Өлеңдер ✍️

  14.06.2021
  180


Автор: Ілияс Жансүгіров

Құсайын өлеңдерінен

Айрылдың қайран қазақ Есіліңнен,
Қарекет жиған-терген несібеңнен.
Тірідей бозбаланы жау әкетті,
Болды екен әлдекімнің кесірінен.
Бараққа әкелді де қойдай қамап,
Тақтайдың сығалаймыз тесігінен.
Қолда мылтық, белінде және қылыш,
Күзетші бір кетпейді есігінен.
Асты сыз, от жақпаған суық барақ
Кетер ме осы күнде есімізден.
Адамды қойдай қамап бағатындай
Өлді екен ұлықтардың несі бізден.
Біз кеттік патша салған кесігімен,
Болыс мәз мал жинаған песірімен.
Ер кетіп, ел шығынға белден батты
«Билердің» ұстап салған кесімінен.
Бай ұлы, бар мырзасы үйінде отыр,
Жылаған өңкей жетім-жесірменен.
Пысықтар ақылдасып елге айтпайды
Болғанын осындай іс не сырменен.
Заманның құбылғанын жаңа сезіп,
Біз болдық балалықтан есі кірген.
Үйден еркек, үйірден айғыр кетіп,
Қалды ғой мал да, жан да осыменен.
Еліңнен жігіт кетсе ажар кетер,
Қолыңнан мал азайса, базар кетер.
Суық қол мал мен жанға хабар келсе,
Әрине оңай емес, мазаң кетер.
Ел баяу, ер тыныштық, үйде жүрсе,
Болмай ма ішкен шалап, бал мен секер.
Қазақты тастан ауыр қырсық басып,
Серпіліп бұл керемет қашан кетер.
Бұзықтай кісі өлтірген қамауда боп,
Жылауда күні-түні мұнша нөкер.
Құдай да, пайғамбар да тас керең бе,
Зарлаған ащы даусым кімге жетер.
Апырмай, кетеміз бе елді көрмей,
Көшетін, қайран Ақсу, бойыңды өрлей.
Төбеңнен бұлтты шалған Қарасырық,
Жатушы ең төрт түлік мал бетті керней.
Ой жүйрік, суреттейді, жете алмайды,
Қанатсыз талпынамыз қолды сермей.
Осындай ел басына іс келгенде
Жігіт жоқ қыза шабар намыс бермей.
Айғырдай бауыры құтсыз Қосалбайдың *
Артынан сымпиды ғой құлан ермей.
Аталық, Бөрібай, Шоңай, Найман шалмен *
Бұл істің жатыр ма екен бірін көрмей.
Жер жоқ қой Жетісудай суы тәтті,
Қадірі сол тәттінің жанға батты.
Дегенде «жас жігіттер солдат болад»
Қайран ел аянған жоқ, қарсы шапты.
Құралсыз құрғақ айла неге тығын,
Орнында аяқ серппей қырғын тапты.
Солдаттар қатар қатар тізіп қойып,
Шығынсыз 15-іне бір оқ атты.
Қазақты доқтыр сойған тышқандай ғып,
Қылышқа ырым үшін қанын жақты.
Ел-жұртты қорғайд деген атқамінер
Сол болып ауыр ісі тиын бақты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу