Өлеңдер ✍️

  13.06.2021
  172


Автор: Марфуға Айтқожина

БАЛЫҚШЫЛАР ЖЫРЫ


Жайлы тыныс.


Ескек желі батыстың.


Кезе алмайды бұл маңайды жат ешкім.


Көк толқынға шалма тастап


Асаудай,


Жүзіп жүрді балықшысы латыштың.


Теңіз кешіп осынау бір өр таңда,


Top құрады балықшылар жалтаңға.


Тез айықты ұйқысынан


Толқындар,


Жайын ба, әлде,


Сүңгіп кеткен шортан ба?!.


Балықшылар көшті шапшаң қимылға


«Жібек тордың тиегін тарт,


Жи мұнда...»


Жігіттердің сол бір


Жіті қимылы —


Ұқсап кетті құс алатын тұйғынға.


Төккен кезде мол балықты тордағы,


(Теңізшілер үшін оның зор мәні...)


Шағалалар


Шаңқылдай кеп құйылды,


Қуанышын жасыра алмай ол-дағы.


Салып жүріп теңізшілер бар жанын,


Сүзіп алды,


Теңіздің ақ маржанын.


Жағалауға жақындады қайтадан,


Сүйсінгендей көптігіне олжаның.


Аспандата әндетеді шағала,


Осы маңға жиналыпты бала да.


Тайсалмайтын тарландары теңіздің,


Қарсы алып жүр ме олар да


Жағада!..





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу