Өлеңдер ✍️

  13.06.2021
  171


Автор: Мұрат Бекей

БІР ЖҰЛДЫЗ

Қанша ойлар ғарышыңның алды есін,
Жабдықтадық жаңа өмірдің сан көшін.
Ынтықтырып, түсірмеді сәулесін
Көңілімнің көгіндегі бір жұлдыз.

Сырын ұқпай көк тылсымның көз ілдім,
Айта алады онсыз жүрекке сөзін кім?
Гүлі екен ашылмаған сезімнің
Көңілімнің көгіндегі бір жұлдыз.

Қанша тағдыр тұйықталды мен білген,
Қанша қыран қанат қақты сеңгірден
Түбінде бір жанарына сендім мен
Көңілімнің көгіндегі бір жұлдыз.

Мазаламай сол түндерден қалған сыз,
Кеудемде бір үміт шамы жанды әлсіз.
Болғандаймын сені көріп армансыз,
Көңілімнің көгіндегі бір жұлдыз.

Жүрегімді емдеп жаздың езілген,
Күйкі тірлік күйбеңінен безінген.
Сөнбе енді – сұранамын Өзіңнен,
Көңілімнің көгіндегі бір жұлдыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу