13.06.2021
  121


Автор: Нұрхалық Абдырақын

ШЕРНИЯЗ

Шернияз қазір сөзден қалды. Сөйлесең бетіңе бадырайып қарап қояды, тіс жарып, жақ кірісін ашпайды. Ол бұрын ауыздыға сөз бермейтін шешен болмаса да, кез-келген тақырыпқа кірісіп, сөзге араласып “Е, оны мен білем” - деп тоқтамай сөйлеп кететін. Сосын да оны ауылдастары “Мен білем Шернияз” - дейтін. Тіпті, кезінде ол ауылдағы бір тойдың тамадасы келмей қалып, той жүргізгені бар. Шернияздың бір қасиеті кім болса соған қолынан келгенше көмектескісі келеді де тұрады. Бірақ оның бары да жоғы да екі қоңыр сиры мен екі бұзауы ғана. Әр жылы бір тана сатып, қыздарына киім-кешек алады, бір танасын соғымға сояды. Жалғыз сары төбеті анда-санда өзінен-өзі арпылдап, бар екенін байқата ол да бірдеңе сұрайды. Ауылда отырса да есігінің алдында тауық, қаз, үйрек дегеннен дым жоқ. Оның жұмыртқасын санап “бай екенсің деп мазалайды ” дегенді естіген соң бәрін сол кезде сатып жіберген. Ол  бұрында ауылдағы жалғыз мектепті жағалап күзетші болып істеген. Беріп емес, алып үйренген директор бұған айлық берген күні қайтадан ақша сұратады. Бір жолы сұраған ақашасын бермеді, артынша жұмыстан қуылды. Кейін почта ауласын сыпырған да болатын, олардың беретіні әйелі сауатын төрт шелек сүттің ақшасының аржақ -бержағы екен. Оны қойып көк туы кірлеп тозып кетседе, аспанда желбіреп тұратын әкімшілікте есік баққыш болды, онда айлығын бір ай берсе, келесі айда бермейді. Тіпті, төрт-бес ай бермей бұны ұмытып кетті. Ауылдағы жалғыз мешіттің жайы өзіне мәлім, оның тұрақты онға жуық жамағатының біреуі осы Шернияз бүгінде, ол арадан ақша таппаса да, жанына тыныштық тапты, қорқақтық ауыруы да кішкене жазылды.


 


- Ендігі жол тек қарыз ақша алу, - дейді әйелі. Ол үнсіз бадырая қарады.


 


- Қарызы жоқ ел барма бүгінде. Бүкіл халық қарызбен күн көріп жатыр, қарыз алу моддыға айналды. Ол тағы үнсіз бадырая қарады әйеліне.


 


- Қарыз алу бүгінде дамудың жолы, - деп әйелі сөзің артын өзіне түсінікті, күйеуіне түсініксіз “былпылға” айналдырды.


 


- Банктен қарыз алу өте ауыр күнә. Өсімқорлық Құрандағы ең ұзын аят, - деп Шернияз мешіттен естігенін айтып, әйеліне ежірие қарады.


 


Таң намазына мешітке жаман түс көргенде ғана баратын Шернияз, бүгін түс көрмесе де азанмен таңғы төртте Алла үйіне барды. Есіктен кіре мешіт ақысына екі бас намаз оқуға тұрды. Даңғаза музыка құлағын тұндырды, өзінің не оқығанын ұмытқан ол тездетіп бітіріп, терезені жапты. Қарама-қарсы аулаға орналасқан мектеп түнімен “Алтын белгілер” түнін өткізді. Жергілікті әкімдер бастап, басқада жас-жасамыс еркектер қостап, бәрі таң атырды дейді екі жігіт сыбырлап.


 


Бақтыбек имам азан шақырды, сәл пауза жасаған, даңғаза батыстық әуен мешіттің ішінде терезе жабылсада әуелеп кетті. Намаздарын әзер бітірді. Шернияз имамды етектеп өзінің бұйымтайы бойынша патуа сұрады.


 


- Шариғатта қарыз ақша алудың патуасы қандай?


 


- Не үшін аласың?


 


- Қызымды оқуға түсіру үшін.


 


- Оқытпасаң болмай ма?


 


- Қызым байбалам салып жылап, әйелім де қостап, екеуі екі жақтап басымды  әбден қатырды.


 


- Негізі қарыз алу харам, бірақ мұқтаждықтың үлкен-кішілігіне қарай патуа беруге болады. Мысалға үйіңнің төбесі түсіп тұрса... сол сияқты алмаса болмайтын жағыдайда ғана ғалымдар рұқсат береді. Сен үшін қызыңды оқыту қатты қажет болып тұрса өзің білесің.


 


Бірнеше күн ойланып жүрді, танысы Қаныштың иманни сауаты жаман емес, содан сұрап көрейін деп қолфонға жармасты. Ол “өз анаңды жетпіс үш рет астыңа салғандай ауыр күнә” - деп төбесінен қатты соққы бере “нокаутқа” түсірді. “Оданда өсімсіз қарыз беретін адамдар ізде, тамыр-таныстардан”- деп кеңес берді. Оның иегіндегі төрт-бес тал сақалы мен шолақ шалбары есіне түсіп, оны тез ұмытты.


 


Бүгінде кім өсімсіз және бірер жылға қарыз ақша береді, ол өте қиын дейді  Шернияз өзімен-өзі сөйлесіп.


 


Ғаламторды ақтарып “Муфтият кизетке” кіріп сұрақ-жауап бөліміне сұрақ қойды, жауап болмағасын қоңырау шалды.


 


- Ассалаумағалайкум, менің бір сұрағым бар еді.


 


- Уағалайкумассалам, айтыңыз, - деді қарсы бетте жас жігітің салмақты даусы.


 


- Шариғатта қарыз ақша алудың патуасы қандай?


 


- Бұл бүгінде дауы мәселенің біреуі, осы жақында аталмыш мәселе бойынша  әлемдік деңгейде ғылыми конфернция өтті, сонда Арабия түбегінен бір ғалым, сіздің сол алған ақшаны уағында қайтару қуатыңыз бар болса онда болады деді.


 


- Қарыз беретін жақ, яки өсім алатын жақ мұсылман емес қауымнан болса, сіздің мұқтаждығыңыз аса үлкен болып, амалсыздан алып отырсаңыз және оны қайтаратын тұрақты кірісіңіз болса онда ұрқсат, - деді тағы бір ғалым.


 


Шешім қабылдау өзінде қалған Шернияз шариғатта кез-келген нәрсеге шығар жол бар екен-ау. Кезінде аталарымыз “Шариғаттың сан жолы бар, ол қарағайдың шайрындай созылады”, “Молданың айтқанын істе, істегенін істеме деген” - деп өзімен-өзі тағы сөйлесті.


 


 


 


 


 


***


 


Сәбира айнаға қарады, қараған сайын қайта-қайта қарады, өзіне өзі тоймады.  Домалақ жүзі әкесіне ұқсаса да, бойы сырдаңдап өсіп, талдырмаш денесі күн өткен сайын әжесі Лизаға ұқсап барады. Биыл тоғызыншы сыныпты бітіріп, оныншы сыныпқа көшті. Сыныптастарының көбі қыздар, барлығы бірімен бірі жарыса киініп, мектепке келеді. Бұл да бар-жоғына қарамай, байдың қыздарымен бірдей киінеді. “Аттыға еріп жаяудың таңы айырылыпты” - дегендей биыл туған әкпесі Жазира оқуға түсіп, кедей отбасы екендерін көрсетіп қоя жаздады. Деседе, шешсі әкесіне айтпай қолындағы алтын жүзігі мен сырғасын сатып, оны қатарынан қалдырмады. Кішкентайынан “өзіме тартқан ” - деп шешесі бұл қызын бөтенше еркелетті. Сосын да ол әкесінен шешесіне жақын. Шешесі “Жастығым өтті, енді маған кім қарайды” - деп барын сатып, қызына соңғы модельдегі смартфон алып берді. Оқуы жайында қалды. Шешесінің сиырының сүтінен ай сайын екі жарым мың теңгеге бірлік сатып алып, күн- түн демей ғаламтордың ішін кезеді....соңғы кезде тіпті түнімен біреумен сөйлесетін болды. Әкемен шеше сезсе де қызының бетін қақпай білмегендей болды.


 


                                        


 


                                         ***


 


Теле дидарда ток шоу...Бейне рөликпен басталды....


 


Мектеп үлгісі деп балаларды алдап, бәрін жалтыр сан жасады. Әлгі “патшаның жаңа киміндегі” әккі саудагерлер сияқты мектеп формасын тіккен қулардың киімдері оқушылардың тізесіне жетпей, мекткеп іші уда-шу. Биік өкше киіп, аяғын тықылдата басақан бота тірсек апайлар өз жасын ұмытып,  бөтенше дарақыланып, айлығынан артық ақша жұмсап, сабақ үстінде қолфон шұқиды. Еліктеумен күн кешкен жеткіншектер айна алдына ерте барып сәнденді. “Бұлар кітапқа қарап, ой түзеп емес. Айнаға қарап бой түзеді” - деп атақты ғалым Асқар шыр-пыр болып отыр бірінші болып сөз алып.


 


“Сан түрлі мерекені құр жібермей тойлады. Ол кімдікі, қандай мәдениет екенімен мүлде жұмысы жоқ,” - деп жүргізуші шекесіне түскен шашын қайта-қайта сипалайды.


 


Қалалық №17 мекетептің тәрбиеге жауапты меңгерушісінің өкшесі тарсылдап осы кезде есіктен кірді. Отырғандар өтірік шапалақ шалып қарсы алды.


 


- Иә, біздер көп ұлтты мемлекетте тұрамыз, әр ұлттың мәдениетіне құрмет етіп жыл сайын әр мерекені құр жібермей тойлаймыз.


 


- Мекепте даңғаза әуенді азанмен, тіпті кейде жарым түнде де қосып дискотека жасайсыздар бұл не масқара , - деп сұрақ берді көрермен арасынан бір ата.


 


- Біздер кейде азанмен мерекеге дайындалу үшін музыка қосатынымыз рас және 25 мамырда “соңғы қоңырау” түнде музыка болатыны да шын, - дейді шашын желкесіне жеткізбей қиып тастаған сары жуан меңгеруші келіншек танауын делдитіп.


 


- Елдің қызын қырға қондырып, далаға түнетіп, ертеңгі болашақ от ананы, отанның тәрбиешісін кезбелікке үйретеді, сұмдық, - дейді ток шоуға қатысып отырған ақ жаулықты әже


 


- Біздің кезде ұлдар мен қыздар бөлек сыныпта оқушы едік, далаға түнеу тұрмақ жарты сағат кезекшілік істеп үйге кешіккен күні үйде бұрышқа тұратынбыз, ал мектепке кешіксек майданды айналдырып итімізді шығаратын. Әкелеріміздің қатал қабағынан қорыққанда қандай дір-дір етуші едік, қазіргі әкелер “мысық” болып кетті-ғой, шіркін! ..отырғандар шатырлата шапалақ соқты.


 


- Ауыруын жасырған өледі деген, мектеп жасындағы қыздардың аяғы ауыр болып оқудан жасырын шығатыны ащы болсада шындық, - деп отқа май құйя шаңырақтай бас кимі көк тіреген молдаға сөз берді жүргізуші.


 


- АстағұпрАлла, біз негізі хиджап кигендермен емес, жалаңаштармен күресуіміз керек. Құранда қыз баланның екі беті мен қолының білезігінен төмен жерінен басқасы ұятты жер екені айтылады, біздер ұятты жерін жапқандарды көргенде төбе шашымыз тік тұрып бүкіл қоғам болып соған қарсы тұрамыз, ал мектепке қыздарымыз тыржалаңашқа аз жетпей киіндіріп жібереміз. Кімде кім күнә жасауға себепші болса олда сол күнәні жасағанмен бірдей. Қыз бала санын жалтыратып мектепе барды, қанша ұл бала оған қарайды, сосын теле дидардан көргенін істегісі келеді. Солай осы айтылған мақсқаралық туындап отыр. Сіздер ойлаңыздаршы, қалтаңыздағы он мың доллардың шетін көрсетіп базарға шықсаңыз, оны көрген қанша ниеті жаман бұзақылар соңыңа түседі, Ал қыз балаңызға не әйеліңізге жалтыр сан көйлек киіп көшеге шығуы не мектепке баруы сол ақшасын көрсетіп көшеде жүрген адамға қатты ұқсайды. Солай қоғамда қылмыс туындайды, отбасы ыдырайды, болашақ бүлдіршіннің жолы қиылады. Отырғандардың бәріне бұл сөз жетседе нәпістері жібермей шапалақ шала алмай үнсіз бас изектеді.


 


 


 


 


 


***


 


“Мен білем Шернияздың” үлкен қызы Жазира былтыр “жақсы бал” жинап мемлекеттік грантқа оқуға түсті. Әкесі қуанғаннан бетіне қарап отырған бір сиырын сатып қызын жабдып қалаға оқуға апарып салды. Момақан жуас қыз қалаға барып бұзылды. “Көрмегенге көсеу таң” - деп оған барлық нәрсе сырлы болып көрінді. Гурппаластарымен бірге бір күні түнгі кулбтың да есігін ашты. Аузына ащы суды алды сол түн, қыз өзінің өмірін бос өткізіп жақтандай сезінді, содан бастап түнгі кулбқа тез-тез барды, күйеуі жоқ, басында жаулығы жоқ келіншек айналды. Сабағы күннен-күнге нашарлады, ақыры гранттан айрылды. Әкесіне қарауға беті жоқ, ауылда бары жалғыз сиыр оған қарап отырған сіңілісі Сәбира бар, ол соныкі дейді өзіне өзі. Ақылы оқу оған арман болды, ондай сиырдан бесеуін сатсада ақшасы жетпейді. Екі жыл әке-шешесіне айтпай қалада кафеде ыдыс-аяқ жуып күнін көрді, соңғы кезде алыс ауылдан қалаға жаңа келген “түк көрмеген” жуас жігіттің етегін ұстап қашып кетті. Елші келгенде бірақ білді әкесі. “Сонша бармды сатып оқыттым, сонда бізге көрсеткен рақметі осы ма” - деп әке құсадан ішіне үні түсіп көп сөзден содан бастап қалған. Өстіп жүргенде Сәбира биыл емтихан тапсырды жинағаны жүз қырықтан елу үш бал. Долданып шашын жайып құдды әке-шешсі емтиханнан құлатқандай тұлан тұтып, жер бауырлап жатқанына тура бір жеті болды. “Мені оқытпасаңдар неге тудырдыңдар” - деп бақырды. Байқұс әке жалғыз сиырына бір қарайды, қызына бір қарайды. Колледжді оқы, ол тегін екен десе “Мен ондай төмен жерде оқымаймын, достарымнан ұят” - деп аспандағы айға қолын созып, еңкілдеп жылайды...


 


Мен барымды сатып қарызданып - қауғаланып оқытып - тоқытсам оқуын бітірер - бітірмес, бір жігіттің артынан еріп қашып кетсе алдыңғысы сияқты дейді өзіне өзі. Қызды оқытқан адам ақымақ, ол бәрі бір саған нанын жегізбейді, теріңді ақтамайды деген ой оған сап ете қалды да артынша, Шернияз өз ойынан ұялды. Пайғамбарымыздың “Екі қыз бағып оны жақсы тәрбиелеп, құтты орнына қондырған ата-ана жәннаттық” - деген сөзін енді түсінді, қыз баланың тәрбиесі мен оның бақыты өте маңызды екенін рухани көзбен бізге ескерткен екен-ау жарықтық дейді ішінен. Бірақ мен.... менде “қыздарым біреудің қолына барғанда жерге қарамасын, дипломы болып өз күнін өзі көретіндей деңгейде болса, бүгінде заман басқа”...деп күмбірлеп отырды.


 


Қарыз ақша алуда Шернияз басқа жолды таңдады...                                            


 


Әйелі екі тізгін бір шылбырды қолға алып, отбасылық көшті бастады...


 


Ол үйдің құжатын қойып өсімқор банктен қарыз ақша алды, оны уағында қайтара алмай, үйінен айрылды. Банк сот орындаушыларға мың доллар беріп еді, олар үйінен бір-ақ түнде тырқыратып қуып шықты. Деседе қызы оқуға түсті. Кезінде “қаланың бірдеңесі тиіп кетеме” деп елеусіз  елді мекенді паналаған Шернияздың отбасы енді амалсыз қалаға көшіп келді. Қызының оқу орнының маңынан үй жалдады, еріксіз әйелі кафеде ыдыс-аяқ жуды, өзі арба сүйреуді бастады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу