Өлеңдер ✍️

  10.06.2021
  325


Автор: Ілияс Жансүгіров

Әншіге

Өлеңге көңілің құмар, даусың жытар,
Созылтып ән мұржасы созсаң зытар.
Ән сүйгіш, жылы көңіл, сөзге таңсық
Жылпыңдар жылы сөзді неге ұмытар?
Тамырды солқылдатып, ойды қозғап,
Жүректі тебірентіп, ішті жылытар.
Қайғылы, мұңды, өнерлі, шерлі жанға
Ой салар, ойын түртер, жыбыршытар.
Еліртер, екілентер, елжіретер,
Толғантар, толғақ салар, толықсытар;
Аспанға ащы даусың шырқап, қалқып,
Қоңырлап, көмей қайта аңыратар.
Зарлының екі көзін мөлдіретіп,
Болса да елжіретер бейлі шын тар;
Салған ән магниті тұрған көпті
Баладай тербеу жеңген бір тыншытар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу