Өлеңдер ✍️

  13.06.2021
  177


Автор: Марфуға Айтқожина

ҚАРА БҰРЫМ ТОЛҚЫНДАП ТІЛЕРСЕКТЕ

Арманы бір қашанда,


Тілегі бір,


Үміт артқан халқымның түлегі бұл.


Осынау қарақат көз сіңлілерім,


Алаулаған жаны — жаз,


Жүрегі — гүл!


Ертең — ана,


Болмайтын тынымдары,


Адал, нәзік,


Ақтарар сырын жаны.


Болашақ ұстаздар ол, ұлағатты,


Төгілген тілерсекке бұрымдары.


Қара бұрым төгілсе аш белінде,


Жарасады қызға да,


Жас келінге.


Бұл заманның қыздары шашын кесер,


Жалындаған сезімге мас кезінде.


Артық айтсам, арулар,


Кек санама,


Қыз қашанда бойсынған текті анаға.


Арқасында қыздардың қара бұрым


Толқып жүрсе,


Тәңір-ау, көп бола ма?!


Мақтанышпен қарасын досың келіп,


Қызғанышпен қарасын қасың көріп.


Кесе көрме қызығым,


Бұрымыңды,


Жарасады жүргенің шашынды өріп.


Жастығың,


Сұлулығың,


Кестелерің,


Шашынды жөн болады кеспегенің.


Шашың тұрса төгіліп аш белінде,


Деп білемін салтымның өшпегенін!..


* * *


Қара бұрым толқындап тілерсекте,


Не бір ару еленбей жүрер шетте.


Жөн болады қыздарға ақыл айтқан,


Еркелетіп,


Тым еркін жіберсек те.


Еркеліктің қадірін,


Білмей шегін,


Солғанына өкінем гүлдей сезім.


Алдана ма, әлде бір Арсыздық па,


Мұндай іске ешқашан күлмеуші едім.


Қазақ үшін керек қой өтімді ана,


Кейде жаспен жуады бетін дала.


Бойжеткеннің бәрі де текті болса,


Қайдан келді әкесіз жетім бала.


Жетімдіктен өмірде бар ма жаман,


Жетім қал деп аналар қарғамаған.


«Тірі жетім» балалар көбейген соң,


Жатырмыз ғой үй салып, арнап оған.


Қамтып, әйтеу,


Қолдағы барды иелеп,


Жатыр оны адамдар тәрбиелеп...


«Тастанды» деп біреулер атаса оны,


Қадалғаны емес пе жан-жүйеңе оқ


Керген кезде «жетімдер» үйін барып,


Жындануға сәл қалдым,


Құйынданып.


Балалардың кетпе деп жылағаны,


Тұрып алды шырқырап миымда анық.


Болсам дағы бір көрген өзім «бөтен»,


Үйге оралып,


Сан алуан сезім кешем...


Өзіме-өзім сұрақты жаудырамын,


Қандай едің деп тым жас кезінде сен.


Орнағандай осы сәт басыма түн,


Гүлдеріме қарадым ашылатын.


«Оң жақтағы» қыз жүкті болды десе,


Бар ауылға таңба боп басылатын.


Құлағыма жеткендей майда бір үн,


Кешегі бір намысшыл қайда күнің?!


Ер жігіттен шықпас-ау ондай әдет,


Ақылды қыз,


Өзіңді ойла бүгін..!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу