Өлеңдер ✍️

  13.06.2021
  205


Автор: Ілияс Жансүгіров

Шал мен келіні

Шал ыңқылдап, жоқ шыдам,
Ауырады ыңыранып.
Кепкен дене, сіңір жан,
Бірде суып, бір жанып.
Шалда түнде жоқ дамыл,
Тынбай сусын сұрайды.
Жылап, зарлап, келін жүр,
Көзінен жас бұлайды.
Шалды айнала жүгіріп,
Кемсең - кемсең жылайды.
Түнде тұрып, жығылып,
Дат қылады Құдайды...
Екі өкпесі қысылып
Кетті шалдың сорлының.
Кеткен кезде тұншығып,
Келін даусы болды жым.
Лоқсып - лоқсып қан құсып,
Шал тыншыды азырақ.
Келін көзден жас ыршып,
Қоя берді азынап.
− Мұнша бейнет мойнымда,
Тәңірі, саған не жаздым?
Арылмаған соры ма
Мен сықылды бейуаздың?
− Қой, жылама, сабыр ет,
Десті абысын - ажындар,
Ауру өле бермек пе?
Атаң байғұс жазылар.
Сонда келін сөзі кеп:
− Сорлатқаны Құдайдың,
Осы әтиім тезірек
Өлмегенге жылаймын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу