұстан
Терезе аш деп тағдыр қосқан1
Теңіз бойын басамыз нық.
Мұнда ел-елдің жалаулары
Қонақ бола келеді әлі,
Жасаймыз той кең отырып.
Өтті жүз жыл балғын қала
Солтүстіктің сән-сәулеті,
Ну, қопалы сол жағада
Шалқақ өсіп, ірге тепті.
Ертеде фин балықшысы –
Табиғаттың өгей ұлы,
Жалғыз жайдақ жағада осы
Тозған ауын салатын-ды
Сыры тосын жайқын суға.
Қазір көрсең толған дуға
Сол жағада иін тіресіп
Тұр не зәулім, алуан сарай.
Топ-топ кеме әp тараптан
Бетін түзеп солай қарай,
Тоқтағалы сапар тартқан;
Нева киген гранит сауыт;
Су үсті өрнек аспа көпір;
Аралдарды кеткен жауып
Жасыл бұйра бақша не бір.
Жас қыз патша сәулетіне
Сай келмеген ханшаға ұқсап,
Жас астана сән-көркіне
Қарт Москва келмеді шақ.
Сүйем шәрі, Петр орнатқан,
Сүйем сынды сәулетіңді:
Нева өзені шалқып аққан,
Жағаға өрген гранитіңді;
Сүйем сынды сәулетіңді;
Сүйем ойлы түндеріңді,
Әсем жарық іңіріңді,
Айсыз жарқын іреңіңді!
Жақпаса да бөлмеге шам
Оқимын да жазамын мен,
Көшелер бос, дамылдаған
Зәулім үйлерді айқын көрем.
Жарық тартар, бейне инедей,
Жалтырайды Адмиралтей,
Түнді бөгеп кешкі шапақ
Жалтыраған алтын арай
Жарты сағат болмай көкте, -
Арайға арай ұштасып кеп
Таңға ұласар көкжиекте2,
Қысыңды да сүйем зәрлі,
Аязыңды, ауаң зілдей,
Невада ескен шаналарды,
Қыздар бетін қызыл гүлдей.
Сүйем думан, той, сәулетін,
Кейде әшейін қосқанда бас
Бокал тола көпіретін
Көк шарабың жалынға ұқсас.
Сүйем ширақ әскери сол,
Ойын ойнар Марс алаңын,
Атты, жаяу сымбатты қол
Легінде нық самсағанын.
Арасынан жүрген саптар
Жеңіс туын көрем жыртық.
Жалтылдайды жез қалпақтар
Майдандарда осқан мылтық.
Сүйем, соғыс астанасын,
Қамалыңның оқ күрсілін,
Солтүстіктің ханымшасы
Патша үйіне тартқанда ұлын,
Әлде, Ресей жауын жеңіп,
Сүйем тойлап шаттанғанын,
Әлде, Нева мұзын сөгіп,
Жылы жаздың лебін сезіп,
Теңізге сең ақтарғанын.
Көркей, бекі, Петр шәрі,
Ресейше, іргең мызғымасын.
Сұрапылдың саған бәрі,
Сесі қайтып, иісін басын.
Ертедегі ой, қастығын
Фин толқыны енді ұмытсын.
Қойсын әуре қиястығын
Бұзам деген Петр ұйқысын!
Әлі күнге шықпас естен
Өтіпті бір керемет шақ.
О, достарым, қатар өскен
Сендер үшін кеттім бастап
Сол хикая сырын қазір,
Тиер бірақ сезімге ауыр.

Бірінші бөлім

Сұрландырып Петроградты
Ноябрь кеп демін тартты.
Төсегінде дамыл алмай
Дөңбекшіген ауру жандай
Нева өзені толқып, шулап,
Жарын соғып жатты тулап.
Кеш еді, түн қара түнек;
Қақты әйнекті жаңбыр үдеп;
Жел азынап соқты қатты;
Қонақтан жас Евгений де
Қайтып еді сол кезде үйге...
Сүйкімді оның маған аты,
Атамақпыз сол есіммен,
Көптен бері қалам тартып,
Онымен көп кеңесіп ем.
Қозғамаймыз қосалқы атын,
Бір кездерде о да, бәлкім,
Карамзиннің қаламымен,
Аңыз болып емен-жарқын,
Ел аузында талай жүрген,
Бірақ енді қауым мен жұрт
Арасында ол болған ұмыт.
Ал, менің бұл қаһарманым
Күнелтетін бір шоланда,
Кызмет қып бағып жанын.
Жуымайтын онша адамға.
Жақын-жаран өлгендерге,
Өкінбейтін өткенге не!
Евгений кеп, сілкіп шинель,
Шешініп боп жатқан шақта,
Алуан ойлар ұйқы бермей
Алып қашты алуан саққа.
Ойлағаны не еді сонда?
Жарлылығын жатты ол ойлап:
Жанын жалдап жүрген зорға
Абыройын, басын қорғап.
Қайтер еді дейді тәңірім
Қиса біраз ақыл, ақша,
Бақытты боп, шүйгіп бәрін
Ақылсыздар жүр ғой қанша,
Қолдары бос соларға өмір
Әлдеқайда оңай, жеңіл!
Сарғайғанмен тағы екі жыл
Шенге іліну, ой, неғайбіл;
Келе жатыр өзен тасып,
Кетті-ау дейді күн ұласып:
Көпір қалуы екіталай,
Әрине, ауыр Парашаға,
Деді елжіреп аяғандай,
Ақынша ойлап оңашада:
"Үйленем бе? Несі сөкет?
Бойдақ жүрем мен қашанғы?
Тыныш орын табам ептеп,
Жұбатамын Парашамды
Екі орындық, төсек, ыдыс,
Тамақ тойса... не бар өзге?
Әсемпаздық емес ырыс,
Жексенбі күн шығып түзге,
Жүреміз жаз серуен құрып.
Жер-мер алып Парашаға
Тапсырамын: шаруа, мүлік
Сенікі, деп бала-шаға...
Ұзақ өмір сүріп бірге,
Аттанамыз бір күн көрге,
Немерелер көмер сонда..."
Деп ойлады. Оның бірақ
Селт етпеді көңілі зілдей,
Жел тоқтауын жатты қалап,
Қойсайшы деп ұли бермей;
Жаңбыр дағы аласұрмай,
Тынсашы деп әйнекті ұрмай...
Жата-жата көзі талып,
Ақырында кетті қалғып.
Қылаң беріп лайсаң түн,
Еміс-еміс жарық тартты.
Бір сұп-сұрғылт басталды күн...
Түсі суық, кәрі қатты!
Нева өзені ұзақ түнге
Желге қарсы құлаш ұрған,
Шақ келмепті сұрапылға
Суын кейін лақтырған3
Ертемен жұрт жағасында
Таңсық көріп жүрді қаулап.
Өзен сыймай сабасына,
Тау толқындар жатыр аунап,
Бұғазға алдын жел жібермей,
Нева лықсып қайта жосып,
Ашуланып шегінгенде,
Аралдарды кетті басып.
Барған сайын қаһары үдеп,
Дөңбекшіді су күркіреп,
Қазандайын қайнап, тулап,
Ызалы аңдай ақыра қап,
Жөнелді аунай қалаға лап.
Жапырыла қашты бар ел,
Жым-жылас боп аймақ түгел;
Көшелерді кернеп тасқын,
Лық толтырды үйлер астын,
Петрополь да тритонға4 ұқсап,
Суға бойлап тұрды сол шақ.
Ғажап! Сұмдық! Толқын тіке
Жыртқышқа ұқсап шапты әйнекке.
Су ағызған қайықтар кеп
Соғып жатты бір бүйірлеп;
Сел сыпырып кеткен көпір,
Лыпалардың сынығы бір,
Бөренелер, қаңылтырлар
Сақ саудагер жиған товар,
Үй тамтығы жарлылардың,
Күпшектері арбалардың,
Тасқын орып кеткен табыт
Қала ішінде барады атып.
Тәңірісіне тұр жұрт қарап,
Не лаж! Құриды үй мен тамақ!
Қайдан алмақ? Сол ауыр жыл
Ресейді марқұм патша
Басқаратын баяғыша, -
Бек қайтарып, тым қысылып,
Балконына тұрды шығып:
"Тоқтатуға тәңір ісін
Патшалардың келмес күші"
Деп күйзеле отырды өзі.
Қасірет-мұңға толы көзі
Кереметке қарады құр.
Алаңдарға тұрыпты көл
Өзен болып бар көшелер
Құйып жатыр, Патша сарай
Аралға ұқсап тұр құлазып.
Патша айтқан соң, жан аямай,
Генералдар шебін жазып5,
Көшелерді құлдап, өрлеп,
Арпалысқан кешпе селді
Суға батып қорыққан елді
Құтқарғалы ұмтылды кеп.
Петр алаңында осы шақта,
Жаңа үй салған бір пұшпақта
Қарсы алдында биік есік,
Тырнақтары арбиысқан,
Тұрған жерде екі арыстан,
Бірін мініп, үрейі ұшты,
Бас киімсіз, қусырып қол,
Қыбыр етпей, қашып сұры,
Отыр еді Евгений сол
Ойлаған жоқ өзін сорлы.
Анталаған, тасты жуып
Естіген жоқ селдің үнін.
Жауса да күн бетіне ұрып,
Кетсе де жел бөркін жұлып,
Сезген де жоқ оның бірін.
Сазара кеп қадапты көз
Қиырдағы бір ноқатқа.
Тау толқындар атып теңіз.
Тулағандай сол бір жақта,
Төңкеріліп, аласұрып,
Алай-түлей дауыл тұрып,
Әкеткендей үйді жұлып...
О, жасаған, өзің сақта! Не лаж!
Жақын сол толқынға,
Бұғаздың дәл жағасында,
Сырсыз дуал, тал қасында
Бар ед ескі үй жұлма-жұлма:
Сонда ед әлгі кемпір мен қыз,
Парашасы, бар қиялы...
Әлде көріп отыр ма түс?
Өміріміздің әлде бәрі
Көрген түс пе, босқа кеткен,
Тағдыр алдап мазақ еткен?
Деп түсе алмай отыр қатып,
Сиқыр байлап қарысқандай,
Мраморға жабысқандай!
Айнала су - көз жіберсе,
Көрінбейді өзге ешнәрсе!
Алдында тек ары қарап,
Мызғымастай жоғары да
Қолын сілтеп алты жаққа,
Дүлей Нева қабағында
Жебеуші тұр мыс салт атта.

Екінші бөлім

Қарық болып қиратқанға,
Арпалыспен шаршап, қажып,
Мәз-мейрам боп шулатқанға,
Қайта лықсып тартты Нева,
Жолға олжасын төгіп-шашып.
Кейде осылай қарақшылар,
Түйдегімен, аласұра,
Селоға еніп: шауып-кесіп,
Қырып, талап жатса өстіп,
Ойбай, сүрең, айғай шығар!...
Талап алған жүкті ауырлап,
Шаршап, қорқып қуғыншыдан,
Жолға олжасын төге зымырап,
Қарақшылар зытар жылдам.
Тартылды су, ашылды жол
Евгений де дедек қағып,
Жаны қасым, үмітпен ол,
Жаңа баяу жатқан ағып
Келді өзенге, қаупі әлі мол
Тарқамаған жеңіс кәрі,
Қайнап жатыр толқын әлі,
Астында әлі от жатқандай.
Бетін әлі көбік көмген,
Нева алқынын алады дем
Қан майданда ат боп қайтқандай.
Евгений бір көрді қайық;
Ұшты соған көріп лайық;
Қайықшыны шақырды да
Он тиынға алды жалдап;
Бір өлермен екен ол да,
Толқын жалын кетті аралап.
Тасқын сумен тулап жатқан
Қайықшы да сайысты көп:
Өркеш-өркеш боп жан-жақтан
Кешкен толқын арасына
Кете жаздап қайық шүу деп,
Шықты ақыры жағасына.
Сорлы Евгений көрген жерге
Тартты таныс көшелермен.
Танымайды бірін мүлде,
Түрі жаман, бәрі өзгерген!
Алды түгел жатыр қаусап;
Кейі типыл кейі жамсап,
Қиқайып тұр кейбір үйлер,
Кейі тіпті қалған күйреп;
Кейі селмен орын аударған;
Шыр айнала өлген адам,
Майдан болған жер сықылды.
Евгенийдің есі қалмай,
Өліп-өшіп алға ұмтылды,
Хатқа салған құпиядай
Алда тосып тағдыр тұрды.
Шықты шетке, зытты шапшаң,
Міне бұғаз, үй де таяу,
Қапелімде болып аң-таң,
Қалды тұрып. Бұл не апыр-ау?...
Қайтты кейін, қайта оралды..
Қарайды кеп тағы... тағы...
Орны мынау үйі тұрған;
Талы мынау, мұнда қақпа
Тұрушы еді. Сел антұрған
Әкеткен ғой. Үй қай жақта?
Іштен тынып, мысы құрып,
Әрі-бері жүріп-жүріп,
Қатты сөйлеп, кейде тоқтап,
Қапелімде күлді сақ-сақ
Өзін-өзі маңдайға ұрып...
Қалтыраған қала үстіне
Қанат жайып жетті түн де;
Бірақ өткенді әңгіме қып,
Көпке дейін жатпады жұрт.
Жылжып көшкен сұрша бұлттан
Жалт етті күн жаңа шыққан –
Жадыратып астананы,
Көрген де жоқ жұрт шулатқан,
Кешегі әлек масқараны.
Бәрін шайып кетті сәуле,
Тыныштады ел, бітіп әуре,
Босап қалған көшелермен
Ағылды жұрт басы мең-зең.
Чиновниктер апыл-ғұпыл
Қызметіне тартты шұғыл
Қыры сынбас саудагерлер,
Ашты қалған қолда барын,
Нева ағызған қоймаларын,
Таяу күнде деп төленер
Селден тартқан көп залалын
Қайықты да ауладағы
Қалдырмай жұрт жинап алды.
Құдай сүйген Хвостов ақын,
Қаламын бір тебірентіп,
Неваның сол кебін шертіп,
Жазды жырын өлмес, жарқын.
Бірақ менің Евгенийім...
Шатасқан соң не лаж басы!
Ғаламатқа сол бір қиын
Тұра алмады шыдап қарсы.
Нева мен ел айқай, шуы
Құлақ етін жаңғырды жеп.
Ауыр оймен шықпай үні,
Бет алдына қаңғырды кеп.
Селт етпеді ұйқылы ойы.
Апта бойы, айлар бойы
Қайтпады үйге жалғыз да рет.
Қас қылғандай, жарлы ақынға
Қожасы үйін берді жалға,
Келмей әбден талдырды деп.
Оралған жоқ жүгіне де.
Қауымға жат болды мүлде.
Жаяу қаңғып ұзақ күнге,
Пристаньға қонды түнде.
Қайыр тілеп терезеден,
Күнін көрді берген нанмен.
Киімдері жұлма-жұлма,
Бой-бойымен тозды бұл да.
Бала біткен өш боп оған
Таспен атып, қоса зытты.
Арбакештер шытынаған
Қамшы үйіріп, сан шықпыртты.
Өйткені оның жазығы мол –
Қора, көше бәрі оған жол
Ішкі ғажап қорқынышпен
Сықылды оның дыбысы өшкен.
Өмірін, сүйтіп, етсек кеңес,
Не аң емес, не адам емес,
Қайыры жоқ, тіршілігі еш,
Құр әйтеуір жүрген елес...
Қалған кез ед жаз аяқтап,
Жатты ол бір күн пристанда ұйқтап
Тұрды ышқынып қатты дауыл
Теңіз тағы толқып ауыр,
Күркіреді көбік атып,
Тас бедерге соғып, талпын,
Сот алдында тыңдата алмай,
Жерге басын ұрған жандай.
Сорлы оянды. Дүние сұрғылт;
Жаңбыр тамып, тұр жел ұлып:
Әлдеқайда, қараңғыда
Үн қосады қарауыл да...
Қарағанда-ақ Евгений жалт,
Түсті әлгі апат есіне қалт;
Қарғып тұрып, кетті жүріп,
Қапелімде кілт кідіріп,
Қарады ептеп төңірекке,
Түрінде бір қорқыныш бар,
Зәулім үйдің сол минутте
Тұр екен ол түбінде дәл
Сол есіктің тап алдында,
Тырнақтары арбиысқан
Тұр баяғы екі арыстан;
Қарауытқан жоғарыда,
Қолын сілтеп алғы жаққа,
Қоршаулы құз қабағында
Жебеуші тұр мыс салт атта.
Селк етті де Евгений бір,
Селт етті ойы қара түнек.
Жатқан жерді таныды бұл
Топай тулап, сел күркіреп.
Обыр толқын иін тіресіп,
Жатқан сонда ерегесіп.
Міне, арыстан, міне, ол алаң,
Сонда тұрған мынау адам
Қараңғыға бойлап басы,
Ырық бермей адамға осы,
Теңізге әкеп қала салған...
Түсі суық қараңғыда!
Қандай от тұр десеңші онда!
Қандай күш тұр келбетінде!
Қандай от бар мынау атта!
Барады алып ол қай жаққа,
Басады аяқ ол қай жерге?
О, күшті ие бар тағдырға!
Тұңғиықтың үстінде сен,
Темір тізгінді алып қолға,
Ресейді өстіп көтермеп пе ең?!
Жебеушінің төңірегін
Шықты айналып сорлы жарымес.
Патшасына жарты әлемнің
Үдірейе жіберді көз.
Қалтырады көкірегі,
Темір торға бас тіреді,
Көз алдын бір жапты тұман,
Жүрегі от боп, қаны қайнап,
Түрі өзгеріп кетті жаман
Паң патшаның лаңын ойлап.
Жұдырық түйіп, тісін қайрап,
Сөйлегелі қалш-қалш етті,
Кернегендей долы қайрат:
"Жарылқапсың! Жетті, жетті!.." –
Дей берді де қашып зытып.
Көрінді оған: қатал патша,
Қапелімде қаһар шаша.
Қарағандай қабақ шытып...
Безді алаңмен иесіз тұрған,
Арт жағынан естілді оған:
Күркіреген күнге ұқсас бір
Жаңғырыққан ауыр дүрсіл,
Қалтыраған тас көшеде.
Шағылысып айлы түнге,
Қолын сілтеп алғы жаққа,
Қоймай қуып келеді әлгі
Гүлдірлеген мыс салт атта,
Түні бойы, сорлы есалаң,
Салса да аяқ қай тарапқа.
Мыс салт атты қалмады одан
Дүбірлете шауып артта.
Содан бері сол алаңнан
Жолы түсіп өткен сайын,
Сезілгендей болады оман,
Бір қысылу оған дәйім.
Қолын дереу көкірегіне
Қойып; көніп өртенуге,
Шешіп жыртық қалпағын да,
Көзін салмай жан-жағына,
Зытады аулақ шетпен мүлде.
Теңізде бір кішкене арал
Көрінеді қарауытқан.
Кейде кеш қап қала жақтан,
Балықшы аумен сонда аялдар,
Ет қайнатып, етіп ауқат,
Жексенбі күн не саяттап,
Қайық мінген чиновник құр
Барад. Арал құлазыған.
Қылтанақ та өспепті ешбір.
Тасқын алып кеткен соған.
Ойыншық қып жаман үйді.
Су ішінде сол ғой қалған
Қу бұтадай қараң күйі.
Кеме барып өткен жазда
Алып қайтты оны сүйреп.
Бос тұр екен, құлай жаздап,
Қалған екен түгел күйреп.
Есалаңды тауып апты
Қарағанда үйдің ішін,
Сол араға көме сапты
Құр сүйегін құдай үшін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу