Өлеңдер ✍️

  13.06.2021
  251


Автор: Марфуға Айтқожина

ЕСКЕРТКІШТЕР ҚАЛАСЫ

(Плевенді аралағаннан кейінгі ой)


Әрі таулы, әрі жазық —


Болғарлардың қаласы.


Тұнып тұрған ескерткіштер —


Даласы да қаласы.


Қаншама аттар, қанша адамдар...


Қанды қырғын, қарашы!


Әлі күнге жазылмаған —


Қалған ауыр жарасы...


Қанды түрме.


Қаһарманды шіріткен,


Бес жүз жылдай халық босып,


Үрейлене үріккен.


Бес жүз жылдай туған жерін —


Жау қылышы жаралап,


Бес жүз жылдай қара бұлттар —


Қара жаңбыр бүріккен...


Арулары азап шегіп,


Босамаған күндіктен.


Арман құсы алыс үркіп,


Азаматы дүрліккен.


Өз бағында, таң алдында —


Сайрамаған бұлбұлы,


Ашыла алмай жабығыпты,


Үлбіреген гүл біткен.


Жас қыраны топшысынан


Ерте кеткен қиылып,


Көлінде аққу жүзе алмаған


Сайран салып, күй ұғып.


Жағалауда нәзік ақ тал


Жайқалмаған жиылып,


Қалса керек содан барып


Орман үнсіз бұйығып...


Атқа қонып ұлы Ресей


Алмас қылыш асынған.


Тас ошағын талқандады


Есірік жаудың басынған.


Екі елдің туыстығы —


Басталыпты ғасырдан,


Енді өздері ескерткіш боп —


Тұрған қандай асыл жан!..


* * *


Ескерткіштер үн қатады,


Шертеді азап ащысын.


Аз көрген жоқ сұм пашаның3,


Замананың қаққысын.


Айбаттанып,


Қайраттанып,


Қатуланып тұр енді


Ғасырлардың шежіресі —


Жай қарасаң тас мүсін...


Үлкен-кіші ескерткіштер —


Қатарласқан қалашық,


Бірін-бірі толықтырып,


Тұр ма дерсің жарасып.


Жасыл орман арасынан


Көкке бойлап таласып,


Қала берді айбаттанып —


Алыстарға қарасып...


Содан бері өткен екен


Зымыраған бір ғасыр,


Білем десең мол тарихты —


Ескерткіштен тыңда сыр.


Әрқайсысы сөйлеп кетсе —


Таңдай қағып қаласың,


Тарихы жоқ ел болмайды


Ағашы жоқ шың да тұл!..


Дей алмайсың мұнда қайсы ұлт,


Қайсы жерде кім жатыр?


Сауыт киген сан батырлар


Семсер асып,


Сында тұр...


Біреу атты,


Біреу жаяу


Жауға аттанып барады,


Ел басына күн туғанда —


Сыналған ғой шын батыр!..


* * *


Айлы түн


Самал соқты сай-саладан.


Сол бір үн құлағымда қайталаған.


Тасытып, тау өзенін


Тасқындатып,


Сиқырлы саз әуенін қайта оранам!..


Мақпал түн.


Баяулаған ырғақ қандай!


Барады әлденеге құрған таңдай,


Сарылып кімді сонша сағынады,


Сөзбенен жеткізе алмас


Сыр жатқандай...


Сеземін тынышымды ұрлатқандай,


Аймалап әніменен нұр жапқандай.


Ойды ұйтқытып,


Сезімді және тербеп,


Жылатып


Әрі сені жырлатқандай...


Тыңдайды мұңлы сазды орман мүлгіп,


Өтеді сапырылып,


Ойлар жылжып...


Дүние-ай,


Тіл жетпесті


Ән жеткізген,


Тау-дағы тыңдап қалған қандай жым-жырт.


Берілген шексіз қиял тереңіне,


Жетпеген бір бейбақ па


Дегеніне?..


Күрсініп,


Мұңлы әуен үзіледі,


Махаббат қой,


Табынтқан тек өзіне!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу