Өлеңдер ✍️

  12.06.2021
  188


Автор: Марфуға Айтқожина

АЙНАЛАЙЫН

(Толғау)


Айналайын!


Баураған бауырыңнан,


Бауырында айыққан ауру жан.


Туған ауыл тынысын,


Тіршілігін,


Тыңдаймын үдеп соққан дауылыңнан.


Айналайын!


Кешіргіш жүрегіңнен,


Сезіміңді оранып жүремін мен.


Жүрегіңнің лүпілін үзбей тыңдау —


Адам үшін бақыт қой, біле білген.


Анаға тән аңғарғыш бала сырын,


Сол сырға қанық сенін қарашығың.


Мейірің ғой жүретін аңсаттырып,


Сол аңсау ғой,


Өзгермей қалатұғын.


Жалғыз сөзін жанымды тынықтырар,


Бар шындықты өзіндей кім ұқтырар.


Күнің дағы ерекше күліп шығар,


Көлдерің де көлдерден


Тұнық шығар!


Айналайын!


Ып-ыстық бауырыңнан,


Бауырында айығар ауру жан.


Қайта оралған аққуың мен болармын,


Абайсызда көз жазған дауылыңнан!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу