Өлеңдер ✍️

  13.06.2021
  219


Автор: Марфуға Айтқожина

ШЕБЕР ҚЫЗДАР

(Краснокамскідегі қағаз комбинатындағы жұмысшылар арасында болғанда)


Көз ілеспейді саусағына шебердің,


Алуан түрін көрсетеді ол —


Өнердің...


Жұмысшының


Жанарындай арайлы,


Жалынға орап өтіп жатыр нелер күн.


Өңшең ару,


Өрмек тоқып жатыр ма,


Отты,


Ойнақы,


Мінездері батыл да.


Арулардың оқалы, ою кестесі,


Қояр емес,


жыр жаздырмай ақынға!..


Тамашалап тұрмыз біздер


Тамсанып,


Адам қолы іс тындырар қаншалық.


Алтын сымдар —


Саусақ тисе қоңыраулап,


Ұзақ күнге тұрады екен ән салып.


Көңілді екен,


Завод іші сырнайлы,


Станоктар —


Ұршықтайын зырлайды.


Ұқтырады көздерінен көп күйді,


Жалғыз сәтке


Текке қарап тұрмайды.


Бір өзіне дүйім жұртты қаратып,


Ақ таңдарды бауырынан жаратып.


Жұмысшылар темір тордан


Тонналап,


Ақ қағазды жатыр елге таратып!


Бұл қағаздар —


Жақсы хабар, таңдағы үн,


Отанымның қамтып жатқан жан-жағын


Бұл қағаздар —


Россияның маржаны,


Жасыл тайга,


Тербетілген орманым!..


Бұл қағаздар —


Адамның пәк арманы,


Адам үшін —


Қызмет ету бар мәні...


«Искрадан» дауылдарды боратып,


Болашаққа жол көрсеткен алдағы.


Бұл қағазда —


Толқындар бар ақ айдар,


Қуаныш — күлкі,


Ақ таңдағы арай бар.


Тұтастырып тұрған осынау әлемді


Асқақ арман,


Нұрландырған сан ойлар!..


Адам үшін —


Ақ қағаздың зор мәні,


Жан азығы,


Бақыт құсын қолдағы.


«Қара қағаз» келді десе бір кезде —


Түтін өшіп,


Қара түнек орнады...


Ел басына төнген қасірет,


Мол қайғы,


Әлі күнге ұмытпадың ол жайлы...


Ақ қағаздар —


Қолғанаты адамның,


Әркім ойын


Тек өзінше толғайды,


Ғасырларды


Ғасырлармен жалғайды!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу