Өлеңдер ✍️

  12.06.2021
  194


Автор: Марфуға Айтқожина

ОЙ ЫҚТАҒАН КӨҢІЛДЕ МҰҢ ҚОЮЛАП..

Ақын едім жұптасқан жұртыменен,


Mice тұтпас тірлікті сырсыз-желең.


Ой ықтаған көңілде


Мұң қоюлап,


Күзгі аспандай жабығып жүрсің неден.


Күзгі аспандай жабығып жүрсің неден,


Жүрегің бар жыр десе дүрсілдеген.


Еске түссе туған жер кіндік кескен,


Кем де кем-ау күндерің


Күрсінбеген.


Сияқтанып шайқалған қара жорға,


Өмір озып арындап барады ол да.


Жолаушы едім жел аптап,


Күн қақтаған,


Өз тағдырын сынайтын дара жолда.


Ұзақ па екен бұл сапар,


Қысқа ма екен,


Осы жолды әйтеуір құшқан екем.


Биігіне арманның қол созамын,


Демесем де аспанда құсқа жетем.


Құшқан екем жарымдай,


Бауырымдай,


Оранғам жоқ өмірдің дауылын жай.


Ата мекен төрінде отырсам да,


Болмайды екен туған өз ауылыңдай!


Қайран менің күндерім,


Қызу-батыл,


Бояуы жетпес себебін сызуға тіл.


Жүрегімнің түбінде айықпайтын,


Мұзына тең Мұзарттың


Мұңым жатыр...


Кім бар дейсің бұл мұңды ұғынатын,


Көз жасым кел,


Өте алмас жүзіп атың.


Көлеңкеде өскен бір жапырақ ем,


Күннің көзін аңсаған,


Шұғыласын.


Қанша биік болғанмен тұрақ бүгін,


Сүзіп ішкен күндер-ай, бұлақ суын.


Жиырмада көзіме жас алмап ем,


Елуімде,


Туған жер,


Жылап тұрмын...


Кешір мені,


Туған жер,


Кешір, Анам!


Есейгенде жияды есін адам.


Бұлт қонатын шындарға мен өлеңнің,


Қондырсам деп келемін кешін аман!


Ақын едім жұптасқан жұртыменен,


Mice тұтпас тірлікті, сырсыз-желең.


Ой ықтаған көңілде


Мұң қоюлап,


Күзгі аспандай жабығып жүрсің неден




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу