Өлеңдер ✍️

  14.06.2021
  204


Автор: Ілияс Жансүгіров

Көші - қон

Буалдыр бұлт ыдырап,
Сүңгілі су сылдырап,
Сабылған сабыр кепкенде;.
Бөртіп бұта бүрленіп,
Төлдеп түлік түрленіп,
Көгерші гүл төккенде
Ел қыстаудан көшеді.
Аспанды тандақ таң сөгіп,
Қырға қызыл нұр төгіп,
Түн түнегі кеткенде;
Қойшылары қобырап,
Қой-қозысы маңырап,
Ауыл даң-дұң еткенде
Үй байлауын шешеді.
Тепкішегі қимылдап,
Жеткіншегі жымыңдап,
Тақымға тай жеткенде;
Келіншегі керіліп,
Еріншегі ерініп,
Ренжіп маза кеткенде
Ауыздары айран ішеді.
Үйдің бауы шешіліп,
Көш жөнелді кешігіп,
Кешегі ел көше кеткенде;
Қопарған қуып кұмдарды,
Құлатқан жуып шыңдарды,
Өзені күрілдеткенде
Көш көсіле өтеді.
Шудалы шөп шүйкелей,
Бұлтты айдай, төтелей,
Жібек жел дірілдеткенде;
Желдірте жедел жетелей,
Тараудан тоқсан төтелей,
Ұлы өткелден өткенде:
Жөн осылай деседі.
Бұлттай көш жөңкіліп,
Асауды малшы мөңкітіп,
Дөңесті дүбірлеткенде;
Жамырап жастар қысылмай,
Қылымсып қызы қымтынбай,
Қабағын күлімдеткенде;
Жар жанаспай не етеді!
Сағанағы салдырлап,
Сақалдысы самбырлап,
Көштің күйін шерткенде;
Сары ұзын күн сарылып,
Адасқан ит қаңғырып,
Ұлы жол ұзап кеткенде.
Көш қонаға жетеді.
Жадырап жапан, жаз маздап,
Жарлауыттан қаз-қаздап,
Жамырасып жеткенде;
Күн астында алыстан
Басшы барлап шанышқан,
Көріне көзі жеткенге
Найза қылт-қылт етеді.

1925




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу