Өлеңдер ✍️

  13.06.2021
  290


Автор: Ілияс Жансүгіров

Күй

Күйді қаққан саусақтан,
Шерткен күйлі ішектен,
Көкке серпіп кетті күй.
Алыстағы тұмандай
Көз ұшында бұлдырап,
Кейде саңқыл соқты күй
Тас бұлақтай сылдырап.
Кейде бұлтың қақты күй
Ойнақтаған құлындай
Құйрық атып құлдырап.
Жылы тиді денеге
Жібек желдей үлбіреп.
Кейде бал-бұл тіл шықты
Жас баладай былдырап.
Қыз жүрегі жылынып,
Сала берді өзінің
Жібегіңдей үлбіреп;
Қыз сарайы ашылды
Көңіл бұлты ыдырап.
Сөйтсе де керіп жатты анық
Қақты шалқып күй бірақ.
Бұл күйдің мұндай суретін
Ой құрықтап, тіл тауып
Айту тіпті қиынырақ!

1936 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу